Қосылған құн салығы мөлшерлемесінің қымбаттауына қатысты әлі нақты шешім айтылған жоқ. Әуелде 20 пайыз делінген мөлшерлеме кейін 16 пайыз межесінде белгіленетін секілді. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткен аптада Алматыға келген сапарында 16 пайызға да дайындық бар екенін айтты. Министрдің айтуынша, инфляция қазіргі деңгейден 3-3,5 пайыздан аспауы керек. 20 пайыздық деңгейдегі индексация жағдайында 800 млрд теңге керек еді. Бірақ бюджетке кіретін қаржы одан да көп. Қазір 16 пайыздық деңгейдегі керек қаржы – 600-650 млрд теңге. Қысқасы, Үкіметте осыған дейін айтылып келген 16-20 пайыз жағдайында қандай шешім қабылдау қажеттігіне бағдар беретін карта бар. Одан төменгі пайызда жағдайымыздың қандай болатынын айқындайтын карта әлі ашылған жоқ.
Сарапшылар салықтың жаңа деңгейі енді ғана ес жиып келе жатқан бизнесті бөлшектеп жіберетінін жиі айтатын. Министр С.Жұманғарин мұндайға жол берілмейтінін, Қаржы министрлігі бөлшектенудің алдын алатын тетіктерді ойластырып жатыр деп мәлімдеді.
«Көлеңкеге бейім бизнестің санаты бізге белгілі. Соған жауап беретін 4-5 министр өздеріне қатысты жоспар жасап жатыр. Құрамында министрлер бар жұмыс тобы аймақтарға шығады, бизнес-қоғамдастықтың пікірін біледі. Соңғы шешімде бәрі ескеріледі», деді С. Жұманғарин.
Еуразиялық биржалар федерациясының бас хатшысы Константин Сароян өткен аптада Алматыда өткен жиында салық саясатына қатысты әрбір жаңалық Еуропа елдерінің назарында тұрғанын айтты. Оның айтуынша, тиімділігі мен ашықтығын арттыру үшін бірінші кезекте ішкі нарықта уақытша салықтық ынталандыруларды қарастыру қажет.
«Салық және инвестиция дипломатиясының әлеуеті маңызды. Дипломатияның бұл түріне сарапшылар жұмсақ күш деп баға бергенін білеміз. Сырттан келген инвестор бірінші кезекте отандық компаниялардың активтеріне назар аударатындықтан, салық дипломатиясының да, инвестициялық дипломатияның да мүмкіндігін барынша пайдаланғаны дұрыс. Қазақ бизнесі әлемдік нарықпен осы тетік арқылы ғана интеграцияланады», дейді К.Сароян.
«Президенттеріңіз Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеде Үкіметтің емес, кәсіпкерлердің пікіріне назар аударып отыр. Айналымдағы қапиталы 15 млн теңгеден аспайтын нысандарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуіне мүмкіндік беруі олардың шағын бизнеске, шағын бизнестің орта бизнеске трансформациялануын тездетеді. Дамыған елдерде мұндай тәжірибе бар», дейді Константин Сароян.
Оның айтуынша, салық мөлшерінің саралану тәжірибесінде қатып қалған тәртіп жоқ. Бұл – үнемі қозғалыста болатын процес. Мұндайда оңтайлы сәтті ұстап қалғандар ғана ұтады.
«Мұны салық деңгейі бойынша тікелей жеңілдіктер жасау арқылы да, пайдадан алынатын салықты екі есе қысқарту жолымен де жасауға болады. Салықтық ынталандыруларды нақты елдің тәжірибесіне сүйене отырып қарастыру және таңдау қажет. Дамыған елдердің нарығын, мемлекеттік құрылымын дамушы елдермен салыстыруға болмайды. Мысалы, АҚШ, ЕО елдері шенеуніктерді қысқартусыз-ақ кез келген қиындықтан шыға алады. Тіпті инфляция 100 пайызға көтеріліп кетсе де, экономикалық ресурстары халқына қымбатшылықты, бюджетіне тапшылықты сездірмейді. Қазақстанға экономиканың науқасына не себеп болғанын нақтылап алу керек. Содан кейін ғана салық деңгейінің жаңа көрсеткішінің экономикаға әсері нақтыланады. Экономикаларыңыздың шикізатқа тәуелділігі, мемлекеттің әлеумет алдындағы жауапкершілігі, экономикадағы мемлекеттің үлесінің көптігі нарықтың дамуына кедергі келтіріп жатыр», дейді шетелдік спикер.
Салық саясатына қатысты қайта қарауды қажет ететін тұстар өте көп екенін сарапшылардың біразы айтып жатыр. 2024 жылы бюджет тапшылығы 30%-ға өсіп (2023 жылы 2,8 трлн теңге болған еді), 3,6 трлн теңгеге жетті. Бюджет «жыртығын» өсіп келе жатқан қарыздармен жабуға дағдыланып бара жатырмыз. 2024 жылы Қаржы министрлігі 7,5 трлн теңге мемлекеттік қарыз алды. Қарыздың өсуімен оған қызмет көрсету шығындары 4,4-тен 5,9 трлн теңгеге дейін дейін өсті. Борышқа қызмет көрсету шығыстарының үлесі 12,9%-дан 16,9%-ға дейін өсті. 2025 жылы Қаржы министрлігі ішкі нарыққа қосымша 6,9 трлн теңге тартуға ниетті. Тағы 2,5 млрд доллардың облигациясын өтеу керек. Мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығындары бюджеттің шығын бөлігіндегі ең көп шығын болады. Күрделі фискалдық жағдайда салықтың өсуі Үкіметтің мемлекеттік қарызды толтыру есебінен ақша алуға деген тәбетін төмендетуге тиіс.
Кейбір сарапшылар доллар эмиссиясы әлеуметтік-экономикалық бағыттағы реформаның қателігін жауып келгенін айтады. Біздің нарықтың кеңістігі шектеулі, ойын ережесін қыздыратын ұлттық инвесторлар аз. Ішкі нарықта ұзақ жылдық тарихы бар проблемалардың кері зардабымен бетпе-бет қалып отырмыз.
Ішкі нарық пен бизнеске «балық берме, қармақ бер» деген қағидаға сүйену қажеттігі салық мөлшерлемелеріне қатысты айтылып жатқан пікірталастардан байқалып тұр.
АЛМАТЫ