«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АЙЛАРДЫҢ СҰЛТАНЫ – РАМАЗАН АЙЫ

Исламның бес шартының үшіншісі – Рамазан айында ораза ұстау. Ораза – ниет етіп таң ағара бастағаннан кешке күн батқанша тамақ жемеу дегенді білдіреді. Рамазан – мұсылмандар үшін қасиетті және берекелі ай. Ислам таңы осы айда атып, дүниені жарығына бөлеген, ұлы кітабымыз Құран Кәрім осы айда түсе бастаған. Мың айдан да қадірлі болып есептелетін Қадір түні де осы айдың ішінде. Ішкі дүниемізді жаман ойлардан және сыртқы дүниемізді жаман әрекеттерден тазартатын ораза осы айда ұсталады.

Ораза – бізді дүниеде жамандықтардан сақтайтын, ақыретте жәһаннамнан қорғайтын және күнәларымыздың кешірілуіне себепші болатын маңызды ғибадат. Ораза үнемі Алланы есімізге салып тұрады, жауапкершілік сезімін арттырады. Жүрегімізді жаман сезім мен ойлардан тазартып, басқаларға жамандық жасаудан сақтайды. Ораза бізге жақсы мінез-құлық қалыптастырып, тіпті періште сияқты халге жеткізеді. Ораза көзді харамға қараудан, тілді жалған және жаман сөздерді айтудан, құлақты харам нәрселерді тыңдаудан, асқазанды харам нәр-селер жеуден, қол мен аяқты жаман іске барудан қорғайды.

Оразаның парыз болуының хикметі – мұсылманның Жаратқанның алдындағы ғибадат міндеттерін орындау және жамандықтардан сақтану. Өмірінде аштықтың не екенін білмеген ауқатты адам кедейлер көрген аштық пен қиыншылықты жеткілікті түсіне алмайды. Бірақ ол адам ораза ұстаса, аштықтың не екенін түсініп, кедейлердің қиыншылықтарын әлдеқайда жақсы сезініп, оларға деген мейірім-шапағат сезімдері оянады. Нәтижесінде кедейлерге қол ұшын беріп, қиыншылықтарын бөліседі. Адам қолында бар нығметтердің қадірін қолынан шығып кеткенде ғана біледі. Бірақ болар іс болған соң оның еш пайдасы тимейді. Ораза ұстау арқылы адам нығметтердің қадірін жақсы түсінетін болады. Бұл сезім адамға қолындағы дәулет, нығметтердің қадірін біліп, оны берген Құдайға көбірек шүкіршілік етуді үйретеді. Ораза ұстау адамның денсаулығын жақсартады. Жылдың он екі айында ас қорытудан шаршап, бөгіп қалған денедегі ас қорыту мүшелері оразаның арқасында демалады. Рамазаннан кейін жақсы жұмыс істейді. Ғалымдар оразаның денсаулық тұрғысынан организмге пайдалы екенін анықтаған. Нобель сыйлығының иегері Француз ғалымы, доктор Алексей Корель ораза жайында былай дейді: «Ораза кезінде денеде жинақталып қалған қоректік заттар іске қосылады. Содан кейін олардың орнына жаңалары келеді. Осылайша денеде жаңару іске асады. Ораза денсаулық тұрғысынан өте пайдалы».

Оразаның парыз болуының шарттары мыналар: 1) Мұсылман болу; 2) Ақыл-есі дұрыс болу; 3) Балиғатқа жеткен болу. Балиғат жасына жеткен ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылман ер-әйелге Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Жас балаларға ораза ұстау парыз емес. Бірақ зиян келтірмейтіндей түрде балаларды біртебірте оразаға үйреткен абзал.

 

 

Ұқсас ақпараттар

Динара НҰРҒАЛИЕВА: «ИСЛАМ ДІНІНДЕ ӘЙЕЛДІҢ МӘРТЕБЕСІ ЖОҒАРЫ»

admin_mugalzhar

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

admin_mugalzhar

Ақкүміс СҮЙЕУОВА: БАЛАНЫҢ ӨМІРГЕ КЕЛУ СӘТІ – ЕРЕКШЕ ҚҰБЫЛЫС!

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.