«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«ҚАЗАҚСТАН БАЛАЛАРЫ»: ОН КҮНДІК АЯСЫНДА…

Елімізде алғаш рет биыл 22 мамыр мен 1 маусым аралығында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Қазақстан балалары» ұлттық науқаны өтуде. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында атап өткендей, балаларға қамқорлық көрсету – бұл ортақ жауапкершілік әрі мемлекеттік саясаттың басты басымдығы. Осыған орай бұл бастама – балалар мәселесіне ерекше көңіл бөлуге және балалардың қауіпсіз ортада өсіпжетілуіне жағдай жасауға, сондай-ақ қоғамның назарын бала құқығы мен балалық шақтағы өзекті мәселелерге аударуға бағытталған. Мерекеге дейінгі іс-шаралар легі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Әкем — тірегім, анам – жүрегім» ұранымен ұйымдастырған науқаннан басталды. Бұл іс-шараның тақырыбы бала өміріндегі отбасының рөлін айқындау болды.

22 МАМЫР – «ӘКЕМ – ТІРЕГІМ, АНАМ – ЖҮРЕГІМ»

22 мамыр күні облыс бойынша білім беру ұйымдары мен мәдени мекемелерде отбасы институтының маңыздылығын арттыруға бағытталған «Әкем – тірегім, анам – жүрегім» атты кең ауқымды іс-шаралар кешені ұйымдастырылды. Білім басқармасының бастамасымен өткен тәрбиелік және мәдени іс-шаралар қоғамдағы отбасы, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтуға арналды. Бұл күннің басты мақсаты – ұлт болашағы саналатын ұрпақтың бойына адамгершілік, мейірімділік және отбасылық құндылықтарды сіңіру.

«Баланың жүрегіне жол» атты іс-шара барысында білім беру мекемелерінде психологтар мен ата-аналар арасында ашық сұхбаттар ұйымдастырылды. Бұл кездесулерде бала тәрбиесіндегі сенім, түсіністік, психологиялық қолдаудың маңызы кеңінен талқыланды. Ал «Таза әлем балалармен бірге жасалады» акциясы аясында оқушылар ата-аналарымен бірге қала және ауыл аумақтарында ағаш, гүл отырғызып, табиғатты аялау мен тазалық сақтау бағытында үлгі көрсетсе, «Менің отбасым – менің мақтанышым» атты сурет байқауына жүздеген бүлдіршін қатысып, өз отбасына деген сүйіспеншілігін қылқалам тілімен жеткізді. Байқау отбасындағы бірлік, өзара құрмет пен махаббат секілді мәңгілік ұғымдарды бала көзімен жеткізудің ерекше мүмкіндігіне айналды.

Statistics business 3d graph bar chart. Vector infographic with steps and options. Chart and graph, web data report and presentation illustration

Сондай-ақ осы күні С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен «Сенсорлық интеграция және оның маңызы» атты сұхбат алаңында психологтар, дефектологтар мен нейропсихологтар ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеу, дамыту мәселелерін көтеріп, ата-аналарға кәсіби кеңестер ұсынды.

23 МАМЫР – «ПОЛИЦИЯ – БАЛАЛАРДЫҢ ҚОРҒАНЫ»

Осы аталмыш күн аясында аудан көлемінде Қандыағаш стансасындағы Желілік полиция бөлімінде «Мен полицияны құрметтеймін» тақырыбында танымдық кездесу ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға Қандыағаш қалалық №1 орта мектебінің 8-сынып оқушылары қатысты. Балалар полиция бөлімінің күнделікті қызметімен танысып, тәртіп сақшылары қолданатын арнайы техникалар мен құрал-жабдықтарды өз көздерімен көріп, олардың қалай қолданылатынын бақылап қайтты. Кездесуді Желілік полиция бөлімінің кадр және тәрбие жұмысы бойынша бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бағлан Сүйіншалин жүргізіп, оқушыларға ішкі істер органдарының қызметі мен тәртіп сақшысының міндеттері туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Шара барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, полиция қызметкерлерінен нақты жауаптар алды. Мұндай кездесулер оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, тәртіпке, заңға деген құрметін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

26 МАМЫР – «БАЛАЛАРДЫҢ СЕНІМДІ ДӘРІГЕРІ»

Осы тақырып аясында Мұғалжар аудандық ауруханасының ұйымдастыруымен балаларға арналған ашық есік күні ұйымдастырылып, тіс, көз және басқа да бейінді дәрігерлер тегін кеңес берді. «Салауатты ұрпақ – ұлт болашағы» атты ұранмен өткен дәрігерлердің көшпелі қабылдауы барысында балалар медициналық тексеруден өтіп, профилактикалық кеңестер алды. Дәрігерлер ата-аналармен де тілдесіп, баланың күнделікті денсаулығын сақтау жолдары мен аурулардың алдын алу туралы ақпарат ұсынды.

Балалар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, уақытылы медициналық көмек алудың маңыздылығын түсіндіру мақсатында өтіп жатқан шара 29 мамырға дейін жалғасын тауып, осы күндер аясында тексеріске келген балаларға ойыншықтар таратылып, мүгедектігі бар балалардың үйлеріне арнайы барып сыйлықтар табысталатынын жеткізді. Сондай-ақ Қандыағаш қаласындағы «Қамқор» отбасын қолдау орталығында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған онкүндік аясында «Шебер әке, өнерлі ана, еңбекқор бала» атты мерекелік ісшара ұйымдастырылды. Бұл ісшара Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасына сәйкес өткізілді.

Отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата-аналар мен балалар арасындағы байланысты нығайту, шығармашылық әлеуетті дамыту және олардың бірлескен уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында өткен шараға «Самал» бөбекжай-бақшасының тәрбиешілері және Қандыағаш қалалық №1 Аула клубының үйірме жетекшілері қатысты. Балалар мен ата-аналар құм терапиясы, сурет салу және ұлттық ою-өрнек бейнелеу секілді шеберлік сыныптарына белсене қатысты. Әсіресе, Гүлбақыт Ізтұрған мен Нұрбану Мусинаның шығармашылық тапсырмалары балалардың үлкен қызығушылығын туғызды. Мерекелік шарада өнерпаз балалардың концерті де өтті. Кішкентай бүлдіршіндер «Қуыршағым», «Ұстазым», «Туған жер» сияқты әндерді шырқап, көрерменнің көңілінен шықты. «Лолипопс» биі мен «Көңілді балдырғандар» оркестрінің өнері де ерекше әсер қалдырды.

Салтанатты шара соңында белсенді тәрбиешілер мен үйірме жетекшілеріне Алғыс хат табысталып, балаларға шағын сыйлықтар үлестірілді. Аудандық білім бөлімінің мамандары 27 мамыр – «Балалар үні», 28 мамыр – «Кибер тұмар», 29 мамыр – «Бала қауіпсіздігі – басты орында» атты тақырыптары бойынша іс-шаралар легі жалғасатынын жеткізді.

Әйгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

МУЗЕЙ: МӘДЕНИ МҰРА, ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕР, ТАСҚА БАСЫЛҒАН ТАРИХ

admin_mugalzhar

САБЫНДЫКӨЛГЕ АУЫЗ СУ ҰҢҒЫМАСЫ ОРНАТЫЛАДЫ

admin_mugalzhar

Қазіргі сәттегі Ақтөбе облысының автожолдарындағы жағдай

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.