Бүгін аудан әкімдігінде түрлі келеңсіздіктің алдын алып, сотқа жеткізбей шешу жолында елеулі іс атқарып жүрген аудандық Билер алқасының отырысы өтті.
«Сотқа дейін және соттағы татуластыру рәсімдері» тақырыбындағы шараға аудан әкімі Дархан Ермағанбетов, аудандық сот төрағасы Арыстан Жәмиев, Билер алқасының төрағасы Аманжол Адаев, мәслихат төрағасы Камшат Ермағанбетов қатысты.
Жиын басында сөз алған аудан басшысы аудан аумағы көлемінде құрылған Билер алқасы халықпен тығыз байланыста болып, ел ішінде ынтымақты ұйытуға атсалысып жүргенін тілге тиек етіп, Билер алқасының құрамына алғысын білдірді
—Сіздердің аудан аумағында қандай мәселе орын алмасын, сол істің басы-қасынан табылып, ақыл-кеңестеріңізді айтып, бізді дұрыс жолға бағыттап отыратын кездеріңіз көп болды. Өткен жылы аудан аумағында төтенше жағдай орын алған сәтте су басқан ауыл тұрғындарымен сөйлесіп, билік пен халық арасында көпір болып, мәселенің шешімін оңынан шешуге атсалыстыңыздар. Сіздерге алғыс білдіремін, — деді Дархан Ермағанбетов.
Құрылғанына жеті жыл уақыт болған Билер алқасының осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары туралы баяндама жасаған алқа төрағасы Аманжол Адаев билердің басты мақсатына тоқталып өтті.
—Билердің мақсаты — елдегі ұлттар мен ұлыстар арасындағы ынтымақ пен бірлікті, ұрпақтар сабақтастығын сақтап, өскелең ұрпаққа өнегелі жол көрсету. Түрлі жағдайларда орын алатын жастар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың, ажырасу, тұрмыстық зорлық-зомбылық секілді келеңсіз жәйттердің алдын алу. Қоғамдағы билердің, ақсақалдардың рөлін арттыру, құзырлы органдардың жұмыстарын сәл де болса жеңілдетіп, тұрмыстық мәселелерді дер кезінде шешу. Біз қай кезде де осы аталған мәселелердің басынан табылып, ақыл-кеңесімізді беріп, төрелігін айтып жүрміз, — деді Аманжол Шүнгілұлы.
Мінберге шыққан сот төрағасы Арыстан Жәмиев билердің атқарған жұмыстарына тоқталып, өткен жылы билердің араласуымен сотқа түскен түрлі іс-қағаздардың 21 пайызы татуластықпен аяқталғанын жеткізді.
Шара соңында аудан әкімі Дархан Ермағанбетов Билер алқасының төрағасы Аманжол Адаевқа, мүшелері Құралбай Байсұлтановқа, Шамшат Әбдірзаққа, Нұрибай Сәрсеновке, Төлеулі Махимовқа, Сәбит Нұрбаевқа, хатшысы Жұмагүл Асабаеваға Алғыс хат және куәлік тапсырды.
Сондай-ақ аудандық сот төрағасы Арыстан Шағбанұлы Билер алқасының бұрынғы мүшелері Құттықия Ешауов пен Әділхан Қартжановты Алғыс хатпен марапаттады.