ӨТКЕН АПТАДА АУЫЛ СПОРТЫНЫҢ МЕРЕКЕСІ – «АҚ БИДАЙ» АУДАНДЫҚ ЖАСТАР СПАРТАКИАДАСЫ ӨТТІ. ЕҢБЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ОРТАЛЫҒЫ САҒАШИЛІ АУЫЛЫНДА ӨТКЕН СПОРТ ДОДАСЫНА АУДАН БОЙЫНША 14 КОМАНДА, 250-ДЕН АСТАМ СПОРТШЫ ҚАТЫСЫП, СПОРТТЫҢ 7 ТҮРІНЕН БАҚТАРЫ МЕН БАПТАРЫН СЫНҒА САЛДЫ. ІС-ШАРАНЫҢ МАҚСАТЫ – САЛАМАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МЕН СПОРТТЫ НАСИХАТТАУ ЖӘНЕ БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТУ.
7 спорттүрі, 250 спортшы
Спорт додасының шымылдығы ҚР Гимнімен ашылып, ортаға ҚР Туы әкелінді. Спартакиаданың ашылу салтанатына аудан әкімі Дархан Ермағанбетов, қалалық және ауылдық округ әкімдері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
—Салауатты өмір салтын қалыптастыру – мемлекетіміздің басты бағыттарының бірі. Сол себепті спортсүйер жастарды қолдау — бізге артылған абыройлы міндет. Аудан спортшылары осы уақытқа дейін аудандық, облыстық, халықаралық байқауларда жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ауданымыздың абыройын асқақтатып жүр. Бұл жетістіктермен қуанамыз. Бүгінгі спартакиада ойындарында аудан жастары жоғары әдемі ойын көрсетеді деп сенемін, — деді аудан әкімі Дархан Жанысханұлы.
Ал ақсақалдар жағы жас спортшыларға сәттілік тілеп қана қоймай, ақ баталарын берді. Бағдарлама бойынша волейбол, футбол, қазақ күресі, қол күресі, асық ату мен бес асық, үстел теннисі, гір көтеру секілді спорт түрлерінен жарыстар өтті. Аудандық жастар спартакиадасы өз мәресіне жетіп, спорттың жеті түрі бойынша сынға түсіп, өз мықтылықтарын көрсеткен спортшылар өз командаларының намысын қолдан бермей, шеберліктерімен көзге түсіп, жүлделі орындарға ие болды. Жарыстың жабылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Дархан Ермағанбетов жеңіске жеткен командалар мен үздік ойыншыларды құттықтап, марапаттарын тапсырды.
—Сіздердің жеңістеріңіз аудан жастары үшін үлгі болып, мектеп жасындағы балалар арасында спортқа деген қызығушылықты арттырып отырғаны сөзсіз. Алдағы уақытта да биік шыңдарды бағындырып, ауданымыздың мерейін үстем етіп, жеңіс тұғырынан көріне берулеріңізге тілектеспін, — деді аудан әкімі.
Жарыс нәтижесі бойынша командалық есепте 154 ұпаймен Қандыағаш қаласының командасы жүлделі 1-ші орынға, 125 ұпаймен Ембі қаласының командасы 2-ші орынға, 115 ұпаймен Құмсай ауылдық округінің командасы 3- ші орынға, 105 ұпаймен Батпақкөл ауылдық округінің командасы 4- ші орынға, 73 ұпаймен Ащысай ауылдық округінің командасы 5- ші орынға, 62 ұпаймен Еңбек ауылдық округінің командасы 6- шы орынға, 55 ұпаймен Құмжарған ауылдық округі 7-ші орынға, 51 ұпаймен Жұрын ауылдық округінің командасы 8-ші орынға, 39 ұпаймен Ақкемер ауылдық округінің командасы 9-шы орынға, 37 ұпаймен Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округінің командасы 11- ші орынға, 21 ұпаймен Қайыңды ауылдық округінің командасы 12- ші орынға ие болды.
Қол күресінен ембіліктер бірінші
Соңғы жылдары ауданымызда қол күресі спорты айрықша дамып келеді. Бұған халықаралық жарыстар мен республикалық турнирлерде спортшыларымыздың бағындырып жүрген белестері дәлел. Аудандық спартакиада кезінде шымыр қолды, білегінде күші бар спортшы жастар бәсі биік бәсеке көрсетті. Аталған жарысқа жалпы саны 11 командада 44 спортшы қатысты. Жарыс нәтижесі бойынша 19 ұпаймен ембілік спортшылар жүлделі І орынға, 16 ұпаймен құмсайлық спортшылар ІІ орынға, 14 ұпаймен қандыағаштық спортшылар ІІІ орынға табан тіреді.
Асық атуға 8 команда қатысты
Қазақстан халқының дәстүрлі ойындары саналатын асық ату және бес асық ойыны тартысты өтті. Ептілікті, дәлдікті, жылдам реакцияны талап ететін асық ату ойынына 8 командада 24 асықшы бақтарын сынады. Арнайы кілем үстінде саптай тізілген асықтарды аса дәлдікпен атып түсіріп, мергендік танытқан командалардың ішінде Ембі қаласының споршылары 19 ұпай жинап, І орынды иеленді.
Ал ІІ орынға 16 ұпаймен Еңбек ауылдық округінің командасы, ІІІ орынға14 ұпаймен Жұрын ауылдық округінің командасы табан тіреді. Ал дәлдік пен қашықтықты межелеу қабілетін талап ететін бес асық ойынына бес команда қатысты. 15 асықшы бақ сынаған ойында І орынды қандыағаштықтар, ІІ орында ембіліктер, ІІІ орынды құмсайлықтар иеленді.
Үстел теннисі тартысты өтті
Бұл ойын — шапшақтық пен қырағылықты, ептілікті қажет ететін сайыс түрі. Аталған ойынға жалпы саны 10 командада 30 ойыншы қатысты. Ойыншылар әр ракеткадан ұшқан шарды мүлт жібермей, қарсыласына қай-та ұрып, шебер ойын көрсетті. Жарыс нәтижесі бойынша І орынды Қандыағаш қаласының командасы, ІІ орынды Жұрын ауылдық округінің командасы, ІІІ орынды Батпақкөл ауылдық округінің командасы жеңіп алды.
Ащысайлықтар топ жарды
Ауыр атлетика спортының бір түріне жататын гір тасын көтеру жарысы тартысты өтті. Қара күшті қажет ететін спорт ойынына 8 командада 32 спортшы қатысты. Ауыр тасты еш қиналмай көтеріп, Қажымұқан, Балуан Шолақ палуандарымыздың ізін басып, үлгісін көрсеткен ащысайлық команда 19 ұпаймен жүлделі І орынға ие болды. Ал екінші орынды 16 ұпаймен Қ.Жұбанов ауылдық округінің командасы, ІІІ орынды 14 ұпаймен Қандыағаш қаласының командасы иеленді.
Боз кілемде палуандар белдесті
Ұлттық төл спортымыз саналатын қазақ күресі кім-кімнің болса да делебесін қоздырары сөзсіз. Боз кілемде белдескен балуандар өз мықтылықтары мен ептіліктерін көрсетіп, ойынның көрігін қыздырды. Аталған белдесуде жалпы саны 8 командада 24 палуан өнер көрсетті. Жарыс нәтижесінде І орынды 19 ұпаймен Қандыағаш қаласы иеленсе, ІІ орынды 16 ұпаймен Ащысай ауылдық округі, ІІІ орынды 14 ұпаймен Ембі қаласы еншіледі.
Футболдан 72 спортшы қатысты
Бүгінде әлем спорты саналатын футбол ойыны десе ішкен асын жерге қоятындардың қатары көп. Аталған спорт түрі соңғы жылдары елімізде ғана емес, ауданымызда қарқынды дамып, мықты футболшылар шығып келеді. Өткен спартакиадаға қатысып, доп тепкен спортшылардан жалпы саны 9 команда құралып, 72 спортшы шебер өнер көрсетті. Бәсекесі биік спорт додасында 19 ұпаймен оқ бойы озық шыққан қандыағаштықтар жүлделі І орынды иеленді. Ал ІІ орынды 16 ұпаймен батпақкөлдіктер алса, ІІІ орыннан ақкемерліктер көрінді.
Қандыағаштық волейболшылар – жеңімпаз
Әлемдегі ең танымал ойындардың бірі болып табылатын волейбол ойыны әйелдер және ерлер арасында өтті. Қыздар арасындағы волейбол ойынына 6 командада 48 волейболшы қатысты. Олар бір-біріне доп беруде аса дәлдік пен ептілік көрсетіп, ойынды қызықты өткізді. Жарыс нәтижесі бойынша І орынды 19 ұпаймен Қандыағаш қаласы жеңіп алды. Ал ІІ орынға 16 ұпаймен құмсайлық қыздар, ІІІ орынға 14 ұпаймен батпақкөлдік қыздар табан тіреді.
Ал волейболдан ерлер арасында өткен жарысқа 8 командада 64 волейболшы қатысты. Жалпы ұпайлық есепте 19 ұпаймен жүлделі І орынды қандыағаштық жігіттер, ІІ орынды 16 ұпаймен жұрындықтар, ал ІІІ орынды 14 ұпаймен құмсайлық жігіттер жеңіп алды.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ, Зайырбек ЕСЕНЖОЛОВ