Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Білімді ұрпақ қалыптастыра алған мемлекет қана талабы мен талғамы күн санап жоғарылап отырған мына заманның бар қиындығын тізе бүктіріп, әлемді мойындата алады» деген еді. Білектінің емес, білімдінің бәсі биік заманда біз де өзгелерге үлгі ету мақсатында мұғалжарлық білімді, белсенді, үздік деп танылып жүрген оқушыларды газет бетіндегі «Біздің мақтаныш» айдарына шығарып, жетістіктерімен бөліскенді жөн көрдік. Ендеше, айдардың алғашқы кейіпкері Еңбек ауылдық округіне қарасты Сағашилі ауылындағы Сағашилі орта мектебінің 10-сынып оқушысы Назерке Батырханова.
Болашақта журналист болуды армандайтын Назерке мектебіндегі үздік оқушылардың қатарында. Сабақты жақсы оқып қана қоймай, сағашилілік оқушы көптеген білім жарыстарының, шығармашылық байқаулардың үздігі де атанды. Мәселен, 2021 жылы «Балдәурен» республикалық балалар мен жасөспірімдер сайты ұйымдастырған 1-11 сынып оқушылары арасында өткен пәндік олимпиадада жүлделі І орын иеленсе, 2022 жылы «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» тіл фестифалі аясында өткізілген «Оралхан Бөкей – тіл шебері» аудандық байқауына белсене қатысып, өзін тіл жанашыры ретінде танытқаны үшін ІІ дәрежелі, сол жылы «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» тіл фестифалі аясында өткізілген «Мұқағали Мақатаев» атындағы аудандық байқауына қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал 2023 жылы 8-11 сынып оқушылары арасында өткен республикалық «Әбіш оқуларының» аудандық кезеңіне қатысып, І орын, облыстық кезеңінен жүлделі ІІ орын алған. Сонымен қатар республикалық ІІІ «Абай әлемі» шығармашылық байқауының аудандық кезеңінен І орын, облыстық кезеңінен ІІ орын, республикалық кезеңінен жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Ал 2023 жылғы жетістіктерінің қатарында 7-11 сынып оқушылары арасында өткен «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының аудандық кезеңінің «Жас қаламгер» бағыты бойынша иеленген ІІІ орны мен «Жаңа Қазақстан» республикалық дарынды жастарды қолдау ұйымының ұйымдастыруымен өткізілген «Мағжан оқулары» байқауындағы үздік өнер көрсеткені үшін ал-ған І орны да бар.
Сондай-ақ ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне қатысып, жүлделі І орынмен марапатталды. Назерке және мектепішілік «Ұшқыр ой» дебат клубының, «Балалар және театр» клубының белсенді мүшесі.
Бүгін уақытын білім алуға арнап жатқан ол ертеңгі күні үлкен маман болуды мақсат еткен. «Төртінші билік» атанған журналистика саласы өзімді қатты қызықтырады. Елдің дамып, қоғамның жақсы жаққа өзгеруі жолында тілшілер қауымының қосар үлесі зор деп білемін. Себебі айтылған сөз бен жазылған мақала – үлкен қару. Сол себептен де болашақта журналистика саласын таңдамақпын», — дейді білімді Назерке.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ