«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

КӘСІПКЕРЛЕР КЕҢЕСІ: КОММУНАЛДЫҚ ТӨЛЕМ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Мұғалжар аудандық кәсіпкерлер кеңесінің кезекті отырысы аудандық Кәсіпкерлер палатасының коворкинг орталығында өтті. Басқосуға кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен қатар аудан прокурорының аға көмекшісі Нұрсұлтан Ахметкерей де қатысып, заңдық тұрғыдан түсіндірме берді.

Жиында ең алдымен аудан әкімі мен прокурорының жеке қабылдауында көтерілген өзекті мәселелер сөз болды. Кәсіпкерлердің басты талқысына айналған тақырып — коммуналдық төлемдер. Жеке кәсіпкерлік нысанында жұмыс істесе де, кейбір азаматтарға төлемдерді заңды тұлға ретінде жүргізу туралы талап қойылатыны кәсіпкерлер арасында түсінбеушілік тудырған. Бұл ретте әрбір төлемнің қандай нормативтік құжаттар мен тарифтерге сүйене отырып есептелетіні жайлы нақты түсінік беру қажеттігі айтылды.

Аталған сұрақтарға Мұғалжар аудандық электр желілері учаскесі бастығының орынбасары Мейрамбек Битенов, «Коммуналшы» мекемесінің бөлім басшысы Зина Магзумова және инженер-оператор Валентина Вакуленко егжей-тегжейлі жауап берді. Олар жеке және заңды тұлғаларға арналған тарифтердің айырмашылықтарын, есептеу тәртібін және соңғы өзгерістерді тарқата түсіндірді. Кеңес барысында кәсіпкерлер Серік Сарымсақов пен Ерлан Айтжанов өз тәжірибелерімен бөлісіп, нақты мысалдар келтірді.

Олар электр қуаты мен су есептегіш құралдарына қатысты кейбір техникалық мәселелерді көтеріп, қызмет көрсету сапасын жақсарту жөнінде ұсыныстарын айтты. Кездесуді қорытындылаған Кәсіпкерлер палатасы Мұғалжар филиалының директоры Көмекбай Бектұрғанов кәсіпкерлердің әрбір ұсынысы назардан тыс қалмайтынын атап өтті.

Бүгін көтерілген коммуналдық төлемдерге қатысты мәселе облыстық палатаның өңірлік кеңесінің қарауына ұсынылады. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіледі, — деді ол. Кеңес соңында қатысушылар жергілікті кәсіпкерлер мен коммуналдық қызмет көрсетушілер арасында тығыз байланыс орнатып, түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет деген ортақ пікірге келді.

А.МАНАСБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

1 қазанда облыстың әлеуметтік нысандарына жылу беріледі

admin_mugalzhar

ЖҰМЫСШЫ – МЕРЕЙЛІ МАМАНДЫҚ

admin_mugalzhar

Ақтөбелік хоккейші қыздар марапатталды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.