«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«Ақтөбе-Атырау» тас жолын салу сәуір айында басталады

Биыл «Ақтөбе-Атырау» тас жолының салынуына байланысты екі мердігер компания анықталып отыр. Олар Әзірбайжан мен Италия компаниялары. Бұл туралы Ақтөбе көлік инфроқұрылымын дамытуға арналған жиында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.

Республикалық маңызы бар күре жолдың құрылысы сәуір айында басталады. Осыған байланысты облыс басшысы орынбасарларына жергілікті құрылыс материалдарын пайдаланып, дайындықты күшейтуді жүктеді.  Қазіргі таңда мердігер компаниялар жергілікті құрылыс материалдарын өндірушілермен келісімшартқа отырып жатыр. Олар қиыршық тас, құм секілді материалдардың бәрін Ақтөбеден алатын болады. Сонымен қатар, Байғанин ауданының  Қарауылкелді, Ноғайлы, Темір ауданының Жақсымай ауылындағы теміржолы тұйығын пайдаланады. Себебі, құрылыс материалдарының дені теміржол арқылы тасымалданады.

-Алда үлкен жұмыс күтіп жатыр. Біз бен сіз бар болғаны 2 айдың ішінде барлық құрылыс материалын дайындап үлгеруіміз керек. Сәуірде құрылыс басталады. Жол салушылар қыста барлық материалды жинап, техниканы түгендеу керек. Ал уақыты келгенде бәрін кедергісіз бастаған жөн. Бізде жол салушылар жетіспейді. Ал мемлекеттік сатып алу кеш өткізіледі. Сондықтан мердігер компаниялар өз қаржысымен жұмысты бастап кеткені жөн. Біз сіздерді еш уақытта алдамаймыз, қаржы бөлінеді,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

«МҰҒАЛЖАРАҚПАРАТ»

Ұқсас ақпараттар

«Ақтөбе» футбол клубының бас бапкері мен бас менеджері жұмыстан кетті

admin_mugalzhar

Балаева журналистердің офлайн-формат жұмыс тәсіліне оралу жайын қозғады

admin_mugalzhar

Jusan Bank және АТФБанк банкоматтар желісін біріктірді

admin_mugalzhar