Қандыағаш қаласы мен оған қарасты елді мекендердегі кәсіпкерлердің жұмысын тиімді ұйымдастыру және сапалы қызмет көрсету мақсатында Мұғалжар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен бірлескен семинар өтті. Семинарды аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Радина Иржан ашып, соңғы санитариялық талаптар мен өзгерістер туралы баяндама жасады. Басқарманың бас маманы Айнагүл Темірбаева жаңа ережелер мен нормаларжайында егжей-тегжейлі түсіндіріп, кәсіпкерлердің санитариялық стандарттарды орындауының маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, аудандық кірістербасқармасыныңбөлімбасшысы Аян Жалдыбеков жаңа салық режиміне көшу тәртібі туралы айтып, оның артықшылықтары мен ерекшеліктеріне тоқталды. Ол кәсіпкерлердің салық міндеттемелерін тиімді орындауына көмектесетін нақты ақпаратпен бөлісті. Семинарға қатысқан кеңес мүшелері мен кәсіпкерлер мамандарға көкейкесті сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Бұл шара кәсіпкерлердің тәжірибе алмасуына және өзекті мәселелерді ортаға салуына мүмкіндік беретіні айтылды.
Кәсіпкерлер палатасының Мұғалжар аудандық филиалының басшысы Көмекбай Бектұрғанов «Бір ауыл – бір өнім» жобасының мәні мен мақсатын түсіндіріп, кәсіпкерлерді осы бастамаға белсенді қатысуға шақырды. Аталған жоба ауыл шаруашылығын дамыту мен ауыл тұрғындарының табысын арттыруды көздейді. Кездесу соңында кеңес төрағасы Қанат Айбосынов «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұсыныстар айтып, кәсіпкерлер де түрлі бастамалар ұсынды.
А.МАНАСБАЕВА