«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Еңбек құқығы және мемлекеттік қызметшілердің қадір-қасиетінің қорғалуы

Еңбек құқығы – бұл азаматтардың еңбек қатынастарына қатысу, еңбек шарты бойынша жұмыс істеу, жалақы алу, қауіпсіз және әділ еңбек жағдайында болу сияқты құқықтары мен міндеттерін реттейтін құқық саласы. Қазақстан Республикасының Конституциясы еңбек құқығын қорғауды қамтамасыз етеді және әрбір азаматтың қауіпсіз, тең мүмкіндікке негізделген еңбек жағдайында жұмыс істеуін кепілдендіреді.
Қазақстан Республикасының Конституциясында еңбек құқығы айқын түрде қорғалған және әр азаматтың еңбек етуге, өз кәсібін таңдауға, әділ және қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеуге құқығы бар екені атап көрсетілген. Мысалы, Конституцияның 24-бабының бірінші тармағында әрбір азаматтың еңбек етуге, оның ішінде өз кәсібін немесе мамандығын еркін таңдау құқығына ие екені көрсетілген. Бұл норма еңбек қатынастарының еркіндігін қамтамасыз етеді және азаматқа өз қабілеттері мен мүддесіне сай жұмысты таңдау мүмкіндігін береді, сонымен қатар жұмыс орнында қауіпсіздік пен әділеттіліктің сақталуына кепілдік береді.
Сонымен қатар, Ата заңымыздың жоғарыда аталған бабының екінші тармағы әрбір адамның өз еңбегіне лайықты және уақытында ақы алуға құқылы екенін айқындайды. Бұл норма еңбекке деген әділ бағалауды және қызметкердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді, яғни жұмыс беруші еңбекті жалақымен, сыйақымен кемсітушіліксіз қамтамасыз етуге міндетті.
Осылайша, Конституция еңбек құқығын тек экономикалық қатынастармен шектемей, сонымен қатар азаматтардың адамдық қадір-қасиеті мен қауіпсіздігін қорғау, әділдік пен теңдікті сақтау тұрғысынан да қарастырады. Бұл нормалар мемлекеттік қызметшілердің және барлық азаматтардың құқықтарын қорғаудың құқықтық негізін құрайды, еңбек қатынастарында әділдік пен сенімділікті қамтамасыз етеді.
Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен ар-намысын қорғау — қоғамдағы тұрақтылық пен мемлекеттік басқарудың тиімділігінің маңызды факторы болып табылады. Тәртіпті, қауіпсіз және әділ жұмыс ортасы тек заң талаптарының сақталуымен ғана емес, сонымен қатар моральдық-психологиялық атмосфераның дұрыс құрылуымен қамтамасыз етіледі.
Дегенмен, соңғы жылдары түрлі санаттағы еңбеккерлер, оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің арасында жүргізілген сауалнамалар еңбек саласында әлі де болса дискриминацияның, яғни кемсітушіліктің бар екендігін көрсетіп отыр.
Осылайша, 2024 жылы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, Қазақстандағы еңбек саласында дискриминация әлі де кең таралған құбылыс екендігі көрінді. Мемлекеттік қызметшілер арасында да төмендегі мәселелер байқалды:
• Жыныстық дискриминация: әйелдер мен ерлерге тең мүмкіндік берілмеуі, әйел қызметкерлерге жүктелетін қосымша міндеттер немесе мансаптық өсуге шектеулер.
• Жасқа байланысты шектеулер: жас қызметкерлердің тәжірибесіздігі немесе зейнет жасына жақындаған қызметкерлердің біліктілігін төмен бағалау.
• Харассмент (ағылш. harassment – қудалау, мазалау) – адамға өз қалауынан тыс физикалық қысым жасау, зорлық көрсету, ерсі сөздер арқылы, хабарлама арқылы бопсалау, жыныстық қатынасқа түсуге тарту, адамның арына тиетін сөз айту, жеке шекарасын бұзу.
• Қауіпсіздік пен әлеуметтік кепілдіктердің теңсіздігі: еңбек жағдайларының қолайсыздығы, материалдық және моральдық қолдаудың жеткіліксіздігі.
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, қызметкерлердің 32,1%-ы өздерінің жалақысын бірдей жұмыс атқаратын әріптестерге қарағанда төмен деп есептейді, бұл моральдық қысым мен жұмысқа деген ынтаны төмендетеді. Сонымен қатар, бейтарап бақылау мен қоғамдық бақылаудың жеткіліксіздігі дискриминация мен харассменттің алдын алу мен оны жоюда кедергі келтіреді.
Жұмыскерлердің, мемлекеттік қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін сақтау үшін ұйымда қолайлы жұмыс атмосферасын қалыптастыру өте маңызды. Мұндай ортада қызметкерлер бір-біріне сыйластықпен қарайды, әр қызметкердің кәсіби жетістіктері әділ бағаланады және қызметкерлер өз құқықтары мен міндеттерін біледі, дискриминация мен харассментке жол берілмеуін қамтамасыз етеді.
Бұл қағидалар қызметкерлердің жұмысқа деген сенімін арттырады, кәсіби міндеттерді тиімді орындауға және ұйым ішінде тұрақты ынтымақтастыққа ықпал етеді.
Мемлекеттік қызметшілердің еңбек жағдайларын, құқықтары мен ар-намысын қорғау — бұл тек заңдық міндет емес, сонымен қатар қоғам мен мемлекеттік құрылымның мәдениетінің айнасы. Тәртіпті және инклюзивті жұмыс ортасы қызметкерлердің кәсіби өсуіне жол ашып, қоғамдағы тұрақтылық пен сенімділікті қамтамасыз етеді. Харассменттің кез-келген формасына қарсы тұру және құқықтық негіздерді жетілдіру — бұл қазіргі күннің өзекті міндеттерінің бірі. Осы ретте, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына харассмент ұғымына байланысты енгізілуі тиіс өзгерістердің жобасы даярланғаны қуантарлық жайт.
Мемлекеттік қызметтің беделін өсіруде еңбек ұжымдарында еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеу, адамның жеке басының қадір-қасиетінің құрметтелуін дәріптеу мәдениетін қалыптастыру — мемлекеттік мекемелердің басшыларына үлкен міндет жүктейді.
Мемлекеттік қызметтің беделін арттыру тек қызметкерлердің кәсіби дайындығына ғана емес, олардың құқықтық және моральдық қорғалуына да байланысты. Еңбек ұжымдарында еңбек құқықтарының бұзылмауы, адам қадір-қасиетінің құрметтелуі, сондай-ақ әр қызметкердің өз пікірін білдіру және кәсіби дамуға тең мүмкіндік алу мәдениетін қалыптастыру — мемлекеттік мекемелердің тұрақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі болып табылады.
Сондықтан еңбек құқықтарын сақтау, дискриминация мен харассменттің кез келген түрін болдырмау, әділдік пен сыйластық қағидаларын насихаттау мемлекеттік басқарудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл тек заңдық міндет емес, сонымен бірге қызметкерлердің психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұйым ішіндегі моральдық ахуалды көтеру және азаматтар алдындағы мемлекеттік қызмет беделін арттырудың тиімді құралы болып саналады.
Дегенмен, еңбек саласында жұмыс берушілер тарапынан қызметкерлердің құқықтарын бұзушылықтар жиі кездесетін келеңсіз құбылыс.
2025 жыл ішінде Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Ақтөбе облысы бойынша өкілдігіне еңбек құқықтарының бұзылуы бойынша 7 шағым түссе, олар бойынша Ақтөбе облысының прокуратурасымен, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен бірлескен жұмыс нәтижесінде 1 жұмыс беруші әкімшілік жауаптылыққа тартылды, 4 азаматқа тиесілі жалақылары төленді. Сонымен бірге, Өкілдік азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау саласында қоғамдық ұйымдармен, оның ішінде кәсіподақ бірлестіктерімен тығыз жұмыстануда.
Осылайша, қызметкерлер еңбек қатынастарында әділетсіздікке ұшыраған кезде уақытылы әрекет етіп, құзырлы органдарға, уәкілге, өзі мүше болып табылатын кәсіподақ ұйымына жүгінуге толық құқығы бар.

Аққалқа БАЙДУЛЛИНА, Қазақстан Республикасындағы
адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің
Ақтөбе облысы бойынша өкілі.

Ұқсас ақпараттар

Биыл 20 ақтөбелік жас «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын иеленеді

admin_mugalzhar

ӘЛЕМДІ БАҒЫНДЫРҒАН ЖЕРЛЕСПЕН КЕЗДЕСУ

admin_mugalzhar

Қазақстандықтар 43 елге визасыз саяхаттай алады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.