ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Дүниежүзілік балалар күні аясында Астана қаласында «Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өзекті бағыттар» тақырыбында мектеп омбудсмендерінің кеңейтілген кездесуін өткізді.
Іс-шараға Қазақстандағы ЮНИСЕФ қорының өкілдері, өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, сондай-ақ түрлі аймақтардан келген белсенді оқушылар қатысты.
Кеңейтілген кездесу жас омбудсмендерге тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға, балалардың құқығын қорғау бағытында жаңа бастамалар ұсынуға зор мүмкіндік берді.
Осы маңызды жиынға облыстық іріктеуден өткен екі жас өкіл қатысып, өңірдің атын абыроймен қорғады. Сол оқушылардвң бірі — №4 Қандыағаш қалалық жалпы білім беретін мектебінің 10 “ә” сынып оқушысы, мектеп омбудсмені Саят Мырзаш. Ол кездесуде балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөнінде өз ой-пікірін ортаға салды. Саяттың белсенділігі мен жауапкершілігі аудан ғана емес, облыс абыройын асқақтатып, қатысушылар алдында оның үлгілілігі мен көшбасшылық қасиетін айқындай түсті.
