«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВ: АУДАНДА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР БОЙ КӨТЕРУДЕ

Мемлекет басшысы берген осы тапсырмадан кейін иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселелері жөнінде комиссия құрылды. Комиссияның уәкілетті органы – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару комитеті. Бүгінде аталған комитет қайтарылған қаржыны әлеуметтік нысандарға инвестиция етіп құйып, мектептер мен ауруханалар, инфрақұрылымдар салуда. Аталған жұмыстар аудан аумағында да жүзеге асырылуда. Оны төменде тарқатамыз… Сонымен…

ҚОР ҚАРАЖАТЫ 406 ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАҒА БАҒЫТТАЛАДЫ

Ресми деректерге сүйенсек, заңсыз именделінген қаржы — Қазақстанның жылдық ішкі жалпы өнімімен тепе-тең және еліміздің сыртқы қарызымен парапар. Tax Justice network халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, кейінгі 25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорларға шамамен 140-160 миллиард доллар шығарылған. Ал Ұлттық экономика министрлігінің есебінше, 30 жылда елімізден 100 миллиард доллар шетел асқан. Ұлттық банктің деректерінен 2010-2021 жылдар аралығында, яғни 11 жылда 53,4 миллиард доллар қаржының сыртқа кеткенін көруге болады. Бұл – 30 жыл бойы мұнайдан түскен табыстан 2-3 есе көп қаржы. Қазақстаннан заңсыз жолмен шығарылған активтерді мемлекет меншігіне қайтару мақсатында 2023 жылдың 12 шілдесінде «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң қабылданды. Оның ережелерін іске асыру үшін басқарушы компания – «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-і (ҚАБК) құрылып, оған мемлекеттің еншісіндегі активтерді қабылдау, сақтау және сату міндеттері жүктелді.

Аталған қаражат Арнаулы мемлекеттік қорға тікелей аударылады. Қалған активтер (жылжымайтын мүлік, көлік және т.б.) ҚАБК басқаруына өтіп, сатуға қойылады. 2025 жылдың 27 маусымында Арнаулы мемлекеттік қорда жинақталған қаржының көлемі 103,4 млрд теңгеге жеткен. Бұл ретте жиынтық түсімдердің көлемі 433,3 млрд теңгеге, ал шығыстардың сомасы 329,9 млрд теңгеге артқан. ҚАБК ресми сайтында компания қазірдің өзінде 34 млрд теңге сомаға 48 активті сатқан. Актив орналасқан елдің заңнамасына сәйкес шетелде мүлікті сатуды қоса алғанда, тиісті жұмыс жалғасуда екен. Жалпы сомасы 318,1 млрд теңге болатын.

Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты 406 әлеуметтік маңыздағы жобаны қаржыландыруға бағытталады деп жоспарлауда. Оның ішінде 9 білім беру нысаны, спорт саласындағы 3 нысанды, денсаулық сақтау саласындағы 162 жобаны, сумен жабдықтау саласындағы 159 жобаны қоса алғанда, 333 жоба іске асырылуда.

АҚТӨБЕДЕ ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН АРНАЙЫ БАЛАБАҚША САЛЫНУДА

Ал облыс аумағында 12 әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – Ақтөбе қаласындағы ерекше балаларға арналған арнайы балабақша. Салынатын балабақша ерекше білім беру қажеттіліктері бар 300 балаға арналған. Нысанның жалпы ауданы 20 мың шаршы метрден асады. Кешенде тірек-қимыл аппараты, көру, есту, сөйлеу мүшелері зақымданған, сондай-ақ интеллектуалдық дамуында ерекшеліктері бар балаларға арналған 6 корпус болады. Балабақша балалардың дамуына және оқуы үшін қажетті барлық құралжабдықтармен қамтылады. Жоба аясында акт залы, бассейн және асхана қарастырылған. Осы жөнінде ресми ақпарат таратқан облыстық прокуратура мамандары мердігер мекеменің жұмысы мен құрылысы және қаражаттың жұмсалуы тұрақты бақылауда екенін хабарлады.

Облыс аумағында ерекше назар ауылдық медицинаға аударылған. Аймақтағы медициналық инфрақұрылымды дамытуға 1,4 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы 11 нысанның – фельдшерлік-акушерлік пункттер, медициналық пункттер және дәрігерлік амбулаториялар құрылысына жұмсалады. Айталық, Ырғыз ауданының Нұра ауылында, Байғанин ауданының Ноғайты ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттер бой көтеруде. Ал Шалқар ауданының Шоқысу, Сарысай, Тоғыз ауылдарында, Мұғалжар ауданының Жарық ауылында, Қобда ауданының Бегалы ауылында, Ырғыз ауданының Жарма ауылында медициналық пункттер салынуда. Ал бүгінде Мұғалжар ауданының Мұғалжар ауылы мен Алға ауданының Маржанбұлақ ауылында дәрігерлік амбулаториялар салтанатты түрде ашылды. Ал Мұғалжар ауданына қарасты Қайыңды ауылында дәрігерлік амбулатория салынуда. Айта кетейік, жаңа нысандар тәулігіне 25-45 келушіге қызмет көрсетуге есептелген. Бұл – шалғай елді мекендердегі халықтың сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметке қол жеткізу мүмкіндігін едәуір арттырады.

ҚҰМЖАРҒАН МЕКТЕБІ – ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВТІҢ АЛҒАШҚЫ ҚАРЛЫҒАШЫ

Енді ауданға ойыссақ. Елімізде алғаш рет жемқорлардан тәркіленген ақшаға біздің ауданнан мектеп салынды. Ол — Құмжарған ауылдық округіне қарасты Құмжарған ауылынан бой көтерген 60 орындық білім ошағы. Мектептің ашылуы 2023 жылы ақпан айында өтті. Оның құрылысына сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істерді тергеу кезінде тәркіленген қаражат пайдаланылды.

Құрылысы ұзаққа созылған жобаны аяқтауға 150 миллион теңге жұмсалды. Нысанның құрылысы 2018 жылы басталған. Бірақ әртүрлі себептерге байланысты құрылыс-монтаж жұмысы тоқтап қалған. Мектеп құрылысы 2022 жылы қайта қолға алынып, 2023 жылы аяқталды. Құмжарған негізгі орта мектебінде қазіргі уақытта жалпы саны 63 бала білім алуда.

Оның ішінде 41 оқушы 1-9 сыныпта оқыса, 6 оқушы мектепалды даярлық тобында, 16 тәрбиеленуші шағын орталықта тәрбиеленуде. Мектепте жоғары білімді 18 педагог жұмыс жасайды. Балалардың толыққанды білім алуына барлық жағдай жасалған. Ғимараттағы спорт зал, асхана, кітапхана блоктары барлық қажетті құрылғылармен жабдықталған.

ҮШ МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Прокуратура органдарының қайтарылған қаражат есебінен жақында ғана «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Мұғалжар ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория келушілерге есігін айқара ашты. Жобаның жалпы құны — 325 868,761 мың теңге. Нысанның құрылыс жұмыстарын «Рус Тал» ЖШС-і жүргізді. 45 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ғимаратының жалпы ауданы 448,87 шаршы метрді құрайды. Тапсырыс беруші — Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы.

Қазіргі таңда Мұғалжар ауылында 1565 тұрғын бар. Жаңа амбулатория бір мезетте 45 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда дәрігерлер науқастарға физиотерапия және жаттығу терапиясы, егу, емдеу секілді қызметтер көрсетеді. Сонымен бірге гинекологиялық кабинеттер, дәріхана, изолятор, қақырық қабылдау бөлмесі, дәрігерге дейінгі және дәрігерлік пункт, 4 төсектік күндізгі стационар бар. Заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған жаңа нысан ауыл дәрігерлері мен мейірбикелерінің жұмысын жеңілдетіп, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге жол ашады.

Аудан аумағында құрылысы жүргізіліп жатқан медициналық нысанның бірі – Қайыңды ауылындағы 45 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория. Құрылыс құны 336 222,8 мың теңге болатын бір қабатты нысанның жалпы ауданы — 557,25 шаршы метр. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрдәулет Нәдір құрылыс жұмыстарын «Регион-Сервис-Ақтөбе» ЖШС-і жүргізіп жатқанын жеткізді.

Нысан облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы негізінде мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынуда. Оның құны — 193 292,0 мың теңге. Әлеуметтік нысан орналасқан жердегі құрылыс көлемі 2455,08 шаршы метр болса, ғимараттың жалпы ауданы 557,25 шаршы метрді құрайды. Бүгінде ғимараттың қабырғасы көтерілді. Әлі де атқарылатын жұмыстар бар, — деді Нұрдәулет Нәдір.

Дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары осы жылдың маусымында аяқталуы керек екен. Түрлі мәселелерге байланысты құрылыс жұмыстары кешеуілдеуде. Бүгінде ғимараттың қабырғасы ғана қаланған. Шатыры да әлі күнге дейін жабылмаған.

Мемлекетке қайтарылған қаржы есебінен салынып жатқан медициналық нысанның тағы бірі Ақкемер ауылдық округіне қарасты Жарық ауылындағы 25 келушіге арналған дәрігерлік пункт. Құрылыс құны — 144 256,038 мың теңге. Бір қабатты ғимараттың жалпы ауданы — 154,70 шаршы метр. Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы негізінде салынып жатқан нысанның құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

Бүгінде жалпы құрылыс аяқталып, іші сыланып, сырты қапталған. Құрылыс жұмыстарын «Бабек-Құрылыс» ЖШС-і жүргізуде. — Бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталды деп айтуға болады. Қажетті медициналық құрал-жабдықтар мен жиһаздар әкелінуде. Емдеу мекемесінде қабылдау, емдеу, сүзгі және физиотерапия бөлімі болады. Ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмектен бастап, ем жүргізу, басқа да медициналық көмек көрсетіледі, — деді ауыл әкімі Дамир Қожаниязов.

ТҮЙІН

Елге қайтарылған заңсыз активтердің халық игілігіне жұмсалуы – білім мен ғылым, денсаулық пен әлеуметтік салаларға серпін беріп, еліміздің ұзақмерзімді дамуына жол ашып жатқаны сөзсіз. Дегенмен жемқорлықсыз қоғам құру – баршамызға ортақ міндет екенін естен шығармайық.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

КӨКТЕМГІ ДЕНСАУЛЫҚ МАРАФОНЫ

admin_mugalzhar

ЖАСТАРҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛСА…

admin_mugalzhar

ОПМ «УЧАСТОК»: ВЫЯВЛЕНО 120 НАРУШЕНИЙ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.