Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттырғаны сөзсіз. Айталық, ел бойынша осы бағытта түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жастарды осы салаға тарту қарқынды жүруде. Ал аудан аумағында орналасқан кәсіптік білім беру ұйымдары еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды қалай даярлауда? Оны төменде тарқатамыз. Сонымен…
9 МАМАНДЫҚ ТҮРІ ОҚЫТЫЛАДЫ
Аудан аумағында өнеркәсіптік білім беретін үш колледж бар. Оның көшін аудан орталығында орналасқан Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжі бастайды. Аталған оқу орны 1946 жылы Қандыағаш ФЗО-12 құрылыс училищесі болып ашылған. Мақала жазу барысында сексен жылдық тарихы бар білім ордасына арнайы барып, болашақ жұмысшы мамандық иелерін сөзге тартып, колледж директоры Жасұлан Оразханмен сұхбат құрдық. Колледж директорының сөзінше, жылдар желісінде оқу орнының атауы бірнеше мәрте өзгертілген. Алғашында құрылыс училищесі болып ашылған білім ордасы фабрикалық зауыттық оқыту, кәсіптік-техникалық училище, кәсіптік-техникалық мектеп, кәсіптік лицей болып өзгертіліп, бүгінде өнеркәсіптік-экономикалық колледжі мәртебесіне ие болып, 2012 жылы қайта құрылды.
— Колледждің миссиясы — техникалық және кәсіптік білім берудің кәсіби қызметінде сапалы білімді, жоғары білікті, бәсекеге қабілетті маман даярлау. Бүгінде оқу орнында 40 педагог қызмет етеді. Педагогтердің сапалық құрамына келетін болсақ, 2 магистр, 3 педагог зерттеуші, 6 педагог сарапшы, 20 педагог модератор бар. Олар болашақ жұмысшы мамандық иелерін дайындау мақсатында сапалы білім беруді ұйымдастыруда. Бізде қызмет атқаратын педагогтер үнемі өз біліктіліктерін артырып отырады. Өндіріс шеберлері мен пән оқытушылары «Өрлеу», «Педагогикалық шеберлік орталығы», «Талап» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мекемелерінен біліктілік арттыру курстарынан және өндірістік мекемелерде тағылымдамадан өтеді. Себебі білімді маман дайындау үшін мұғалімнің де біліктілігі жо-ғары болуы – маңызды, — деді колледж директоры Жасұлан Оразхан.
Колледжде қазіргі уақытта «Технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару», «Слесарлық іс», «Компьютерлік аппараттық қамтамасыз ету операторы», «Теміржолдың жылжымалы құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық кызмет көрсету», «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану операторы», «Нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі», «Газбен қамтамасыз ету жабдықтарымен жүйелерін құрастыру және пайдалану», «Есеп және аудит», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандықтары бойынша кадрлар даярлануда.
— Бүгінде колледжде жалпы саны 394 студент білім алуда. Биылғы оқу жылында 258 студент қабылданды. Ал бітіруші түлектер саны – 114. Студенттердің мамандықтар бойынша білім алуына толық жағдай жасалған. Оқу ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Колледж типтік ғимаратта орналасқан, соның ішінде 14 оқу кабинеті, 8 шеберхана бар. Барлық кабинет интерактивтік тақтамен, физика, информатика, бухгалтер кабинеті және әр мамандық бойынша өндірістік оқыту шеберханалары заманауи құралдармен жабдықталған және интернет желісіне толықтай қосылған. Сонымен бірге 2017 жылдан бастап оқу корпусының бірінше қабатынан 40 орындық жатақхана ашылды. Жатақхананың 8 жатын бөлмесі, 1 ас бөлмесі, 1 демалыс бөлмесі, 2 санитарлық-гигиеналы қ бөлмелері бар және колледждің асханасын, кітапханасын, акт залын, гимнастикалық залын пайдаланады. Қазіргі уақытта жатақханада 10 студент тұрып жатыр, — деді ол.
Директордың сөзінше, өткен жылы СНПС «Ақтөбемұнайгаз» мекемесінің қолдауымен жалпы соммасы 100 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, «Технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару», «Дәнекерлеу ісі», «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану операторы», «Слесарлық іс» мамандықтарының кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталып, 106 ноутбукпен қамтамасыз етілген. Бұл студенттердің заманауи құрылғылармен жұмыс жасап, бәсекеге қабілетті, сапалы білім алуына мүмкіндік беретіні сөзсіз.
—Мамандарды даярлау сапасын арттыруға ықпал ететін факторлардың бірі – әлеуметтік-әріптестермен тиімді ынтымақтастық. Осы орайда кадрларды даярлау бойынша колледж 12 мекемемен әлеуметтік-серіктес ретінде келісім шартқа отырды. Келісім шарт негізінде жұмыс берушілермен өзара іс-қимылдың басым бағыттары академиялық дербестік, дуалды оқыту жүйесі, кәсіпорындардың колледжге қамқорлығы, кәсіпорындарда педагогтердің тағылымдамадан өтуі мәселелері қарастырылды. Атап айтатын болсам, қазіргі уақытта «Коммуналшы», «Транстелеком», «Қандыағаш сигнализация және байланыс торабы», «АқтөбеМұнайМаш Комплект», «GOLD Инвест Холдинг» мекемелерімен, «Мұғалжар», «Кентавр», «Іскер маман», «Олжа» ЖШС-терімен, «Enter+», «Раушан», «Caramel» жеке кәсіпкерліктерімен әріптестік-серіктестік байланыстамыз. Сонымен бірге білім сапасын арттыру мақсатында Қандыағаш қаласындағы №3 мектеп-гимназиясымен және Ақкемер жалпы білім беретін орта мектебімен меморандумға отырып, қазіргі таңда тығыз қарым-қатынаста жұмыстар жүргізілуде, — деді колледж директоры.
Жасұлан Оразханұлы колледжде жыл сайын студенттердің меңгерген кәсіби құзыреттіліктерін іс жүзінде көрсетуге мүмкіндік беретін аралық және қорытынды аттестаттауды өткізу нысаны саналатын демонстрациялық емтиханның өтетінін жеткізді. Бұл емтихан 2021-2022 оқу жылынан бастап жүзеге асырылады екен. Өткен оқу жылында «Бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматикаға қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі слесарь», «Газ құбырларын пайдалану және жөндеу слесарі», «Компьютерлік аппараттық қамтамасыз ету операторы», «Наубайшы» мамандықтары бойынша 85 студент демонстрациялық емтихан тапсырған.
—Біздің колледжде теорияны өндіріспен ұштастыра оқытатын дуальды оқыту жүйесі бар. Дуалды оқыту әдісіндегі ерекшеліктердің бірі – оқу бағдарламасының 30 пайызы теориялық, 70 пайызы өндірісте тәжірибеден өтуге негізделген. Соңғы үш жылда осы жүйе арқылы 436 студент диплом алды. Ал биылғы оқу жылында 155 студент қабылданып, білім алуда. Тағы бір айта кететін жайт, осы оқу жылында қабылданған студенттер жұмысшы мамандығымен қоса орта білім негізінде колледж мамандығын игеріп шығады. Олар колледжді аяқтаған соң жоғары оқу орнының 2 курсына қабылданып, жалғастыруға мүмкіндік алады. Жұмысшы мамандықтар беделін арттырып, жастарды тарту мақсатында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттеріне шәкіртақы төленіп, ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі, — деді Жасұлан Оразханұлы.
Ол колледжде «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу жөніндегі салалық жоспардың құрылғанын тілге тиек етті. Аталған жоспарға сәйкес, колледж мамандары аудан аумағындағы мектептерге барып, оқушылармен кездесу ұйымдастыратынын тілге тиек етіп, «Бір мектеп-бір дағды», «Қадам-life» жобаларын жасап, «Jas Skills», «Junior Skills» кәсіби шеберлік байқауларын, «Skills Camp» жазғы лагерін ұйымдастырған. Сонымен бірге өндірістік мекемелерде экскурсиялар өткізілгенін айтты. Ондағы мақсат — жұмысшы мамандыққа деген қызығушылығын арттырып, кәсіби бағдар беру. Колледж директоры бітіруші түлектерді оқытып қана қоймай, жұмысқа орналастыру үшін де жүйелі жұмыстың жүргізілетінін баяндады.
—Осы жылдың мамыр айында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Олжа» АҚ-ның Ембі бөлімшесіндегі сервис орталығы мен колледж арасында түлектерді жұмысқа орналастыру және студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізу мақсатында меморандумға қол қойылды. Осы меморандум аясында көптеген бітіруші түлектер жұмысқа орналасты. Өткен оқу жылында колледжді 114 студент аяқтаса, соның 107-сі жұмысқа тұрып, еңбекке араласты, — деді ол.
КОЛЛЕДЖ ШЕБЕРХАНАСЫНАН…
Сұхбат соңында Жасұлан Оразханұлы колледж студенттерінің жетістіктерін айтып, бір марқайып қалды. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттерінің арасында өтетін облыстық дәстүрлі «WorldSkills» чемпионатына қатысқан колледж студенттері жыл сайын жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындар иеленіп жүр екен. Біз колледж директорымен сұхбатымызды аяқтап, жұмысшы мамандық иелері білім алып, тәжірибе жинақтайтын колледж шеберханаларына бас сұқтық. Алдымен Бақылау, өлшеу аспаптары және автоматика шеберханасына бардық. Онда бізді өндірістік оқыту шебері Алдияр Кусаин қарсы алып, студенттерімен таныстырды. Содан соң әр түрлі бақылау-өлшеу жабдықтары мен автоматты басқару жүйелеріне қызмет көрсететін, жөндейтін және басқаратын құрылғыларды көрсетіп, қауіпсіздік техникасын айтып берді.
— Бұл мамандықты көпшілік «КИПиА» («Контрольно-измерительные приборы и автоматика) деп атайды. Бақылау, өлшеу аспаптары және автоматика мамандығы үлкен жауапкершілікті талап етеді және өнеркәсіп пен өндірісте өте маңызды бағыт саналады. Студенттер температура, қысым, деңгей, шығын, ылғалдылық сияқты параметрлерді өлшейтін датчиктер мен аспаптарды орнатады, тексеруді үйренеді. Автоматтандыру – өндірістің үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін автоматтандырылған жүйелерді жобалайды, іске қосады және жөндейді. Электр және пневмо жүйелермен жұмыс жасау барысында кабель тарту, схемаларды оқу, бағдарламаланатын логикалық контроллерлермен жұмыс істейді. Сонымен бірге аспаптардың дәлдігін тексеру, қажет болса баптауды меңгереді. Бұл өте қызықты мамандық болғандықтан тек қана ер балалар емес, қыз балалар да оқиды. Бүгінде біздің колледжде осы мамандық бойынша нәтижелі еңбек етіп жүрген студенттеріміз жетерлік. Олар өндіріс орындарын еңбек етуде, — деді өндірістік оқыту шебері Алдияр Кусаин.
Одан әрі біз, өндіріс пен құрылыс саласында ең сұранысқа ие және техникалық тұрғыда маңызды кәсіптердің бірі «Дәнекерлеу ісі» мамандығын даярлайтын шеберханаға бас сұқтық. Ол жерде өндірістік оқыту шебері Жексенбек Мұқанбетқалиев шәкірті Дидар Амандәулетке дәнекерлеу шеберлігін үйретіп жатыр екен. Олар автокөлік дөңгелегінің темір екі дискісінен бір-біріне жалғап, қазан астына қоятын ошақ дайындауда. Өндірістік оқыту шебері Жексенбек Мұқанбетқалиев дәнекерлеу ісінде ең алдымен қауіпсіздіктің маңызды екенін атап көрсетті.
— Біз студенттерге алдымен қауіпсіздік шараларын қатаң ескертеміз. Содан кейін дәнекерлеу аппаратын қосу, қалай ұстау қажеттігін үйретеміз. Дәнекерлеуші металл бөлшектерін, құбырларды, конструкцияларды әртүрлі әдістермен қосып, дәнекерлеу аппаратымен бір-біріне жалғайды. Бұл жұмыс аса ұқыптылық пен шеберлікті талап етеді. Дәнекерлеу жұмысы да металдардың қасиеттеріне бірнеше түрге бөлінеді. Айталық, электр доғалы, газбен, жартылай автоматты, аргон-доғалы дәнекерлеу болып бөлінеді. Осының барлығын студенттерге барынша үйретуге тырысамыз, — деді өндірістік оқыту шебері.
Дәнекерлеу мамандығын меңгеріп жүрген 3 курс студенті Дидар Амандәулет дәнекерлеуші мамандығының болашағы жарқын екеніне сенімді. Себебі бұл мамандық кез келген салада сұранысқа ие.
— Дәнекерлеу ісі маған өте қатты ұнайды. Мамандықты меңгеріп, дипломымды қолыма алғаннан кейін өндірістің кез келген саласына жұмысқа тұруыма мүмкін-дік көп. Менің білуімше, дәнекерлеушілердің жалақысы орташа деңгейден жоғары. Тіпті жеке кәсіп ашуға мүмкіндік бар. Дәнекерлеу аппаратын сатып алып, жеке тапсырыстар орындап, қосымша табыс табуға болады, — деді болашақ дәнкерлеуші. Тепловоз машинисінің көмекшісі – бұл теміржол саласындағы жауапты және қызықты мамандық. Ол машинистке (пойыз жүргізушісіне) пойызды басқаруда, қауіпсіздікті сақтауда және техникалық жағдайды бақылауда көмектеседі. Теміржол саласы еліміз үшін стратегиялық маңызды, экономиканың күретамыр деуге болады.
Бұл салаға білікті мамандар дайындау да жыл сайын жолға қойылып келеді. Аталған колледжде тепловоз машинисінің көмекшісі мамандығы да оқытылады. Осы мамандық бойынша білім алып жатқан Ринат Халкин таңдаған мамандығы бойынша шағын ақпарат беріп өтті. Сондай-ақ қабырғаға ілінген тепловоз машинасының сызылған макетінің көрнектіліктерімен таныстырды.
— Менің оқып жатқан мамандығым өзіме қатты ұнайды. Бірінші курс болғаннан кейін қазіргі уақытта тепловоз машинасының жалпы құрылымы туралы, машинист көмекшісінің міндеті жөнінде оқып жатырмыз. Ол тепловоздың жұмысын бақылап, қозғалыс кезінде құралдарды тексеріп, локомотивтің техникалық жағдайына бағдар жасайды. Оқуымды аяқтағаннан кейін мамандығым бойынша жұмыс жасап, нәтижелі еңбек ететініме сенімдімін, — деді студент Ринат Халкин.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ