«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«ДИПЛОММЕН – АУЫЛҒА»: 2025 ЖЫЛЫ 34 МАМАН ҚОЛДАУ АЛДЫ

Мұғалжар ауданында «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы көп жылдар бойы ауылдық елді мекендерге жоғары білімді, жас әрі білікті мамандарды тартудың маңызды тетігі болып келеді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – ауылдық аумақтардың әлеуметтік саласын дамыту, мамандар тапшылығын азайту, ауыл жастарына сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, сондай-ақ ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру. Осы мақсатта жас мамандарға екі бағыт бойынша қолдау көрсетіледі: тұрғын үй сатып алуға 15 жыл мерзімге бюджеттік несие беру және ауылға алғаш барған кезде 3 жылға арналған көтерме жәрдемақымен қамтамасыз ету. 2024 жылдан бастап тұрғын үй сатып алуға ұсынылатын бюджеттік кредиттің пайыздық мөлшерлемесі бұрынғы 0,01 пайыздан 1 пайызға қайта қаралып, қазіргі талаптарға сәйкестендірілді.
Бағдарлама алғаш 2009 жылы бастау алып, содан бері Мұғалжар ауданында маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. 2009–2024 жылдар аралығында аудан бойынша 128 жас маман бюджеттік несие алып, баспанамен қамтылды. Сонымен бірге 477 маман көтерме жәрдемақы иеленіп, жалпы төлем көлемі 89 178,3 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткіштер ауылдық жерлерге білікті кадрларды тартуда бағдарламаның маңыздылығын нақты дәлелдейді. Сондай-ақ бағдарламаның шарттарына сәйкес, жас мамандарға тұрғын үй сатып алуға 2000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 7 864 000 теңге мөлшерінде қаржылай көмек беріледі, ал ауылға алғаш жұмысқа келгені үшін ұсынылатын көтерме жәрдемақы 100 АЕК көлемінде — 393 200 теңгені құрайды. 2025 жылдың қаржылық жоспарына сәйкес тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 23 592,0 мың теңге бөлінген. Аталған қаражат есебінен биылғы жылдың қазан айында Ақкемер ауылдық округінің мемлекеттік қызметшісі Мейрамбек Бақытжанов бюджеттік несие алып, тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Қалған қаражаттың кеш түсуіне байланысты оны игеру алдағы айларға жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда тұрғын үй алу кезегінде 8 маман тіркелген, олардың өтініштері бөлінген қаражат түсу ретіне қарай қанағаттандырылатын болады. Көтерме жәрдемақы бағыты бойынша 2025 жылы жергілікті бюджеттен 14 071,0 мың теңге бөлініп, жыл басынан бері өтініштері негізінде 34 жас маманға қаржы аударылды. Бұл мамандардың сала бойынша үлесі төмендегідей: білім саласында – 26 маман, денсаулық сақтау саласында – 5 маман, мемлекеттік қызмет саласында – 2 маман, ал ветеринария саласында – 1 маман әлеуметтік қолдауға ие болды. Ауылдық округтерге талдау жасалғанда, көтерме жәрдемақы алған мамандардың басым бөлігі Ақкемер ауылдық округіне тиесілі екенін көреміз — мұнда 10 маман қамтылды. Сонымен қатар Егіндібұлақ ауылдық округінде – 4 маман, Жұрын – 1 маман, Жұбанов – 1 маман, Мұғалжар – 3 маман, Қайыңды – 4 маман, Еңбек – 4 маман, Батпақкөл – 2 маман, Талдысай – 2 маман, Құмсай – 1 маман және Құмжарған ауылдық округінде 2 маман көтерме жәрдемақы алған. Жас мамандарға көрсетіліп отырған бұл қолдаулар ауылдық жерлердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға, сапалы білім, медицина және басқа да қызметтерді қолжетімді етуге, сондай-ақ ауыл халқының тұрақтануына оң әсерін тигізуде. Бағдарлама нәтижесінде Мұғалжар ауданында жыл сайын жаңа мамандардың ауылдық жерлерге келуі жалғасып, өңірдің дамуына елеулі үлес қосуда.

Мейрамбек БАҚЫТЖАНОВ, Ақкемер ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы: Қалада жалдап тұрғанша, ауылда өз үйің болғаны дұрыс
Бала кезімнен мемлекеттік қызмет саласына қызығушылық танытып, халықпен тікелей жұмыс істейтін, жауапкершілігі жоғары мамандықты таңдағым келді. Сол себепті «Қайнар» академиясында «менеджмент» мамандығын меңгеріп, жоғары білім алдым. Университетте алған теориялық білім мен тәжірибе бүгінде қызмет барысында үлкен көмегін тигізуде. Қазіргі таңда ауылдық округ әкімдігінде бас маман болып еңбек етіп жүрмін. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы – ауылға барып, өз орнын тапқысы келетін жас мамандар үшін жасалған үлкен мүмкіндік деп есептеймін. Әсіресе, алғашқы жылдары баспанасы жоқ жас қызметкерлер үшін тұрғын үйге берілетін жеңілдетілген несие мен көтерме жәрдемақы – өте маңызды қолдау. Қалада пәтер жалдап өмір сүру қымбат әрі тұрақсыз болса, бағдарлама арқылы ауылда өз баспанасын алу – болашаққа деген сенімді күшейтеді. Бұл – жас маман үшін мотивация, әрі еңбек етуге деген ынтаны арттыратын фактор.
Бүгінгі таңда ауылдардың жағдайы бұрынғыдай емес. Инфрақұрылым жылдан-жылға жақсарып келеді. Ақкемер ауылдық округіне қарасты елді мекендердің 90 пайызы газбен, жарықпен толық қамтылған, жолдардың жағдайы да айтарлықтай түзелген. Сондықтан қалаға жақын ауылдарда тұрып, жұмысқа қатынау еш қиындық тудырмайды. Ауылдағы тыныштық, кеңдік, адамдардың бір-біріне қамқорлығы – адамның жұмыс істеуіне де, жеке дамуына да қолайлы орта қалыптастырады. Ауылдық жерде еңбек ету маған үлкен тәжірибе сыйлады. Халықпен тығыз байланыста жұмыс істеген сайын жауапкершілік арта түседі, әрбір мәселенің шешімін табу үшін жан-жақты болуға тура келеді. Әкімдік жұмысы – тек құжатпен айналысу емес, халықпен тіл табысу, олардың өтініші мен сұранысын уақытылы орындау, елді мекеннің тыныс-тіршілігіне жанашырлықпен қарау. Осы бағытта күн сайын тәжірибемді толықтырып, жұмысымның мазмұнын тереңірек түсініп келемін.
Бағдарламаның арқасында бюджеттік несие алып, тұрғын үймен қамтамасыз етілдім. Бұл – мен үшін тек баспана мәселесінің шешілуі ғана емес, өмірімнің жаңа кезеңі, өзіме сенімділік берген үлкен мүмкіндік болды. Үйлесімді жұмыс, ауылдағы жайлы орта және әлеуметтік жағдайдың жасалуы – осында тұрақтап, еңбек етуіме әсер етті. Алдағы уақытта да қызметімді жауапкершілікпен атқарып, ауылдың дамуына өз үлесімді қосуды мақсат тұтамын. Ауыл – еңбекқор, елге жанашыр мамандарды қажет етеді. Сондықтан жас мамандарға айтарым: батыл қадам жасаудан қорықпаңыздар, ауылға барып көріңіздер, мүмкін сіздің болашағыңыз дәл осы жерден басталатын шығар.

Құдірет СҮНДЕТОВ, Батпақкөл ауылдық округінің ветеринариялық пунктінің меңгерушісі: Ауыл – менің таңдауым
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін «ветеринария» мамандығы бойынша тәмамдадым. Қазір «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында Жағабұлақ ауылында қызмет атқарып жүрмін. Қызмет барысында жауапкершіліктің артып, халықпен жұмыс істеу тәжірибесінің көбейгенін ерекше атап өткім келеді. Әр істің өз қиындығы мен қызығы бар. Ветеринария – оңай сала емес, бірақ ауыл тұрғындары үшін аса қажет мамандық. Бағдарламаға барудан қорқудың қажеті жоқ. Бастысы – мақсат қойып, алға қарай батыл қадам жасау. Қай ауылға барсаңыз да үлкен тәжірибе жинайсыз, жаңа орта көресіз, ауылдың тіршілігімен етене араласасыз. Өз үйіңнің маңында жүрсең еркіндік, еркелік болуы мүмкін, ал сырт ортаға бейімделу – адамды шыңдайды, жетілдіреді.
Бағдарламаның ең үлкен артықшылығы – жас мамандарға жасалған қамқорлық. Тұрғын үй алуға берілетін жеңілдетілген несие, көтерме қаражат – барлығы маманның алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Жаңа келген жас маманды жылы қарсы алып, бірден жұмыс ырғағына енгізеді. Бір сөзбен айтқанда, бағдарлама – ауылға жас кадрларды тартуда өте тиімді тетік. Ертеңге жоспарларым өте көп. Мал шаруашылығында еңбек етіп жүргендіктен, мал санын арттыру, шаруашылықты дамыту бағытында жұмысты жалғастыру ойымда бар. Өз базамызды реттеп, түгендеу, мал санағын жүргізу – тұрақты міндет. Ауылда қалу-қалмау жөнінде сұрағанда, Шәймерденов ағамыздың бір өлең жолы ойыма оралады: «Бақыт деген қалаға барған жоқ қой, бақытты болғың келсе – қайт ауылға». Мен де ауылдан шыққан, ауылдың баласымын. Көп жастар қалаға ұмтылады, ал мен үшін ауылда тұру – өз тамырыңа оралу сияқты. Сондықтан ауылда еңбек етуді жөн санаймын.
Гүлзат КАЛМУРАТОВА, Мұғалжар аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы

Ұқсас ақпараттар

Қазақстан жаһандық ынтымақтастықты нығайтуда: 2024 жылғы сыртқы саясаттың негізгі жетістіктері

admin_mugalzhar

ПРЕМЬЕР-МИНИСТР АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНА КЕЛДІ

admin_mugalzhar

Стрит-арт в честь великого Абая

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.