Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген Ембі қалалық мәдени орталығы қайта ашылды. Көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аталған мәдени нысанда салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік іс-шараға аудан әкімі Дархан Ермағанбетов, Ақтөбе облыстық мәслихат депутаты Наурызбек Сарбасов, Ембі қаласының әкімі Райымбек Мусағали қатысты. Мерекелік іс-шараға жиналғандарды аудан әкімі Дархан Жанысханұлы ардақты аналар мен қыз-келіншектерді төл мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ, олардың тек отбасының ұйытқысы ғана емес, бүкіл қоғамды алға сүйрейтін, елдің бірлігін күшейтетін, берекесін молайтатын қуатты қозғаушы күш екенін жеткізіп, ізгі лебізін білдірді.
Іс-шара барысында ауданда әр салада табысты еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер марапат төрінен көрінді. Мерекелік іс-шара одан әрі Ембі қалалық мәдени орталығы қызметкерлерінің нәзік жандылардың құрметіне арнаған концертіне ұласты.
Сондай-ақ, мерекелік іс-шараға келген барлық қатысушыларға гүл шоқтары ұсынылып, ардақты аналар мен қыз-келіншектерге құрмет көрсетілді.