—Президент Тоқаевтың жолдауындағы «Qazaq Digital Mektebi» моделі — ауылдағы шағын жинақты мектептерді заманауи цифрлық технологиялармен қамтамасыз етіп, оқу сапасын арттыруға бағытталған бастама. Бұл жоба цифрлық теңсіздікті азайтып, қала мен ауыл арасындағы білім сапасын теңестіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Президент жасанды интеллектіні (AI) білім беру жүйесінде, медицинада, мемлекеттік басқаруда тиімді қолдану қажеттігін атап өтті. Ол AI — елдің цифрлық болашағын қалыптастыратын маңызды құрал екенін айтты. Ел тарихында тұңғыш рет жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру ұсынылды. Оны вице-премьер деңгейіндегі маман басқаруы тиіс. Министрліктің негізгі міндеті — жасанды интеллектті барлық салаға жаппай енгізу және «Цифрлық кодексті» жедел қабылдау болмақ. Президент ЖИ саласындағы мамандарды даярлау мектеп қабырғасынан басталуы тиістігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ жасанды интеллект негіздері бойынша оқу бағдарламасы мен оқу құралдарын әзірлеуге, мұғалімдерді жаңа технологияларға үйретуге, ауылдық шағын мектептерге сапалы білім жеткізетін Qazaq Digital Mektebi платформасын іске қосу, Al-Sana бағдарламасы аясында 100 мыңға жуық студентті ЖИ жобаларына тарту, «Келешек мектептері» аясындағы жаңа білім нысандарының құрылысын алдағы айларда аяқтауға ерекше назар аударды.
Биылғы Жолдаудағы маңызды ұсыныстардың бірі – бір палаталыПарламент құру мәселесін талқылау. Президент ерекше атап өткендей, аталған шешім қоғамда, сарапшылар ортасында және қазіргі Парламентте кеңінен талқылануы тиіс. Бұл ашық саясатпен азаматтарды мемлекеттік реформаларға тарту бағытының көрінісі. Бұл үдерісте азаматтық қоғамның рөлі ерекше деп санаймыз. Кәсіподақтар азаматтық қоғамның белсенді күші ретінде алдағы реформаларды талқылауға және оларды іс жүзінде жүзеге асыруға үлес қосуға дайын. Біздің ұстанымымыз айқын, өйткені біз еңбеккерлердің мүддесін білдіріп, «халық үнін» билікке жеткіземіз. Біз Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру жолындағы бастамалары табысты жүзеге асатынына сенімдіміз және осы жолда әрбастаманы қолдауға белсенді атсалысуға дайынбыз.
Жұмагүл ЖҰМАБАЕВА, аудандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы