Әлі есімде, 1963 жылы Темір мемлекеттік ауданаралық мал тұқымын асылдандыру станциясында аға-мал дәрігері, әрі зертхана меңгерушісі болып еңбек жолымды алғашқы бастаған уақытта сол уақыттағы «Социалистік майдан», қазіргі «Мұғалжар» газетіне “Мал тұқымын асылдандырудың маңызы туралы” тақырыбындағы алғашқы мақалам жарық көргенде, қуанышым шексіз болды. Мен одан кейін де сол салада газетке мақалалар жазып тұрдым. Бірде мені ойламаған жерден газет редакторы Нұрғали Тастанбаев ағамыз аудандық штаттан тыс тілшілердің жиналысына шақырды. Сол жиналыста мені Мақтау грамотасымен марапаттап, «Штаттан тыс тілші» деген куәлік бергені есімде. Содан бері жарты ғасырдан артық уақыт өтіпті. Уақыт неткен жүйрік еді… Мені «Мұғалжар» тілшілікке тәрбиеледі десем де болады. Менің одан кейін облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник», «Егемен Қазақстан», «Қазақ спорты», сол уақыттағы «Лениншіл жас», Москвадан шығатын «Советы народных депутатов» және мамандығыма байланысты «Ветеринария» журналдарында түрлі мақалаларым жарық көріп тұрды
Келмеске кеткен Кеңес одағы мен оның Коммунистік партиясының негізгі идеялогиясы – БАҚ арқылы халықты тәрбиелеу болатын. Әрине, оның шарпыны біздің ауданымызға да жеткен еді. Сол уақыттағы газеттің жас тілшісі, жерлесіміз Қуаныш Кенжеғалиев іссапармен Победа совхозындағы №3 бөлімшеге келіп ферма аралап жүргенде, тентек суға тойып алған совхоздың бас зоотехнигі Шонық Есимовпен сөзге келіп қалған болатын. Кейін газетте кең көлемде үлкен фельетон жарық көрді. “Есіңде ме, Есимов?” деген мақала жарық көріп, ол аудандық партия комитетінде бюрода қаралып, Есимовке қатаң партиялық жаза берген болатын. Сонымен не керек, Есимовтың беделі түсіп, ақыры ол өз еркімен қызметтен босап, Ақтөбе қаласына көшіп кеткен еді.
Ал енді бірде фото тілші Смағұл Құдабаевтың “Дефицит на расхвате” атты фельетоны жарық көріп, мен ол уақытта селолық кеңестің төрағасы болып, қызмет атқарып жүргендіктен халықтық бақылау тобының жетекшісі, депутат Ы.Абдуллин бастаған комиссияға тексеруді тапсырдым. Қорытындысында комиссия рабкоопқа келген тауарлардың талан-таражға ұшырағанын анықтады. Сорақысы сол, оны ұйымдастырушылар сол мекеменің бас мамандары болып шықты. Мен барлық құжаттарды шара алу үшін сол уақыттағы аудандық райпотребсоюз бастығы Сағындық Мертеновке жолдадым. Көп ұзамай ол сол мекеменің отырысында қаралып, кінәлілердің тиісті жазаларын алғаны туралы жауапхат алдым. Сол уақытта газетке шыққан сыни материалдар, фельетондар, т.б. туралы сол ұжымның басшысы міндетті түрде жауапхат беретін.
Сүйікті газетіміз бүгінгі «Мұғалжар» да алдағы уақытта сыни мақалалар санын көбейтсе деген ойым бар. Сол уақытта «Мұғалжардың» да мерейі үстем болып, нұр үстіне нұр болар еді. Сол уақыттағыдай «Дабыл қағамыз», «Бьем тревогу» тәрізді арнайы айдарлар ашылса деген ұсынысым да бар.
Құрметті Бану Әнуарбекқызы, сізді және сіз арқылы Мұғалжар газетінің шығармашылық ұжымын сүйікті газетіміздің жарыққа шыққанына 95 жыл толу мерейлі мерекесімен құттықтаймын! Газет ұжымына алдағы кезеңдерде ерен табысқа жетіп, қалың оқырман қауымының ықыласына бөлене беруге тілектестігімді білдіремін. Оқырмандарыңыз көбейіп, алдағы уақытта шығармашылық табыстарыңыз биігінен көріне берсін!
Амангелді ҚАМАШЕВ, осы газеттің 1963 жылдан бастап штаттан тыс тілшісі, мемлекеттік қызмет ардагері.