«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Тұралы ЕРМАҒАНБЕТОВ, Желтоқсан оқиғасының қатысушысы: ТӘУЕЛСІЗДІК ОҢАЙ КЕЛГЕН ЖОҚ

-1986 жылы 16 желтоқсанда Дінмұхамет Қонаевтың қызметтен босатылып, орнына Колбиннің тағайындалуы жұртшылық арасында үлкен наразылық тудырды. Бұл хабарды ести сала «Біз – қазақпыз, бізге қазақ басшы керек» деген намыс оянып, алаңға шығуға бекіндік. Ол кезде мен ҚазПТИ-дің 2-курс студенті едім. Қазақтың намысын жібермейтін жігіттер бірден бас қосып, өз ұстанымымызды білдіру үшін алаңға шығуды ұйғардық. Басқа оқу орындарынан да жігіттер хабарласып, қолдау білдіріп жатты. 16 желтоқсан күні ҚазМУ студенттері бастап, біз Сәтпаев көшесімен ұрандатып, Республика алаңына бет алдық. Басты мақсатымыз – елімізді қазақ басшылығы басқаруы керек деген талапты жеткізу еді. Алаңға жиналған студент жастарды әскер қоршап, өткізбей ұстап тұрды. Соған қарамастан, қазақ жастары тосқауылды бұзып, алаңға топ-тобымен өте берді. Әскер күштеп таратуға кірісіп, дубинкамен соғып, жастарды қинады. Көтерілген дауысты, айтылған талапты тыңдайтын ешкім болмады. Көпшілікті күштеп автобусқа тиеп әкете берді. Жастарды тарату үшін өрт сөндіру көліктерімен су шашты. Үстіміз малмандай су болып, таяқ жеп, қалжырап, тоңа бастадық. Ақырында амалсыздан шегінуге тура келді.
Жатақханаға барған студенттерді полиция күтіп алып, патрульдік көлікке салып әкетіп жатыр деген хабар жетті. Сол күндері қорқыныш та, белгісіздік те көп болды. Жолда келе жатып, мен АЗВИ жатақханасына балкон арқылы кірдім. Ауылдасым Ерлан төсенішпен тартып, мені көтеріп алып, ішке кіргізді. Сол жігіттің көмегімен оқудан шығарылмай, аман қалдым. Желтоқсан – жай ғана күн емес, тәуелсіздікке бастар жолдың қақпасы. Бұл жол қаншама жастың қаны мен қайсарлығының арқасында ашылды. Өрімдей жастардың тағдыры қиылды. 16 желтоқсан – тәуелсіздік бізге тегін келмегенін дәлелдейтін күн. Бұл оқиға қазақ тарихында мәңгілікке таңбалануы тиіс. Жастарға айтарым, қазақтың бірлігі мен намысын биік ұстайық, өткеннің сабағынан өнеге алайық!

Ұқсас ақпараттар

+46°С. Шымкент пен еліміздің барқатар өңірінде дауылды ескерту жарияланды

admin_mugalzhar

11 наурызға арналған ауа райы болжамы

admin_mugalzhar

ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.