«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Туған жерге тағзым – перзент парызы

Елбасының «Туған жер» бағдарламасынан туындаған «Туған жерге тағзым» акциясы өткен жылы Ақтөбе өңірінде ауқымды жобалардың жүзеге асуына себеп болды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған акцияның аясында тыңдырылған істерді бағалаған Мемлекет басшысы Ақтөбені еліміздің өзге өңірлеріне үлгі етті. Жалпы былтырғы жылы түлектерін туған жеріне тағзым көрсетуге үндейтін акцияның шеңберінде облыста 464 жоба жүзеге асты. Оның ішінде мұғалжарлықтардың да үлесі қомақты. Тіпті өзге аудандармен салыстырғанда Мұғалжар ауданы жобаларды жүзеге асыру бойынша алдыңғы қатарда.

 Бір жылда – 70 жоба

Еліміздің жаңа тарихи кезеңге бет бұруы – ішкі құндылықтар қанатын кеңге жая дәріптеп, қайта түлеу жолында келелі ой мен салиқалы пікірге, батыл шешімдерге бастап келеді. Оның айғағы – сапалы білім мен ғылым құдыреті ғажайып түрде үндескен өркениетті ел болуға бағыттайтын – мемлекет жаңғыруы аясында қолға алынған «тың бастамалар» деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, өткен жылы «Туған жерге тағзым» акциясымен Мұғалжар ауданында құны 148 млн. 10 мың 800 теңгенің 70 жобасы жүзеге асты. Мұншалықты шұбатылған сандары бар миллиондаған қаражат қайдан келді дейсіз бе? Осы жердің топырағында дүниеге келген азаматтардың өңірдің өркендеуіне қосқан үлесі — бұл. Оның ішінде Мұғалжарда дүниеге келіп, сыртта жүргендері де, жергілікті жерде кәсіп ашып кәсіпкер атанып отырғандары да, жалпы «туған жерге тағзым – перзенттік парызым» деп ұғынған көптеген азаматтар бар. Аудандық ішкі саясат бөлімінің берген ресми мәліметіне сүйенсек, акция аясында небәрі бір жылдың ішінде жүзеге асқан 70 жоба ауданның мерейін бір көтеріп тастады. Соның ішінде қаланы абаттандыру жұмысы мен заманауи үлгіге сай ету ісінде қомақты үлес қосқан кәсіпкер азаматтар, қала және ауыл мектептерін күрделі жөндеуден өткізіп, мектептің безендірілуі, ондағы қажетті құрал-жабдықтарды заман талабына орай жаңартуда атсалысқан түлектер мен олардың ата-аналарының көрсеткен қолдаулары айрықша.

 Нұржан Құлсейітов, «Ақбұлақ 67» ЖШС-нің директоры:

-«Туған жерге тағзым» акциясының жалпы қоғам үшін маңызы өте зор. Өйткені, былтыр ғана қолға алынған бұл игі акцияның аясында іске асырылған жұмыстар өзінің нәтижелі оң бағасын алған еді. Бүгінде сол жұмыстардың қарқыны қарымды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының негізінде туындаған «Туған жер» бағдарламасы осыған үндейді. Себебі, туған жерге пайдаңды тигізе білу – үлкен  азаматтық іс. Демек, ұлттық санамыздағы аса қастерлі ұғымды насихаттайтын туған жердің игілігіне арналған аталмыш акцияның аясы да кең. Және келешекте  одан әрі нығая түсетініне сенімім мол. Тағы айта кететіні, жалпыұлттық патриотизмнің өзегіне арқау болған осы жобаның шеңберінде өткен жылы халықтың мүддесін көздейтін түрлі шаралар ұйымдастырылған еді. Ал бүгін осы серпінді қозғалыс жүйелі жүзеге асырылып, жалғасын тауып келе жатыр. Бұл — тек ауданның ғана емес, түгел елдің өркендеуіне үлес болып таңбаланары анық.

Қалалар көркейе бастады

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында жүзеге асқан 70 жобаның дені аудан орталығы Қандыағаш қаласында тыңдырылды. Мәселен, аталған жобалардың ішіндегі ауқымдысы – «Бабэк Құрылыс» ЖШС басшысы Р.Азизовтың Қандыағаш қаласындағы №1 орта мектептің қайта монтаждау және шатыр кұрылысына көмегі. Ол бұл жұмысқа 65 млн теңге қаражат салды. Сонымен қатар, ауданның белсенді азаматтарының демеушілік етуімен Қандыағаш қаласындағы Интернациональный көшесінің бойына жобалық құны 5 млн. теңгеге бағаланған «Менің отбасым» композициясы орнатылды.  Қаладағы Жеңіс даңғылы қиылысындағы айналмалы жолға «Есет батыр» ескерткіші орнатылып, оның айналасы абаттандырылды. Қазақ халқына есімі әйгілі батыры Есет Көкұлының құрметіне арнап ескерткіш қою жобасына 4 млн. теңге жұмсалды.

Жеке кәсіпкер Бақытжан Қадыралиннің демеушілігімен аудандық мұражай ғимаратының алдында орналасқан саябаққа қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш орнатылды. Мұғалжар ауданының 20 жылдық, Қандыағаш қаласының 50 жылдық мерейтойы қарсаңында қаланың көшелерін көріктендіруде «Ақбұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұржан Құлсейітов және қала кәсіпкерлерінің демеушілігімен абаттандыру жұмыстары жасалды. Ауданның тағы бір белсенді кәсіпкері Азамат Адаевтың қолдауымен Қандыағаш қаласына 5 аялдама салынды. Сондай-ақ, қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мен көпқабатты тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізуде, қаланы жасыл желектендіруде ауданның бірқатар кәсіпкер азаматтарының тигізген ықпалы зор. Тағы айта кететіні, аталмыш акция аясында қала мектептері қажетті құрал-жабдықтармен  жабдықталып, сырты мен ішіне жөңдеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы Қандыағаш қаласындағы 20 жоба 94 858,3 мың теңгеге жүзеге асырылды. Бұл өткен жылдың – жемісі. Кәсіпкерлердің сөзіне сенсек, алдағы уақытта жүзеге асатын мұндай жобалардың қатары толастамай, қаланың көркеюі жолында ілкімді істер көбірек жасалатын болады.

Аталмыш акция аясында өткен жылы Ембі қаласында да орналасқан 80 үйге тегін ауыз су кіргізілді. Оны жүргізуге 8 млн. 240 мың теңге көлемінде қаржылай ықпал жасаған «ЭлитростройсервисАктобе» ЖШС басшысы Ж.Омиров. Сонымен қатар, «Дәурен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры С.Қалмұрзиновтың демеушілігімен қаладағы ескі ғимарат қайта жаңартылып, қызмет көрсету орталығы ретінде халықтың игілігіне пайдалануға берілді. ХҚКО орталығына жұмсалған қаражаттың құны – 5 млн. теңге. Жергілікті білім ордаларында оқитын оқушылардың ата-аналарының демеушілік етуімен және түлектердің қолдау көрсетуімен  қаладағы  мектептерге жөңдеу жұмыстары жүргізілді. Жиналған қаражат мектеп ішін безендіру жұмыстары мен құрылыс материалдарын алуға жұмсалды. Ал Ж.Әміров, Есет батыр және З.Бралов көшелерін абаттандыру жұмыстарына жобалау сметалық құжаттарын дайындау ісінде «Иншаб» ЖШС директоры О.Имағамбетов септігін тигізді. Жалпы  акция шеңберінде Ембі қаласы бойынша барлығы 12 жоба 19 490,3 мың теңгеге іске асты.

Бақытжан Қадыралин, жеке кәсіпкер:

-Облыс әкімінің тапсырмасымен қолға алынып, дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан «Туған жерге тағзым» акциясы әр өңір үшін керек бастама. Өрісі кең өркенді істерге бастайтын осы акцияның аясында қазіргі таңда Мұғалжар ауданында да бірқатар жұмыстар тындырылып отыр. Демек, бастаманың ауданға алып келер пайдасы өте көп. Дәлірек айтқанда, ауданға қарасты қалалар мен ауылдардың ажарлана түсуіне ашық жол салынып, әрі кейінгіге үлгі боларлық айқын ізін қалдыруда тигізетін септігі де мол.

Мен өзім осы өңірде өсіп ер жеттім. Мен үшін туған жердің әр төбесі, әрбір сай-саласы әркез ыстық. Сол себепті, қасиетті туған жердің көркеюі жолында қандай қызмет етсем де мұнымен  борышымның түбегейлі өтелмейтіні анық.

Дегенмен де, орайлы ұйымдастырылған осы акция біршама игілікті істерге бастап келеді. Оған өңіріміздің белгілі кәсіпкерлері мен басшылары және т.б. сан-саланың азаматтары атсалысуда. Нәтижесінде, ауданның келбеті кіріп, көркейе түсті. Сонымен қатар, «Туған жерге тағзым» акциясынан өскелең ұрпақтың түйетін тәлімі терең. Демек, бұл бастаманың жастарды тәрбиелеп қана қоймай, отанды сүюге, атамекенге қалтқысыз қызмет етуге шақыратынына сенемін. Себебі, акция –  бүгінде қолдауға тұрарлық, және өзге өңірлерге үлгі етуге  әбден лайықты жаңа жобалардың жаршысына айналып та үлгерді.

 Ауыл-аймақтарда да игілікті істер көп

Мұндай жобалардың бірқатары ауылдық округтерде де жалғасын тапты. Олардың ішінде ауқымдылары ауылдың ішкі көркін біршама қалыпқа келтіріп тастады. Мәселен, «Қуаныш» ЖШС директоры Қ.Жәлімбетовтың қолға алуымен өткен жылы Құмжарған ауылдық округінде фельдшерлік-акушерлік пукнт салу ісі басталып, халыққа пайдалануға берілді. Бұл ірі жобаның құны 7 млн. теңге қаражатты құрады.  Сондай-ақ, Қайыңды ауылдық округіндегі Алтынды орта мектебіне жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 2 млн. теңгеге спорттық құрал-жабдықтар мен жиһаздар сатып алынды. Жеке кәсіпкер Ғалима Еламанова мен «Қайрош» шаруа қожалығының басшысы Бақытсыйық Ибраевтың қолдауымен Ақкемер ауылдық округіне қарасты Жарық ауылына Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл ардагерлеріне арналып ескерткіштер орнатылды. Батпақкөл ауылындағы Саға негізгі мектебінің 10 кабинетіне белгілі тұлғалардың аты жазылған тақтайшаларды орнату мен мектепке қажетті құрал-жабдықтар алуда қолдау көрсеткен – АҚ «Ақтөбе мұнайгаз» Мұнайгаз өндіру басқармасы Октябрь мұнайгаз, «ҚазМұнайГаз» компаниясы және ауыл кәсіпкерлерінің орны ерекше. Жалпы ауданға қарасты ауылдық округтерде 37 жоба жүзеге асты.

Елбасы мақаласында айтылған «Туған жерге туыңды тік» деген қағиданы терең түсінген азаматтар бүгінде өздерінің азаматтық борышын өтей келе, қазақ халқының әлмисақтан бергі ата-дәстүрі, ол – қастерлі де киелі туған жерге деген тағзым екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.  Себебі, кімге болса да кіндік қаны тамған жері оттан да ыстық. Ал сол қадірлі мекенінің өркендеуіне өз үлесін қосуы – азаматтарының перзенттік парызы саналады. Міне, осы бағытты қолға алынған облыс басшысының бастамасы жүйелі жұмыстардың қарқынды атқарылуына дәнекер болуда. Акцияның негізгі мақсаты мен міндеті  бұл күнде  жас ұрпаққа саналы ой сала отырып, оларды патриоттыққа тәрбиелеп келеді.

Азамат Адаев, жеке кәсіпкер:

Өткен жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан «Туған жерге тағзым» акциясы – өзі туып өскен өлкенің азаматтарын игілікті істерді жасауға талпындырып келеді. Әрине, бұл — ең алдымен олардың туған жер алдындағы перзенттік парыздары. Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен жоспарлы түрде қолға алынған  бұл акцияның негізі, сондай-ақ, әр перзенттің адамгершілік қасиетімен де тікелей байланысты. Себебі, елі мен жеріне қол ұшын беріп, туған өңірдің кемелдігін арттырып, сипатын көркейтуде олардың мүмкіншілігі ескеріледі. Осыған орай, азаматтар аталмыш акцияның шеңберінде ауқымды жобаларды жүзеге асыруды өз мүмкіндіктеріне қарай еңсеріп келе жатыр. Оған аудан жұртшылығымен бірге куә болып отырмыз. Осының негізінде атқарылған істерге ризашылығымыз шексіз. Себебі, соңғы бір жылдың ішінде аудан бойынша тыңғылықты талай жұмыстар жүргізілді. Бұл өз кезегінде аймағымызды ажарландыра түсті. Сонымен қатар, тұрғындардың игілігіне бірнеше нысан пайдалануға беріліп, бұдан өзге де ғимараттар қайта жаңарды. Демек, акцияның шеңберінде бірқатар әлеуметтік мәселелер де өз шешімін тауып отыр деген сөз. Бұл да аталмыш акцияның маңыздылығын танытпай қоймасы анық екенінің бір дәлелі. Елім, жерім дейтін азаматтарды бір арнаға жұмылдырған тың бастаманың болашағы да зор.

Алдағы уақытта осы «Туған жерге тағзым» акциясының аясында ірі-ірі жобалардың жүзеге асатынына күмән келтірмеймін.

 Жоспарда – 39 жоба

Игілігі мол акция биылғы жылы да жалғасын табады. Ресми мәлімет бойынша, ауданда үстіміздегі жылы 39 жоба жоспарланып отыр. Оның дені елді мекендерді көріктендіру, ауыл мектептері мен балабақшаларын жөндеуден өткізіп, материалдық техникалық базасын қалыптастыру. Халық саны көп ауылдық жерлерге демалыс орындары мен қысқы мезгілде мектеп оқушыларының уақытын тиімді өткізуге арналған ойын алаңдарын салу көзделуде. Осы бағытта қалалық және ауылдық округтердің әкімдеріне де нақтыланған тапсырмалар жүктеліп отыр.

Алтын СҮЛЕЙМЕН

Ұқсас ақпараттар

Президент Үкіметті отставкаға жіберді

admin_mugalzhar

Ақтөбеде тағы бір қаржылық пирамида тергеуге алынды

admin_mugalzhar

Ақтөбеде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.