«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ІІМ Президенттің халыққа Жолдауында айтқан тапсырмаларын іске асыруға кірісті

Ішкі істер министрлігінде Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау бойынша жедел кеңес өтті. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Ведомство қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, процестерді цифрландыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және құқық қолдану тәжірибесінің тиімділігін арттыруға бағытталған бастамаларды іске асыруға кірісті.

Министр Ержан Саденов заң пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету — қауіпсіз әрі тұрақты мемлекет құрудың негізі екенін атап өтті.

— Президент атап өткендей, тәртіп пен заңдылықсыз заманауи әрі өркендеген қоғам құру мүмкін емес. Біздің басты міндетіміз — Заң мен Тәртіпті қамтамасыз ету, қоғамда барлық құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік қалыптастыру, — деді министр.

Кеңес барысында ведомство басшысы жеке құрамға нақты тапсырмалар жүктеді. Ерекше назар зорлық-зомбылық пен қоғамға жат мінез-құлықтың алдын алуға, құқық бұзушылықтар жиі тіркелетін ойын-сауық орындарының қызметіне бақылау жүргізуге аударылды.
Қызмет басшылары мен аумақтық бөліністерге әкімдіктермен бірлесіп, мұндай орындарға талдау жүргізіп, қайталанатын оқиғалардың алдын алу жұмысын күшейту тапсырылды. Сондай-ақ мал ұрлығының алдын алу топтарының жұмысын жандандыру, ауылдық жерлерде рейдтер өткізу, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, малды чиптеу мәселесін жедел пысықтау тапсырылды.
Көлік-логистика саласында министр транзиттік көліктерді негізсіз тоқтатуға жол бермеуді және теміржол жолдарындағы контейнерлік тасымалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етті. Жол қауіпсіздігі мәселесі жеке қаралды. Бұл салаға жасанды интеллектті қолдану арқылы цифрлық шешімдер енгізілмек.

Министр аумақтық департаменттерге жол-көлік оқиғалары жиі болатын учаскелерді қамти отырып, аудандарда профилактикалық шаралар жүргізуді, самокаттар белсенді қолданылатын жерлерде патрульдеуді күшейтуді және әкімдіктермен бірлесіп, арнайы инфрақұрылым құру бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды. Киберқылмыспен күрес аясында барлық бөліністер жаңа заңнамалық нормалардың күшіне енуіне байланысты құқық қолдану тәжірибесіне толық дайын болуы тиіс. Бұл дропперлердің әрекеттері үшін жауапкершілік, онлайн несие беруді шектеу және SIM-карталардың айналымын реттеу секілді мәселелерді қамтиды.

Инвестициялық климатты жақсарту мақсатында көші-қон қызметі мен аумақтық бөліністерге инвесторлық визаларды уақтылы беруді қамтамасыз ету және бизнесті заңсыз тексерулерді шектеу тапсырылды.
Туризм саласында ІІМ шетелдік қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, туристік полиция қызметін дамыту, оның техникалық жабдықталуын жақсарту және әуежайлар мен шекара бекеттерінде QR-коды бар туристік карталар жүйесін кеңейту жұмысын жалғастырады. Қорытындылай келе, Ержан Саденов барлық қызметтер мен аумақтық бөліністердің басшыларына жүктелген міндеттерді дереу орындауға кірісуді тапсырды.

— Қауіпсіз, құқықтық және цифрлық Қазақстан құру барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді әрекетін талап етеді. Бұл үдерісте ІІМ негізгі рөл атқарады және біздің міндетіміз — қоғамға нақты нәтиже көрсету, — деп атап өтті министр.

inform.kz

Ұқсас ақпараттар

УАҚЫТЫЛЫ ЕКПЕ АЛУ МАҢЫЗДЫ

admin_mugalzhar

«Заң мен Тәртіп» апталығының екі күнінде 8 мыңға жуық тұлға тегін заң көмегін алды

admin_mugalzhar

ЖАСӨСПІРІМ: 220 ХАТТАМА ТОЛТЫРЫЛЫП, 6 ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ТІРКЕЛГЕН

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.