Бүгінгі таңда өңірде 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны 266 835 адамды құрайды, бұл жалпы тұрғындардың 28,2%.
2024 жылы 23 мыңнан аса жас жұмыспен қамту шараларына тартылып, бұл жалпы жұмыспен қамтылғандардың 41%-ын құрады. Әсіресе, бос жұмыс орындарына 11,5 мың жас, жастар практикасына 2 мыңнан аса жас, қоғамдық жұмыстарға 2 мың жас және әлеуметтік жұмыс орындарына 600-ден астам жас орналасты. Сонымен қатар, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 208 жас, ал «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 90 жас жұмысқа орналастырылды.
Өңірдегі жастар жұмыссыздығының деңгейі 2,2%-ды құрап, бұл көрсеткіш жылдық есеппен салыстырғанда төмендеді. NEET санатындағы жастар үлесі де 6,2%-ға дейін азайды. Бұл санаттағы жастарды қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар белсенді түрде жүзеге асырылуда.
Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін де бірқатар шаралар іске асуда. «ZHAS PROJECT» жобасы аясында 28 жас өз әлеуметтік жобасын жүзеге асыру үшін 1 000 000 теңгеге дейін шағын грант алды. Сонымен қатар, «Бастау бизнес» жобасы бойынша 3 223 жас кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 220 жас 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды.
«Жасыл ел» бағдарламасы аясында да жастарды маусымдық жұмыспен қамту жалғасуда. 2024 жылы 218 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда 2 050 жас уақытша жұмыспен қамтылды.