«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Камшат ЕРМАҒАМБЕТОВ: МАҚСАТЫМЫЗ – СЕНІМ АРТҚАН ХАЛЫҚТЫҢ ҮДЕСІНЕН ШЫҒУ

ГАЗЕТІМІЗДЕ ЖАҢА АЙДАР. ОЛ — «ДЕПУТАТ ЖӘНЕ УӘДЕ». БҰЛ АЙДАР АЯСЫНДА АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫН АШЫҚ СҰХБАТҚА ШАҚЫРЫП, САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНДА БЕРГЕН УӘДЕЛЕРІНІҢ ОРЫНДАЛУЫ МЕН КӨТЕРГЕН БАСТАМАЛАРЫ ЖӨНІНДЕ СҰРАП, ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТӨҢІРЕГІНДЕ ОЙ ТАРҚАТАМЫЗ. ЕНДЕШЕ, АЙДАРЫМЫЗДЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚОНАҒЫ – АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ, ДЕПУТАТ КАМШАТ ЕРМАҒАМБЕТОВ. СОНЫМЕН…

Камшат Камалұлы, Мемлекет басшысының бастамасымен мәслихаттың өкілеттілігі кеңейтілгені белгілі. Осы жайында толық айтып өтесіз бе? Жалпы, мәслихаттың жұмысы салыстырмалы түрде қалай өзгерді?
Мәслихат – халық пен жергілікті деңгейдегі биліктің өзара ісқимылының бірінші негізгі жолы. Бүгінде мәслихатқа үлкен мәселелер тәуелді. Қазіргі мәслихат жергілікті жерде түйінді мәселелердің шешілу жолдарын өзектендіретін және бақылайтын органға айналып келеді деп айта аламын. Бұның бәрі елімізде жүргізіліп жатқан тиісті реформалардың нәтижесі. Себебі Президенттің бастамасымен елімізде алғаш рет мәслихат төрағасы лауазымы енгізілді. Президенттің сөзімен айтсам, мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Есіңізде болса, 2023 жылы 19 сәуірде Президенттің төрағалығымен барлық деңгейдегі әкімдердің, мәслихат төрағаларының қатысуымен үлкен жиын өтті. Аталған кеңеске мәслихат депутаттарының шақырылуы жайдан-жай емес. Президент осы кеңеске жиналған мәслихат өкілдеріне олардың бірінші кезектегі міндеті жергілікті тұрғындардың мүддесін қорғау керектігіне баса назар аударды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы осы жиында халықпен жиі кездесу, елді мекендердегі су, жарық, жол мәселелерін әкімдіктермен бірлесе отырып шешіп, бір мүддеде жұмыс істеу қажеттігін жеткізді. Бұдан басқа мәслихаттардың тиісті аумақты дамыту жоспарларын, әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды, жергілікті бюджетті және олардың атқарылуы туралы есептерді бекіту құзыреттері бар. Бұлар мәслихат жұмысының қоғамдағы ықпалын көрсетіп отыр.

Сұхбат басында мәслихат өкілдері алдымен жергілікті тұрғындардың мүддесін қорғау қажет екенін айтып өттіңіз. Осы орайда депутат халық пен билік арасында көпір екені анық. Аудандық мәслихат депутаттарының сессияларда көтерген маңызды депутаттық сауалдары туралы айтсаңыз және оның салмағы қандай? Депутаттар көтерген мәселелер шешімін қаншалықты тапты? Атап көрсетсеңіз.
Депутаттық өкілеттілікті атқару – тек сессия және тұрақты комиссиялардың жұмысына қатысу ғана емес, сонымен бірге сайлаушылармен жұмыс, азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдау, өтініштер мен арыздарды қарау. Депутаттар кездесулер өткізіп, жеке қабылдауда тұрғындарды қабылдады. Осы кездесулерде айтылған мәселелерге түсіндірмелер беріліп, күрделі де маңызды сауалдары тиісті мекемелер мен салалар басшыларына, сессияға, аудан әкіміне жеткізіліп, олардың оң шешімдері табылуына ықпал етіліп отырады. Ауданаралық жол мәселесі бойынша көлік министрлігіне, білім саласы бойынша білім министрлігіне жолданған сауалдарымыз да бар. Жергілікті мемлекеттік орган басшыларына жолданған сауалдарымыз да оң шешімін табуда. Сондай-ақ, тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың қысқы жылу маусымына дайындығын анықтау мақсатында ауданымыздағы қалаларды, елді мекендерді аралап, тұрғындардың тұрмыс тіршілігімен танысады. Барлық қалалар мен ауылдық округтердің мекемелері қаралып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, жөндеу жұмыстары мен мекемелердің қысқа дайындығы толықтай қаралады. Атап айтатын болсақ, бүгінде салынып жатқан Ембі қаласындағы қоқыс полигоны, Жағабұлақ ауылындағы балабақша, кейбір елді мекендердегі мал қорымдары мәслихат депутаттарының араласуымен жүзеге асырылып жатыр десем, артық айтқаным емес. Сонымен бірге әрбір мереке қарсаңында аз қамтылған отбасыларынан шыққан, ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларға мерекелік сыйлықтар тарту етіліп, қыстық киіммен көмек көрсетіледі.

Мәслихаттың негізгі жұмыстарының бірі — бюджеттен бөлінген қаражаттың дұрыс әрі әділетті жұмсалуын бақылау. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар бойынша не айтуға болады?
Ол рас. Біз, мәслихат депутаттары, аудан бойынша бөлінген қаражаттың тиімді игерілуіне және оның мақсатты жұмсалуына баса назар аударамыз. Депутаттық бақылау аясында үнемі объектілерге қадағалау жасалып отырады. Бюджет — мемлекеттің саясатын жүзеге асыратын негізгі құрал. Аудан бюджеті түрлi саяси, әлеуметтiк, мәдени бағдарламаларды жүзеге асырудан бөлек, тұрғын үй, құрылыс, денсаулық сақтау, бiлiм беру, еңбекпен қамтамасыз ету салаларында үлкен маңызға ие. Айталық, мәслихат депутаттары аудан бюджетін жоспарлап, бөлу кезінде жасалатын жұмыстың маңыздылығына мән беріп барып, мақұлдап шешім шығарады.

Мәслихат қызметкерлерінің мойнына артылар жауапкершілік жүгі қашан да ауыр. Депутат қосымша оқу курстарынан өте ме?
-Мәслихат жұмыстарын реформалаудағы тағы бір бағыт — депуттардың этиканы сақтауы және олардың білімі мен біліктілігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылған. Мәслихат депутаттары аймақтағы адамдардың өміріне әсер ететін маңызды шешімдер қабылдауға жауапты тұлға. Олар өз міндеттерін тиімді орындай алуы үшін әртүрлі салада өз біліктілігі мен білімін ұдайы арттырып отыруы қажет. Біздің депуттар өткен жылы қосымша біліктілікті арттыру оқуларынан өтті. Бұл оқулар олардың біліктілігін арттырып, жалпы өңірлік басқарудың тиімділігін қамтамасыз етуді ұйымдастырады. Әр депутаттың білімі, киім-киісі, халықпен кездесуде өзін-өзі ұстауы, этикалық нормаларды сақтауы сияқты мәселелер бәрі біздің жіті қадағалауымызда. Халық қалаулылары өздерінің депутаттық міндеттерін орындау барысында өз сайлаушыларымен кездесіп, үнемі жеке қабылдаулар өткізеді. Атқарған жұмыстары туралы жылына бір рет сайлаушылары алдында есеп береді.

Қарапайым адамдар жеке мәселесі бойынша мәслихат депутаттарына қалай жүгіне алады?
Тұрғындар жұмыс аптасының кез келген уақытында бізбен кезексіз кездесіп, өздерінің талапарыздарын жеткізе алады. Біз бүгін қабылдау күні емес деп отырмаймыз. Менің қабылдау күнім негізі әр аптаның бейсенбісі. Бұған қоса депуттар өздерінің жоспарына сай кезекпен тұрғындарды жекелей қабылдайды. Жалпы біз халықпен кабинетте ғана емес, олардың ортасында болып, сол жерде тұрғындардың талаптарын тыңдап, тиісті органдарға жеткіземіз. Біз бірлесе отыра, алдымызға қойған мақсаттарға жете аламыз! Біздің қызметіміз одан әрі де еліміздің игілігіне бағытталады. Мұғалжар аудандық мәслихатының 8-ші шақырылым депутаттары алдағы уақытта да аудан халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен инфрақұрылымын жақсарту үшін көптеген игілікті жұмыстардың атқарылуына бастамашы бола бермек.


Аудандық мәслихат депутаттарының жалпы жұмысы туралы айттық. Енді ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде не айтар едіңіз? Ауданның дамуындағы мәслихаттың рөлін қалай бағалар едіңіз? Аудан депутаттары әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді шешуде депуттар қаншалықты белсенділік танытып отыр?
Мұғалжар аудандық мәслихатының депуттары өте белсенді, олар барлық салада халықтың мұң-мұқтажын айтып жүр. Аудандық мәслихат депутаттары қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесіп, аудан халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен инфрақұрылымын жақсарту үшін көптеген игілікті жұмыстардың атқарылуына бастамашылдық танытады. Рас, өздерінің басшылық лауазымда атқарып отырған жауапты қызметі, жұмыс орны бар депутаттарымызға үлкен аумақта орналасқан ауданның 39 елді мекендерінде жиі болып тұруы оңай шаруа емес. Солай десек те, олар округтердегі ауыл әкімдіктерімен, мектептермен және қоғамдық ұйымдармен тікелей байланыста болып, мүмкіндігінше кездесулер өткізеді. Депутаттарымыз сол кездесулерде көтерілген өзекті мәселелердің күрделі де маңыздысын тиісті мекемелер мен салалар басшыларына, сессия отырысына, аудан әкіміне жеткізіп, олардың оң шешімдерінің табылуына ықпал етіп отырады.
Сіз осыдан екі жыл бұрын мәслихат депутаттығына үміткер болған уақытта әділдік пен адалдықты, ашықтық пен жариялылықты, еркіндік пен еңбекті ұштастыра отырып, ауданымыздың гүлденуіне үлес қосатыныңызды айтқан едіңіз. Бүгінде сайлаушылар алдында берген уәдеңізді қаншалықты орындадым деп есептейсіз?
Иә, дұрыс айтасыз. Мені аудан мәслихатының депутаты етіп сайлап, сенім артқан халықтың мұңмұқтажын барынша көңіл бөліп, үніне ден қойып, ел ішіндегі мәселелерді шешуге ықпал етуге тырысып келемін. Үнемі елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесемін. Жақында ғана облыстық мәслихат депутаты Наурызбек Сарбасов екеуміз аудан аумағындағы барлық ауылдарды аралап, халықтың әл-ауқатымен, тұрмыс-тіршілігімен танысып қайттық. Тұрғындардың тарапынан көтерілетін мәселелер сан алуан. Бірі жол, ауыз су, жарық мәселелерін көтерсе, екіншілері білім мен денсаулыққа қатысты ұсыныстарын айтып жатады. Біз де тұрғындардың ұсыныстарын аяқсыз қалдырмай, оларды шешу үшін тиісті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істеп, шешімін табуға тырысамыз.
Әңгімеңізге рақмет!
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

БҮЙРЕК: 30 АДАМ ДИАЛИЗГЕ ТӘУЕЛДІ

admin_mugalzhar

Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайлары әлемдік деңгейдегі мультимодальды орталықтарға айналады – Президент Жолдауын орындау

admin_mugalzhar

Ақтөбеде бейімдеу орталығынан қашып кеткен үш қыз пәтерден табылды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.