ЖУЫРДА ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДА БІРЛІК КҮНІНЕ ОРАЙ ӨТКЕН КӨРМЕДЕ ТҰРҒЫНДАР НАЗАРЫНА ТҮРЛІ ӨНІМДЕР ҰСЫНЫЛҒАН ЕДІ. СОЛ ЖЕРДЕ КӨЗГЕ ЕРЕКШЕ ТҮСКЕНІ — ТАЗА ТАБИҒИ КІР САБЫН БОЛДЫ. ИІСІ ЖАҒЫМДЫ, ТҮРІ ДЕ ТАРТЫМДЫ БҰЛ ӨНІМНІҢ ҚАПТАМАСЫНДА «ХАЛАЛ» ДЕГЕН БЕЛГІ ҚОЙЫЛҒАН. ӨНІМ ИЕСІМЕН ТАНЫСЫП, ӘҢГІМЕГЕ ТАРТҚАН ЕДІК, ОЛ ДА ӘҢГІМЕЛЕСУГЕ КЕЛІСЕ КЕТТІ. СОНЫМЕН…
Мұғалжар ауданына қарасты Қаракөл ауылында кір сабын өндірісі жолға қойылған. Бұл кәсіпті қолға алып, дөңгелетіп отырған әкелі-балалы Панашевтер отбасы. Бейсембі Панашев мен ұлы Ақжол Жолдыбай Қаракөл ауылының тұрғындары. Олар “Ауыл аманаты” бағдарламасы арқылы 2,5 пайызбен несие алып, отбасылық кәсіп ретінде кір сабын өндіру ісін 2,5 жыл бұрын бастаған.
—Алғашында сабынның формуласын табу оңай болмады. Қаншама сынақтан өттік. Бірақ тынымсыз ізденістің, еңбектің нәтижесінде бүгінгі сапалы өнімді шығара алдық. Ең басында «Ауыл аманаты» арқылы алған қаражатқа қажетті алғашқы жабдықтарын сатып алдық. Сабын өндіретін жабдықтар толығымен Қазақстанда жасалған. Солай өз қалаған ісімізді бастадық, — дейді Ақжол Жолдыбай.
Сабынның басты артықшылығы — оның табиғилығында. Құрамына малдан алынатын тоң май, фастфуд жасайтын дәмханалардан алынатын фритюри майы және Қытайдан әкелінетін каустикалық сода кіреді.
—Бұл өнім теріні құрғатпайды, тері ауруларына қарсы жақсы әсер етеді. Сонымен қатар халал стандартына толық сай. Табиғи өнім болған соң, көпшілік жақсы қабылдап жатыр. Әсіресе, Ақтөбе, Бейнеу, Орал, Арал өңірлерінде сұраныс бар. Біздің сабын Ақтөбедегі орталық базардағы көптеген дүкендерде сатылуда. Бір алып көрген адам міндетті түрде қайта келеді, — дейді кәсіпкер.
Бүгінде тұрақты тұтынушылары бар, өнімге деген сенім де артып келеді. Кәсіпкердің айтуынша, бұл салада бәсекелестер де аз емес. Бірақ сапа мен адал еңбек — бизнестегі басты қозғаушы күш. Отбасымен бірлесіп бастаған кәсібі бүгінде ауыл экономикасына да үлес қосуда. Қаракөл ауылының қос кәсіпкері өндіріп отырған табиғи сабын – нағыз “Мұғалжарда жасалған” өнім. Табиғи, денсаулыққа зиянсыз, халал әрі қолжетімді бұл кір сабын өндірушілер алдағы уақытта өнімдерін еліміздің өзге өңірлеріне де таратуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ