Еске сала кетейік, ауылдарды газдандыру жұмыстары өткен жылы басталған болатын. Жобаныңжалпықұны – 1млрд 103 млн теңге, ал газ желісінің жалпы ұзындығы – 38 шақырымды құрайды. Жобаның тапсырыс берушісі – Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, ал мердігер ұйым – «Алихан Ойл-З» компаниясы.
Қазіргі таңда Сабындыкөл ауылындағы ішкі газ желісін тарту жұмыстары толық аяқталды. Бұл – ауыл тұрғындары үшін тарихи оқиға. Енді әр шаңырақта жылу мен жайлылық орнап, тұрғындардың тұрмысы едәуір жеңілдемек.
Ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісуге Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев пен Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов арнайы барды. Салтанатты шара барысында облыстық басқарма басшысы Арысұлан Айтбаев тұрғындарды қуанышты жаңалықпен құттықтады.
— Елді мекендерді газбен қамту — тұрғындардың әлауқатын арттыру жолындағы маңызды қадам. Бұл — мемлекет қолдауының, ел еңбегінің нәтижесі. Ең бастысы, енді ауыл үйлерінде жылу мен жарық үзілмейді. Көгілдір отынның келуі – елді мекендердің өркендеуінің айғағы. Бұл игілік әр шаңыраққа береке мен жайлылық әкелсін, — деген ізгі тілегін білдірді.
Өз кезегінде аудан әкімі Дархан Ермағанбетов ауыл тұрғындарын тарихи оқиғамен құттықтап, осындайжақсыжаңалықтар жалғасын таба беруін тіледі. Ал ауылдың абыз ақсақалы, еңбек ардагері Дүйсен Ізтлеуов қуанышқа ортақтасып, өзінің ризашылығын білдірді.
-Біз бұл күнді ұзақ күттік. Осындай игі істің жүзеге асқанына разымыз. Халықтың тұрмысы жақсарсын, ел аман болсын, — деді ризашылықпен.
Салтанатты рәсім соңында ауыл тұрғындарына символикалық түрде алғашқы газ Зейнегүл Бітімбаева мен Құлмұхамбет Тлегенов отбасыларының үйлерінде қосылды. Облыс пен ауданнан келген басшылар үйлерге кіріп, пеш пен қазандықтардың жұмысына көз жеткізіп, көгілдір отынның алауын бірге жақты. Бұл қуанышты сәт ауыл халқы үшін үлкен мереке болып, Республика күніне арналған ерекше тарту ретінде есте қалды.
А.МАНАСБАЕВА