Азаматтарға жергілікті бюджетті жоспарлау мен оны пайдалануға тікелей қатысуға мүмкіндік беретін бұл жоба аясында өткен жылы Қандыағаш қаласы «Достық» мөлтек ауданы №20, 21 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылған. Бұл туралы Қандыағаш қаласы әкімдігінің мамандары айтты.
Жоба аясында қала тұрғындары өз аймақтарындағы қажеттіліктерді атап көрсетіп, арнайы ұсыныстар жасай алады. Айталық, көпқабатты тұрғын үйлер мен көшелердің аумағын көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру бойынша ұсыныстарын Мұғалжар ауданы әкімдігінің www.gov.kz сайтына жолдай алады. Ұсыныс сол жердің тұрғындарының дауыс беру нәтижесінде жүзеге асырылады.
—«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына ұсыныс қабылдау осы жылдың 20 қаңтарынан бастап 1 наурызына дейін жүргізіледі. Ал 2 наурыз бен 5 сәуір аралығында келіп түскен жобалық ұсыныстарға сараптамалық кеңес құрамы талдау жүргізеді. Сәуірдің 6-24 аралығында электронды түрде дауыс беруге мүмкіндік болады. Егер сол аумақтың 50 пайыз тұрғыны қолдап дауыс беретін болса, ұсыныс қолдау тауып, жоғарыда аталған жұмыстар жасалады. Осы жылы тұрғындардың дауыс беруі арқылы «Жастық» мөлтек ауданы №7 «А» көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңы, қоқыс жәшіктері және жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі, — деді қала әкімі Қазбек Аққайыр.
Айта кету керек, ұсынылған жоба қолдау тапқан жағдайда бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі 1500 АЕК-тен аспайды.
Н.ТІЛЕП