«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯ – АУЫЛДА

Газетіміздің өткен нөмірінде «Таза Қазақстан» акциясының орындалуы жөнінде көлемді мақала жарияланған еді. Ол мақалаға аудан аумағындағы үш қаланың тазалығы арқау болды. Енді араға апта салып, ауылдық округтерде атқарылған сенбілік жұмыстары туралы жазғанды жөн көрдік.

«Таза Қазақстан» акциясы аудан аумағындағы ауылдық округтерде де ұйымдастырылуда. Айталық, Құмжарған ауылдық округі бойынша жалпы көлемі 478 тонна қоқыс арнайы алаңдарға шығарылған. Бұл туралы айтқан ауыл әкімі Қанағат Қалиев аталған акция аясында күзді күні Бірлік ауылына 450 түп тал көшеті отырғызылғанын мәлімдеді. Оның 200-і орталық стадионға, 250-і мектеп ауласына егілген.

Округ аумағынан жиналған қоқыстарды сыртқа шығаруға бес арнайы техника жұмылдырылды. Аталған жұмыстардың барлығы демеушілік бойынша атқарылды. Алдағы уақытта ауылға арнайы қоқыс жәшіктерін орнатуды жоспарлап отырмыз, — деді ауыл әкімі Қанағат Қалиев.

Ал Жұбанова ауылдық округінде аталған акция аясында ауыл ішіндегі апатты жағдайда тұрған екі үй бұзылып, үйінді орнынан алты тонна қоқыс шығарылған. Өткен жылы күзде атқарылған сенбіліктер аясында ауылдан 450 тонна қоқыс шығарылып, сыртқа тасылған. Ауыл әкімі Ләззат Бердібаева ауылдық округте қоқысқа арналған 5 контейнердің барын айтты.

Сенбілік жұмыстарына жалпы саны 122 адам жұмылдырылды. 500 ағаш көшеттері мен 35 гүлзарлар отырғызылды. Ағаштар «Орқаш орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесі арқылы тегін берілді. «Таза Қазақстан» акциясы жүйелі жоспар құрылып, оны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Көктем кезінде жоспарға сәйкес, «Таза өлке» күні тұрғындар және мекеме қызметкерлері өз аумақтарын, аулаларын тазалау жұмыстарын жүргізеді. «Киелі мекен» акциясы аясында тарихи-мәдени ескерткіштер маңын абаттандырамыз. «Жасыл аймақ» деп аталған бөлігі бойынша ағаш көшеттерін отырғызып, қураған бұтақтарды кесіп, ағаш діңгектерін ақтаймыз. «Өнегелі ұрпақ» күні ардагерлердің, қарттардың ауласын тазалауды көздеп отырмыз, — деді ауыл әкімі Ләззат Ертілесқызы.

Егіндібұлақ ауылдық округіне келер болсақ, округ аумағынан жалпы көлемі 600 тонна қоқыс шығарылған. Акция басталғалы 9 рет сенбілік өткізіліп, ауыл көшелері, аулалар, мекеме аумақтары тазаланған. Сонымен бірге көктемгі су тасқыны кезінде су басқан екі үйдің орны сүріліп, тұрмыстық қатты қалдықтары арнайы орындарға шығарылып, округке қарасты елді мекендердің көшелері тегістелген. Ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Ләйлә Мұсаева сенбілік жұмыстары кезінде жиналған қоқыс қалдықтар демеушілік бойынша «АМК Групп» ЖШСінің, Назерке» және «Уәли» шаруа қожалықтары көмегімен арнайы орынға төгілгенін жеткізді.

Ал Ащысай ауылдық округінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында жұмыстар қарқында жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Ауыл әкімі Баймұрат Оразов күз мезгілінде жүргізілген сенбілік кезінде 150 тоннадан астам қоқыс қалдықтары арнайы орындарға шығарылғанын айтты.

Округ аумағындағы елді мекендерге жалпы саны 10 қоқыс жәшігі қойылды. Сенбілікке 60 адам жұмылдырылып, 300 түп тал көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ акция аясында көл жағалары, ауыл маңдары, мәдени ескерткіштердің айналасы тазаланып, жаңғыртылды. Ал тал кесу, жолдарды күтіп ұстау, қыс мезгілінде ауыларалық жолдардағы қарды аршу жұмыстарын «Ислам» шаруа қожалығы атқаруда, — деді ауыл әкімі.

Акция аясында атқарылатын сенбілік жұмыстары Еңбек ауылдық округінде де қызу жүруде. Тазалыққа бей-жай қарамайтын ауыл тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысып, қыс басталғалы жолдардың шеттері мен көрікті орындарды қардан тазалауға атсалысуда. Округ әкімдігінің маманы Айсұлу Есенғожинаның айтуынша, қазіргі уақытта ауылдың кіреберіс жолын күтіп ұстау жауапкершілігі «Әкімбай Айбол» жеке кәсіпкерлігіне жүктелген. Бұл жолды күтіп ұстауға бюджеттен 15 983 333 теңге көлемінде қаржы бөлінген. Ал «Басшилі-Разъезд 315», «Темір көпір бекеті -Тепсең Қарабұлақ» ауыларалық және ауылішілік жолдарды «REALLS» ЖШС-і қардан тазалап, күтіп ұстау жұмыстарын жүргізеді.

Аудан орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан Талдысай ауылдық округінде де күз мезгілінде сенбілік жұмыстары қарқынды жүргізілген. Ауыл әкімі елді мекендерде тазалықты қамтамасыз ету мақсатында өткізілген сенбіліктерге ауыл тұрғындары белсене қатысқандарын жеткізді.

-Ауылдағы мектеп, балабақша, спорт нысандары, ауылдық дәрігерлік амбулатория және әлеуметтік қорғау сынды мекемелердің қызметкерлері түгелдей сенбілік жұмыстарына жұмылдырылды. Талдысай ауылы бойынша 162 ауланың іші-сырты тазаланып, мекеме маңы ретке келтірілді. Ауылда 500 түп жас көшет отырғызылды. Сенбілік барысында арнайы қоқыс алаңына 850 тонна қоқыс қалдықтары шығарылды, — деді ауыл әкімі Айбек Мұқанов.

Жұрын ауылдық округінің әкімі Рамазан Үргенішбаев акция аясында бекітілген сенбілік жұмыстардың барлығы жоспар бойынша орындалғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, округ орталығы Жұрын ауылына қоқыс төгуге арналған 3 контейнер қойылып, 500-ге жуық тал көшеттері отырғызылған. Сонымен бірге ауыл маңы, өзен-көл айналасы, зират басы жиналған.

Ал Ақкемер ауылдық округі бойынша мектеп ауласына, мәдениет үйіне 150 түп тал отырғызылса, округ мекемелері бойынша 40 адам сенбілік жұмыстарына тартылған. Жиналған тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орынға шығару үшін төрт арнайы техника тартылған. Ауыл әкімі Дамир Қожаниязов сенбілік жұмыстары кезінде тартылған техникалардың барлығы демеушілік тарапынан тартылғанын тілге тиек етті.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Құмсай ауылдық округінің орталығы Құмсай ауылында орналасқан әлеуметтік нысандардың айналасы, саябақтар іші қоқыстан тазартылып, сынған ағаштардың бұтақтары жиналған. Сенбілік жұмыстарға құмсайлықтар түгелдей қатысып, ауызбіршіліктерін көрсеткен. Ауыл әкімі Нағымет Сатаев ауыл аумағындағы мекемелердің аулаларына 300 түп сирень және теректің көшеттері отырғызылғанын мәлімдеді.

«Таза Қазақстан» акциясына құмсайлықтар белсенді қатысты. Ауыл тұрғындарының демеушілігімен 250 тонна қоқыс арнайы орындарға шығарылып, көше бойына 3 үлкен және 6 кішкене қоқыс жәшіктері қойылды, — деді округ әкімі.

Экологиялық акция аясында Батпақкөл ауылдық округіне қарасты Саға ауылының кіреберісіне, аумағы 3,5 гектар жерді қамтитын жерге 1000 түп тал көшеті отырғызылған. Ауыл әкімі Мейрамбек Боқашев аталған көшеттер «Өріктау Оперейтинг» ЖШС-нің демеушілігімен егілгенін айтты.

Жағабұлақ, Саға, Жаркемер, Қожасай ауылдарындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаруға округ аумағында орналасқан кен орын мекемелері, «СНПС-АМГ» АҚ-ы, «ҚазақОйл-Ақтөбе», «ҚазТрансОйл» ЖШС-тері демеушілік көмек көрсетті. Бүгінгі таңда Жағабұлақ ауылында барлығы 11 қоқыс жәшігі бар. Тағы бір айта кететін жайт, ауылдағы сенбілік жұмыстарға бастамашыл болып, ұйымшылдықпен өтуіне, техникалармен қамтылуына ауыл тұрғыны Мереке Шотовтың жасап жатқан еңбегі зор, — деді округ әкімі.

Қайыңды ауылдық округі бойынша жалпы көлемі 1000 тоннаға жуық қоқыс арнайы алаңдарға шығарылған. Бұл туралы айтқан ауыл әкімі Нұрболат Жалғас аталған акция аясында күзді күні 450 түп тал көшеті отырғызылғанын мәлімдеді.

Округ аумағынан жиналған қоқыстарды сыртқа шығаруға 3 арнайы техника жұмылдырылды. Аталған жұмыстардың барлығы демеушілік бойынша атқарылды.  Ал ауыл тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысып, қыс басталғалы жолдардың шеттері мен көрікті орындары қардан тазалауға атсалысуда, — деді ауыл әкімі Нұрболат Жалғас.

Оның сөзінше, Қайыңды ауылындағы орталық стадионға 100 түп тал, мектеп ауыласына 50 түп қара ағаш, 50 түп терек отырғызылған. Сонымен бірге Алтынды ауылындағы «Кеншілер» саябағына 300 түп тал көшеті егілген. Сенбілік кезінде Қайыңды ауылынан 525 тонна, Алтынды ауылынан 515 тонна қоқыс арнайы орындарға «AltynEx Company» АҚ-ы демеушілікпен шығарылған. Ал қоқыс шығаруға 6 арнайы техника жұмылдырылды.

Мұғалжар ауылында өткен жылдың күзінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында бірнеше маңызды іс-шаралардың жүзеге асырылғанын айтқан ауыл әкімі Әлімжан Қорғанбай сенбілік жұмыстарына ауылдағы бюджеттік мекемелердің қызметкерлері, теміржолшылар, ерікті жастардың атсалысқанын мәлімдеді.

Ауыл маңындағы қиыршық тас өндіретін зауыттар көмегімен ауылдағы барлық жеке тұрғын үйлердің аулаларындағы күл-қоқыс, мал тезектері тегін арнайы орынға шығарылды. Негізі ауылдағы жеке тұрғын үйлердің қоқыстарын тегін шығару үш жылдан бері жалғасып келеді. Атап айтатын болсақ, ауыл ішіне 700 түп тал егілді. Бұл шараның басты мақсаты — ауылдың көркін арттырып, экологиялық жағдайды жақсарту. Талдар отырғызылған аумақтың барлығы да саябақтарға, қоғамдық орындарға айналдырылып, тұрғындарға таза ауа мен жайлы демалыс алаңдарын ұйымдастырып отырмыз, — дейді ол.

Сонымен қатар ауылдағы тарихи ескерткіштерге де ерекше назар аударылған. Ауылдың тарихи мұрасын сақтау мақсатында ескерткіштердің айналасы тазаланып, қоршалған аумақтары жаңартылыпты.

Ауыл жолдарын, көшелерін қыс мезгілінде қардан тазарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Әсіресе, төрт негізгі мекеменің демеушілігімен бірлескен жұмыс маңызды рөл атқарады. Әр мекеме өз аумағында қарды тазарту жұмыстарын ұйымдастырып, ауылдың көркін сақтауға, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуда. Бүгінде ауылдағы балабақша мен мектеп, әлеуметтік нысандар аумағы тұрақты түрде қардан тазартылып, тұрғындардың жүріп-тұруына мүмкіндіктер жасалуда, — деді ауыл әкімі.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

 

Ұқсас ақпараттар

БОЛАШАҚ МАМАНҒА — БАҒЫТ-БАҒДАР

admin_mugalzhar

Huawei бренді ең озық камераға ие HUAWEI nova 9 SE смартфонының шығарылымы туралы жариялады

admin_mugalzhar

Универсиада ойындарында Қазақстан қоржынына қос медаль түсті

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.