Қазіргі Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде дамып келеді. Бұл ұғым кейде дінге қарсы бағытталған секілді көрінгенімен, іс жүзінде олай емес. Зайырлық пен ислам – бір-біріне керағар емес, керісінше, үйлесімділікпен өзара құрмет негізінде қатар өмір сүре алатын жүйелер. Алдымен зайырлылыққа тоқталайық. Зайырлылық – мемлекеттің діннен бөлінуі, яғни діни емес сипатта болуы. Бұл дегеніміз, мемлекет бір дінді де, бір сенімді де үстем етпейді. Зайырлы мемлекетте барлық дін өкілдеріне тең құқық беріледі. Ол дін бостандығын, арождан еркіндігін қамтамасыз етеді. Зайырлылық – дінге қарсы болу емес, діннің саясатқа айналып кетуінен сақтану механизмі.
ИСЛАМДАҒЫ МЕМЛЕКЕТ ПЕН ДІННІҢ ҚАТЫНАСЫ
Ислам – тек құлшылық жүйесі емес, сонымен қатар қоғамдық тәртіпке де бағыт-бағдар беретін дін. Алайда исламда да зорлықпен сенім енгізу жоқ. Құранда: «Дінде зорлық жоқ» деген анық нұсқау бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) Мединалық конституция арқылы мұсылман емес қауымдарға да еркіндік берген. Ислам әділеттілік, кеңеспен шешім қабылдау, жауапкершілік сынды қағидаларға мән береді. Бұл зайырлы мемлекеттің принциптерімен де сәйкес келеді. Қазақстандағы зайырлылық және ислам Қазақстан Республикасының Конституциясында былай делінген: «Қазақстан Республикасы – зайырлы мемлекет» (1-бап, 1-тармақ).
Бұл – мемлекет діннен бөлек, бірақ дінге қарсы емес дегенді білдіреді. Бүгінде елімізде мешіттер, медреселер, құран үйрету курстары, ислам университеттері еркін жұмыс істеп жатыр. Бұл – зайырлылық пен діннің бір-біріне кедергі жасамай, қатар өмір сүріп жатқанын көрсетеді. Мемлекет діни нанымды жеке адамның еркіне қалдырады. Азамат ислам дінін ұстанса, ол заңды түрде қорғалады. Бірақ діннің атын жамылып, қоғамда бүлік тудыру әрекеттеріне қарсы тұрады. Бұл – қоғам тыныштығы үшін қажет.
ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ – ДІНИ ЕРКІНДІКТІҢ КЕПІЛІ
Зайырлы мемлекет діни сенімге тыйым салмайды. Керісінше, барлық дін өкілдеріне бірдей құқық береді. Егер мемлекет діни мемлекет болса, онда басқа дін өкілдері қысым көруі мүмкін. Ал зайырлы жүйе әр азаматқа өз нанымын ұстануға, дінсіз болуға да мүмкіндік береді. Исламның өзінде мәжбүрлеу жоқ екенін ескерсек, бұл жүйе мұсылманға да, өзгеге де қолайлы.
Зайырлылық пен Ислам – қарсы ұғымдар емес. Екеуін қарама-қарсы қою – қате түсінік. Зайырлы мемлекет дінге еркіндік береді, ал Ислам өз сенімін мәжбүрсіз жеткізуді қолдайды. Қазақстанда осы екі жүйе бірінбірі толықтырып, қоғам тыныштығын, діни татулықты қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан зайырлылық пен Исламның үндестігін түсініп, дін мен мемлекеттің әрқайсысының өз орнында болуын қолдау – бүгінгі күннің маңызды талабы.
Әсемхан ЕРҒАЗИН, Мұғалжар аудандық жастар арасында дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегіорталығының теолог маманы.