«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚАНДЫАҒАШТЫҚ ЖАС ТЕХНИКТЕР — ЗАМАНАУИ ЖОБАЛАРДЫҢ АВТОРЛАРЫ

ӘЛЕМ КҮН САЙЫН ҚАРЫШТАП ДАМЫП КЕЛЕДІ. БҰРЫН ТЕК ҒЫЛЫМИ-ФАНТАСТИКАЛЫҚ ФИЛЬМДЕРДЕН КӨРЕТІН РОБОТТАР МЕН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ БҮГІНДЕ КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРІМІЗДІҢ БІР БӨЛШЕГІНЕ АЙНАЛДЫ. ОСЫ ҮДЕРІСТЕН МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ДА ШЕТ ҚАЛМАЙ, ҒЫЛЫМ МЕН ТЕХНИКАНЫҢ ТЕТІГІН ЕРТЕ ЖАСТАН ИГЕРІП КЕЛЕДІ.
Қандыағаш қаласындағы №3 мектеп-гимназиясында робототехника саласына қызығушылық танытқан оқушылар аз емес. Бұл бағыттың дамуына мұрындық болып жүрген – информатика пәнінің мұғалімі Ерлан Байтулеков.
Робототехника үйірмесін 2020 жылы факультативтік курс ретінде іске қостық. Алғашында 6-сынып о қушыларымен бастадық. Бастапқыда қарапайым құрылғылардан бастасақ, кейін күрделірек роботтарды құрастыруға көштiк. Өзім 2016 жылы Ақтөбе қаласында арнайы курстан өтіп, сертификат алған болатынмын. Қазір де үздіксіз ізденіп, осы саланы дамыту үстіндемін, – дейді ұстаз Ерлан Қонысбайұлы.


Бүгінде Ерлан Байтулековтың шәкірттері – 9-сынып оқушылары Амур Жалғасбаев пен Дінмұхаммед Тоқтамысов түрлі байқауларға қатысып, тәжірибе жинақтауда. Олар Астана мен Қарағанды қалаларында өткен сайыстарда бақ сынап, облыстық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болған. Жас өнертапқыштар ендігі кезекте республикалық, тіпті халықаралық додаларға қатысуды көздеп отыр. Сонымен қатар олар Ақтөбеде өткен облыстық «Үлкен жарыс» – «Drag Racing» чемпионатында ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, «KazRobo-Sport-2022» сайысына белсенді қатысқаны үшін арнайы сертификат иеленді. Ұлттық деңгейдегі робототехника жарыстарында да жүлделі нәтижелер көрсеткен.


Оқушылар LEGO® MINDSTORMS® EV3 Education платформасы арқылы түрлі жобалар әзірлеуде. Соның бірі – ұлттық спорт түрі «жамбы атуды» бейнелейтін робот жобасы. Бұл бастама оқушылардың ұлттық құндылық пен заманауи технологияны ұштастыра білуінің көрінісі.
Қазіргі таңда 5-сыныпта факультативтік курс жүргізудемін. 30-ға жуық бала түрлі робот құрастырып, өздерінің креативті идеяларын жүзеге асыруда. Мақсат – ұлттық дәстүрлерді қазіргі заман технологиясымен үйлестіру, – дейді Ерлан Байтулеков.
Ұстазы мақтанар оқушылардың бірі Амур Жалғасбаев робототехникамен 5-сыныптан бері айналысып келе жатқанын айтты.
Бұл — менің сүйікті ісім. Әсіресе, бағдарламалау бағыты ерекше қызықтырады. Алдағы уақытта осы саланы терең меңгеріп, жаңа жобалар жасағым келеді, – дейді ол.


Ал оның сыныптасы Дінмұхаммед Тоқтамысов бос уақытын әлеуметтік желілер арқылы робототехника бойынша қосымша ақпарат алып, түрлі жобалар жасауға арнайтынымен бөлісті.
Бұл — білімімді практикада қолдануға көмектеседі, – дейді ізненімпаз жасөспірім.


P.S. БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМҒА ЫНТА ТАНЫТЫП ЖҮРГЕН ӨНЕРТАПҚЫШ ОҚУШЫЛАР – ЕЛІМІЗДІҢ БОЛАШАҒЫ. ОЛАРДЫҢ ӘРБІР ЖОБАСЫ – ТЕК ЖАРЫСҚА АРНАЛҒАН ҚҰРАЛ ЕМЕС, ӨМІРГЕ БЕЙІМДЕЛГЕН ТЫҢ ЖАҢАЛЫҚ. ОСЫНДАЙ ЖЕТКІНШЕКТЕР КӨП БОЛСА, ТЕХНОЛОГИЯ МЕН ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ ҚАТАР ДАМИТЫНЫ СӨЗСІЗ.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

ШАҒЫН ФУТБОЛ: АУЫСПАЛЫ КУБОК ӨТТІ

admin_mugalzhar

ҚҚС тұрғын үй саласына қалай әсер етеді?

admin_mugalzhar

Тұрғындар кәріз жүйесіне неге қарсы?

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.