НЬЮ-ЙОРК. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорктегі жұмыс сапары АҚШ-тың ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен «дөңгелек үстел» отырысында жалғасты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ-тың кеңейтілген стратегиялық серіктестігі қарқынды түрде дамып келе жатқанына назар аударды.
– Біз Американы маңызды серіктестеріміздің бірі санаймыз және сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенімізді растаймыз. Америка Құрама Штаттарының да осы стратегиялық ұстанымды қолдайтыны қуантады. Оған Президент Дональд Трамппен 2024 жылы желтоқсан айында болған әңгімелесу барысында көз жеткіздік. Бүгін біз Президент Трамппен тағы да мазмұнды әңгіме жүргіздік. Ол үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстан Президент Трамптың прагматикалық дипломатияны алға тартуын, Еуропа мен Таяу Шығыстан бастап Азия мен Африкаға дейінгі қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге ықпал ету ісіндегі рөлін жоғары бағалайды. Оның конструктивті позициясы мен нақты нәтижеге қол жеткізуге айрықша мән беруі жаһандағы жіктелу ушыққан кезеңде шиеленістің бәсеңдеп, диалогтың артуына ықпал етуде. Мақсат-міндеті айқын мұндай батыл әрі табанды әрекет халықаралық деңгейде мойындауға лайық. Біздің ойымызша, бұл ұстанымдар ертең өтетін БҰҰ-ның Жалпы дебатында Ұйымға мүше мемлекеттердің назарына ұсынылуы керек. Құрама Штаттар Қазақстан экономикасына 100 миллиард доллардан астам қаржы құйған ірі инвестор саналады. Екі ел экономикалық ықпалдастықта зор жетістікке жетті. Біз мұны мақтан тұтамыз. Қазір елімізде 630-дан астам америкалық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында Chevron, ExxonMobil, Boeing, Visa, Mastercard, Meta, Wabtec, Citibank секілді танымал брендтер бар, – деді Президент.
Отырыста АҚШ Сауда палатасының президенті Сюзанн Кларк, Chevron компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уирт, АҚШ Сауда министрінің орынбасары Уильям Киммит, АҚШ Мемлекеттік хатшысының экономикалық өсім, энергетика және қоршаған орта мәселелері жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Томас Лерстен, NVIDIA компаниясының жасанды интеллект саласындағы жаһандық бастамалар бойынша вице-президенті Калиста Рэдмонд, Boston Consulting Group компаниясының директорлар кеңесінің жаһандық төрағасы Ричард Лессер, S&P Global компаниясының тәуелсіз рейтингтер және көпжақты қаржы институттары рейтингтері жөніндегі жаһандық бағытының басшысы, басқарушы директоры Роберто Сифон-Аревало, ExxonMobil Upstream Company президенті Дэн Амман, LanzaJet компаниясының бас атқарушы директоры Джимми Самарцис, The Boeing компаниясының вице-президенті Лэндон Лумис, Ashmore Group компаниясының бас атқарушы директоры Марк Кумбс, Visa компаниясы төрағасының орынбасары әрі персонал және корпоративтік мәселелер жөніндегі бас директоры Келли Тулье, Ivanhoe Mines Ltd. негізін қалаушы әрі директорлар кеңесінің атқарушы теңтөрағасы Роберт Фридланд, Колорад тау-кен ісі мектебінің президенті Пол Джонсон, GTM, OpenAI білім беру және мемлекеттік бағдарламалар бағыты бойынша жетекшісі Кевин Миллс, Mastercard компаниясының бас әкімшілік директоры Ричард Верма, Shell USA компаниясының президенті Колетт Хёрстиус, Honeywell Process Automation компаниясының президенті және атқарушы директоры Джеймс Массо, Amazon Kuiper компаниясының жаһандық тұтыну бағытының жетекшісі Лиза Скалпоне сөз сөйледі.