Бұрын эколог қызметін атқарып, бүгінде зейнетке шыққан Мәлік Қазанов бастаған ауданның бірқатар ардагерлері кеше аудан әкімі Дархан Ермағанбетовпен кездесіп, Қандыағаш қаласының экологиялық мәселесін көтеріп, табиғатқа зияны тиюі мүмкін өндіріс орындарын аралап, мән-жайға қанықты.
Ақсақалдар алдымен бірнеше жылдан бері қандыағаштықтардың мазасын алған спирт өндіретін зауыттың кәріз тоғанына барды. Олар тұрғындардың мазасын қашырған жағымсыз иістің қайдан шығып жатқанын сұрап, өндірістік су қалдықтары құйылатын карталарды қарап шықты. Зауыт директоры Қайрат Тілеумағамбетов мәселенің барын жасырмай, осы қолқаны қабатын иісті кетіру үшін түрлі ізденіс жұмыстарының жүргізіліп жатқанын жеткізді.
— Зауыт ішінен ешқандай жағымсыз иіс шықпайды. Спиртті өндіру барысында ашытылған бидайдың қалдығынан бөлінген сұйықтық осы жерге келіп құйылады. Біз бұл иісті шығармау үшін барынша өңдейміз. Өндіріс қалдықтарының су қоймасына ағы-зылатын құбырларында да ешқандай олқылықтар жоқ. Өздері-ңіз көріп тұрғандай, зауыттан полигонға дейін екі құбыр тартылған. Оның бірі техникалық су қалдықтарына, ал екіншісі бидай ашытқыларының сұйық қалдықтарына арналған. Техникалық су қалдықтарынан аса қатты жағымсыз иіс шықпайды. Ал «фугат» тоғанға құйылған соң біршама уақыттан кейін көнереді. Себебі оның құрамында бидайдың сүзуге келмейтін қалдықтары болады. Сол қалдықтар уақыт өте келе көнеріп, жағымсыз иіс шығарады. Бұл иіс күн ысыған сәтте буға айналып, ауаға көтеріледі. Ал кешкілік күн салқындаған кезде ол төмен түсіп, желдің бағытымен қала аумағына таралады, — деді «Кентавр» ЖШС-нің директоры Қайрат Тілеумағамбетов.
Ал аудан әкімі Дархан Ермағанбетов ардагерлерге бұл жағымсыз иістен түбегейлі құтылудың жолы — жергілікті тазарту кешенін салу екенін айтты.
— Өндіріс басшылығының демеушілігімен «Достық» мөлтек ауданынан жергілікті тазарту кешені құрылысының жобасы жасақталды. Бұл кешен жергілікті талаптарды ескере отырып, ағынды суларды белгіленген нормативтік көрсеткіштерге дейін тазартуға мүмкіндік береді. «Кентавр» ЖШС-нің қаржысына жобалық-сметалық құжат дайындалды. Жобаны өз құзыретімізге алып, мемлекеттік сараптамадан өткіздік. Оның құны да арзан емес, 5 млрд 200 млн теңге тұрады. Дегенмен, жобаға салынған қомақты қаржы бірнеше жылда зауыт тарапынан бюджетке еселеніп қайтып келеді. Біз бұған экономикалық бағдар жасадық, — деді аудан әкімі Дархан Жанысханұлы.
Бұдан кейін ардагерлер бастаған жұмыс тобы Қандыағаш қаласындағы «Ж.Е.С.» ЖШС-не тиесілі қо-қыс полигонының аумағына да барды. Алаңда төгіліп жатқан қоқыс қалдықтарын көріп, серіктестік иесіне өзекті сұрақтарын жаудырды.
— Осы аумаққа қаншама зиянды қалдықтар төгіліп, топырақпен көмілуде. Одан зиянды элементтер бөлініп, жерасты суына сіңіп, адам денсаулығына қауіп төнді-реді. Сондай-ақ көктем мезгілі кезіндегі қар суынан жиналған ағын сулар осы маңнан ағып өтіп Елек өзеніне құйылады. Ал адамдар өзеннен балық аулап, суға түседі. Малдар да өзеннен су ішеді. Осындай ескерімсіз жағдайлардың кесірінен болашақ ұрпағымыз зардап шекпеуі керек. Қалдықтарға да екінші өмір сыйлайтын баламалы бағдарламалар жасақталуы қажет, — деді зейнеткер-эколог Мәлік Қазанов.
Полигон аумағына көмуге жатпайтын зиянды қалдықтарды қабылдамайтынын айтқан «Ж.Е.С.» ЖШС-нің директоры Серік Әділхан полигон аумағындағы жерасты суларынан үнемі сынамалар алынып, зерттеліп отыратынын жеткізді.
— Осы маңда өзіміздің су ұңғымамыз бар. Сол ұңғыманың суын өзіміз пайдаланып отырмыз. Су сапасына жауапты мамандар үнемі зерттеу сынамаларын жүргізеді. Сынамалардың теріс көрсетілім көрсеткен кездері болған емес. Біз барынша экологиялық жағдайды назарда ұстауға тырысамыз, — деді полигон иесі Серік Едігеұлы.
Экологиялық мәселені көтерген ардагерлер сол күні «НеоХим» және «КазТермаГруп» ЖШС-теріне де барып, өндіріс орындарын аралап көрді. Бұл өндіріс орындары елімізге ғана емес, шет мемлекеттерге тауар шығарады. Күніне мыңдаған тонна өнім өндіретін бұл кәсіпорындардың аудан экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосады. Алайда адам денсаулығына да ти-гізер зияны бары анық.
Зауыт ішін көрсеткен «НеоХим» ЖШС-нің бас инженері Болат Исакенов силикат кірпіш өндіру кезінде ешқандай экологиялық зиянды бөліністердің бөлінбейтінін айтып, өндіріліп жатқан силикат кірпіштер таза табиғи шикізат көздерінен жасалатынын тілге тиек етті. Кірпіштің құрамында тек қана Қандыағаш қаласынан алынған топырақ пен Алға ауданынан әкелінген әктас қана бар екен. Ал құрылысқа арналған төбе жабындыларын өндіретін «КазТермаГруп» ЖШС-нің өкілі Нұрпейіс Досаков шығарып жатқан минералды мақтаның адам денсаулығына зияны болатынын жасырмады. Сол себепті барынша қызметкерлердің сақтық шараларын сақтап, үнемі бетперде киіп жүретінін жеткізді.
Ардагерлер тобында болып, өндіріс орындарының жұмысын көрген ардагер Елубай Сүлейменов соңғы жылдары аудан аумағында экологиялық жағдайдың тым нашар екенін, соның салдарынан қаншама баланың денсаулығында ақау пайда болып, зардабын қарапайым халық тартып жатқанын баса айтты.
— Біздің мақсатымыз дау көтеріп, елді шулату емес. Өзіміз тұрып жатқан жергілікті мекеніміздің экологиялық таза болуына мұрындық болу. Соңғы уақыттарда балалар арасында түрлі аурулар көбейіп, мүгедектігі бар балалардың саны 356-ға жеткен. Бұл дегеніміз — үлкен қасірет. Қандыағаш қаласымен шектесетін аудандардың көпші-лігі экологиялық аймаққа жатады. Біздің ауданда қанша өндіріс орындары, мұнай зауыттары бар. Олар табиғатқа үлкен зиянын тигізуде. Аудан басшылығы бастап, біз секілді ардагерлер қостап, Қандыағаш қаласын экологиялық аймаққа кіргізу керек деп есептеймін, — деді Елубай Сарбасов.
Н.ТІЛЕП