«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Цифрлық елге айналуды мақсат еткен ел үшін бұл – страте­гиялық жоспар­ды орындауға деген нақты қадам. Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатын­да: «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға да­йын екеніне сенімдімін. Қазақстан да эконо­мика мен қоғамдық өмірге жасанды интел­лектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес», деді.

Биыл алгоритмдер негізінде алға жылжитын кезең болмақ. Мысалы, жүргізушісіз такси, робот курьер, дая­шы, аспаз, шекарашы, транспорт, логистика, бизнес, үкіметтегі автоматтандырылған қызметтер қалып­ты жағдайға айналады. Бір сөзбен айтқанда, бар­лық салада адам еңбегі азая бермек. Әлбетте, бұл бір күннің не бір жылдың ішінде бола салмайды. Алайда дәл осы жылы еліміз бұл бағытқа ерекше ден қоймақ.

Сондай-ақ биыл  технология бүгінгі әлем экономикасының жүрегіне айналып, цифрлық экономиканың драйверіне миллиардтаған доллар тартатын индустрияға айналатыны сөзсіз. 2025 жылы әлем бойынша жасанды интеллект саласына жұмсалған инвестиция көлемі шамамен 1,5 триллион АҚШ долларына жетсе, 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 2 трлн-нан асады деп бағаланып отыр. Өткен жылы жаһандық ЖИ нарығы шамамен 244 миллиард доллар болса, биыл бұл көлем 312 миллиард долларға дейін жоғарылайды деген болжам бар, яғни жылдық өсім 27-28 пайыз деңгейінде қалыптасады.

Нарықтың кеңеюіне бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, бағдарламалық жасақтама мен плат­формалар нарығы қар­қын­ды өсіп жатыр. Мұндай ше­шімдер компанияларға тұты­нушылармен қарым-қатынасты автоматтан­дыруға, өндірістік жұмыстарды оңтайландыруға және анали­тикалық шешім­дер қабылдауды жеделдетуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы биылғы сұхбатында елімізде де осы бағытта табысты жұмыс істеп жатқан финтех компаниялар бар екенін атап өтті.

Екінші маңызды бағыт – өңдеу қуаты мен инфрақұрылым. ЖИ шешімдерін іске қосу үшін қажет серверлер мен арнайы чиптерге сұраныс жыл сайын артып жатыр. Бұл бағыт әсіресе ірі технология компаниялары мен дата орталықтарға инвес­тиция тартуда бірінші орынға шығып отыр. Экономистердің есептеуінше, жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік экономикаға 15,7 триллион доллардан астам қосымша табыс әкеледі. Жалпы алғанда, бұл технология тауарлар мен қызметтер құнын төменде­тіп, еңбек өнімін арттыруға мүмкіндік береді, алайда сонымен бірге еңбек нарығындағы құрылымдық өзгерістерге де алып келеді. ЖИ-дің күнделікті өмірге кірігуі әлдеқайда тез жүріп жатыр. Қаржы, денсаулық сақтау, білім беру, өндіріс сынды салаларда жасанды интеллект аналитикалық шешімдерді жеделдетіп, ақпаратты өңдеу мен шешім қабылдауды авто­мат­тандыруға көшті. Бұл бизнес барысын жоғары деңгейге шығарып, ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашады.

Сондай-ақ Президент сұх­батында АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекенің қыза түскенін тілге тиек етті. Осы жарыста әр мемлекеттің өз жолы бар. АҚШ әдеттегідей инновация мен нарық еркіндігіне сүйенеді. Бұл ел әлі де жасанды интеллект зерттеулері мен венчурлық инвестиция көлемі бойынша көшбас­шы. Сарапшылардың болжауын­ша, бірқатар америкалық компания 2026 жылы ЖИ негізіндегі өнімдер арқылы табы­сын 6 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін артты­руы мүмкін. Мемлекеттік сая­саттың басты ерекшелігі – нарыққа тұсау салмау, керісінше технологиялық серпінді ынталандыру. АҚШ үшін басты капитал – идея, жылдамдық және жеке сектордың тәуекелге баруға дайын болуы.

Ал Қытай мүлде басқа мо­дель­­ді таңдады. Мұнда жасан­­ды интеллект ұлттық страте­гия­­­лық басымдық ретінде қарас­ты­рылады. Мемлекет дерек­тер­ді орталықтандыруға, инфрақұрылымды ауқымды түрде дамытуға және өндірісті тез интеграциялауға күш салып отыр. Ірі қытайлық корпорациялар 2026 жылға қарай ЖИ-чиптерге ғана 14 миллиард долларға дейін қаржы жұмсауы ықтимал. Қытай қысқа мерзімде нәтиже көрсетуге басымдық беріп отыр.

Еуропа болса, жылдамдық­тан гөрі жауапкершілікті жоға­ры қояды. Франция, Германия, Испания секілді елдерде жасанды интеллектіні реттеу, қауіпсіздік және этика мәселесі бірінші орында тұр. Мұнда басты мақсат – технология адам құқығына, демократиялық институттарға қауіп төндірмеуі керек деген қағида. Еуропалық модель баяу кө­рінуі мүмкін, бірақ ұзақмер­зімді тұрақтылықты көздейді.

Азияның өзге елдері мен дамушы аймақтар да бұл қа­тар­дан қалмауға тырысып бағып жатыр. Сингапур мен Оңтүс­тік Корея технологиялық инфрақұрылым мен мемлекеттік саясатты үйлестіре отырып, ЖИ-ді экономика мен басқаруға белсенді енгізуге көшті. Біріккен Араб Әмірліктері ірі деректер орталықтарын салуды жос­парлап, ЖИ-ді мемлекеттік басқарудың өзегіне айналдыруды көздеп отыр.

Болашаққа көз жүгіртсек, 2030 жылға қарай ЖИ өндірісінің көлемі 800 миллиард доллардан асады, ал одан әрі дамуда 4 трлн доллар – 5 трлн доллар деңгейіне жетеді деген болжам бар. Бұл цифр­лар жасанды интеллектінің тек технологиялық сала емес, бүкіл әлемдік экономика мен жұмыс күшінің құрылымына әсер ететін жүйеге айналғанын көрсетеді. Қазақстан да осы жаһандық үрдістен шет қалып отырған жоқ. Мемлекет 2026 жылды «цифрландыру мен жасанды интеллект жылы» деп жариялап, цифрлық трансформацияны жеделдетуге, кадрларды даярлауға, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған қадам жасады.

Сарапшылардың айтуынша, 2026 жыл – жасанды интеллект саласы үшін трансформация кезеңі, бұл технология енді теориялық идеядан шығып, нақты экономикалық көрсеткіштермен, өндірістік шешімдермен және қоғамдағы экономикалық өзгерістермен өлшенетін кезең.

Ұқсас ақпараттар

Ішімдіктен бас тарту – халықтың саналы таңдауы және ол өзінің нәтижесін беріп отыр

admin_mugalzhar

КӨЛІКТІ 5 МИНУТТАН АРТЫҚ ҚЫЗДЫРҒАНДАРҒА АЙЫППҰЛ ЖОҚ БОЛЫП ШЫҚТЫ

admin_mugalzhar

ЕҢБЕК ҰЖЫМДАРЫНА ЖОЛДАУ БАСТАМАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.