«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Халық күткен жолдар жаңаруда: Асхат Шахаров Қандыағаштан — Шалқарға қарай салынып жатқан жол құрылысын бағамдады

Көлік инфрақұрылымын дамыту – өңір күн тәртібіндегі басым бағыттардың бірі болып қала береді. Мұғалжар ауданына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Асхат Шахаров жол саласы бойынша жүзеге асып жатқан ауқымды жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Бұл жобалар облыстағы және елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға бағытталған.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, биыл жол саласына шамамен 60 миллиард теңге бөлінген. Оның 7,4 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, ал қалған 52,5 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылған. Барлығы 156 жоба жүзеге асырылады. Бұл – 464,1 шақырым жолды жөндеу және салу жұмыстары. Оның ішінде 36 жоба – жергілікті маңыздағы жолдарға, ал қалған 120 жоба – қалаішілік және елді мекен көшелеріне қатысты.

«Сонымен қатар, 2025 жылы 56 ауылдық жолды жөндеуге 10 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Мұғалжар ауданында ұзындығы шамамен 100 шақырымды құрайтын үш жол жаңартылады. Мұндай ауқымды жұмыстар өңір халқы үшін қозғалысты әлдеқайда ыңғайлы әрі қауіпсіз етеді»,– деді А. Қайыр.

Өңір басшысы республикалық маңызы бар инфрақұрылымдық жоба – «Қандыағаш–Ембі–Шалқар–Ырғыз» автомобиль жолын жөндеу барысына ерекше назар аударды.

«ҚазАвтоЖол» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Айбол Данагүлдің айтуынша, «Қандыағаш–Ембі–Шалқар–Ырғыз» автожолы 1960–1970 жылдар аралығында салынған. Жалпы ұзындығы – 401 шақырым.


2023–2024 жылдары осы жолдың 45 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді (Шалқар қаласынан Қауылжыр ауылына дейін – 224-259 км, Ырғыз ауылынан «Самара–Шымкент» тас жолына дейін – 391-401 км). Биыл орташа жөндеу аясында 110 шақырым жол жалпы пайдалануға беріледі. Мердігер – жергілікті «АссанаДорСтрой» ЖШС.

Ембі қаласындағы көпірді жөндеу жұмыстарымен бас мердігер – «Сервис НС» ЖШС айналысып жатыр. Қазіргі таңда бұл учаскеде дайындық қызу: жұмысшылар ескі көпірді бұзып, жол осін қалпына келтіріп, уақытша айналма жолдар салып, қажетті техникаларды жеткізуде. Шілде айының соңына дейін мердігерлер бетон торабын іске қосуды жоспарлап отыр, содан кейін негізгі құрылыс жұмыстары басталады. 2026 жылдың көктеміне дейін жаңа көпірдің негізгі элементтері аяқталып, көлік қозғалысына ашық болуы тиіс.


Асхат Шахаров «Ақтөбе–Қарабұтақ–Ұлғайсын» трассасын қайта жаңғырту жобасының маңыздылығын да атап өтті. Бұл бағытта 791–819 шақырым учаскеде құрылыс жұмыстары басталған.

Бұдан бөлек, 2026 жылы Изімбет–Біршоғыр–Қотыртас ауылдарының арасындағы (50–92 км, 149–164 км) жалпы ұзындығы 57 шақырымдық жол учаскесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Жол жөндеу жұмыстарымен танысқаннан кейін өңір басшысы жұмыстардың мерзімі мен сапасын қатаң сақтай отырып, қарқынды арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Ұқсас ақпараттар

ҚАНДЫАҒАШТА СПОРТ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

admin_mugalzhar

«АҢСАҒАН СӘБИ»: ҮКІЛЕГЕН ҮМІТ ҺӘМ НӘТИЖЕ

admin_mugalzhar

ТІРІҢДЕ СЕН БАУЫРЫМ ДЕП КЕТКЕНДЕР БҮГІНДЕ БАУЫР ЕТІҢ БАЛАҢДЫ ЖАТСЫНЫП ЖҮР…

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.