«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Президент жайылымдық жерлердің нақты кімдерге берілуі тиіс екенін айтты

KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында сөйлеген сөзінде жайылымдық жер мәселесіне ерекше тоқталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Екінші, бұл – жер мәселесі. Халық жердің игілігін көруі керек. Мен бірнеше жыл бұрын заңсыз алынған және игерілмей бос жатқан жерлерді қайтарып алу туралы нақты тапсырма бердім. Бүгін осы мәселе бойынша министр баяндады. 2022 жылдан бері 14 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды. Жерді қолынан іс келетін, жұмыс істеуге ниетті азаматтарға беру керек деген тапсырма бірнеше рет айтылды. Алайда, бұл маңызды жұмыс баяу жүргізіліп жатыр. Сондықтан Жолдауда мемлекетке қайтарылған жерді келесі жылдың ортасына дейін түгелдей тұрақты айналымға енгізу туралы тапсырма берілді. Әкімдіктердің осы мәселеге қатысты жоспарлары қағаз жүзінде қалып қоймауы керек. Ең бастысы, жер тағы да игерілмей, бос қалмауы қажет.

Үкімет қазір мал шаруашылығы саласындағы бизнесті қолдау жоспарын әзірлеп жатыр. Жайылымдық жерлер ауыл тұрғындарына және нақты жоспары бар инвесторларға берілуге тиіс. Келесі жылдың ортасында қабылданатын бұл құжатта осы мәселенің шешімдері айқын көрсетілуі керек, — деді Мемлекет басшысы.

Форумда Қасым-Жомарт Тоқаев жерге берілетін кепілдік құнына қатысты да ойын айтты.

– Тағы бір түйткіл – жерге берілетін кепілдік құнның төмен болуы. Кадастрлық бағалау жүйесі қазіргі нарықтағы шынайы ахуалға мүлдем сәйкес келмейді. Үкімет бұл мәселеге назар аударуы керек, кадастрлық құнды айқындау тәсілін қайта қарауға тиіс. Жер қатынастары саласындағы кедергілер қазіргі заманға сай шаруашылықтар құруға бөгет болып отыр. Мен Жолдауымда Үкіметке келесі жылдың соңына дейін Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеуді тапсырдым. Құзырлы министрліктер осы маңызды жұмыс бойынша не істеліп жатқанын 7 күннің ішінде баяндауы керек, — деді Мемлекет басшысы.

Президент сондай-ақ жер ресурстарына мониторинг жүргізу тәсілдерін қайта қарау керек екенін қаперге салды.

Келесі мәселе. Жер телімдері электронды конкурс арқылы берілуі қажет. Жер алған азаматтардың ең басты міндеті – жерді тиімді игеру, яғни, берілген жерді кәдеге жарату. Бұған қоса, жер ресурстарына мониторинг жүргізу тәсілдерін қайта қарау қажет. Қазір ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты деректер толық емес. Мұндай ахуал жерге бақылау жасауға және игерілмей бос жатқан жерлерді қайтарып алуға кедергі келтіреді. Жерді бөліп-тарату үдерісі бойынша ақпарат ашық әрі қолжетімді болуы керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Ұқсас ақпараттар

Этносаралық диалогтың бірегей институты

admin_mugalzhar

Названа страна, которая может первой победить COVID-19

admin_mugalzhar

Қасым-Жомарт Тоқаев Каспийдің су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарламаны іске асырудың маңызына тоқталды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.