Бүгінгі таңда ауданда ел намысын қорғап жүрген спортшылар жетерлік. Солардың арқасында байрақты бәсекеде Көк туымыз көкте желбіреп, әнұранымыз шырқалып жүр. Ал осы спортшылардың артында білікті бапкер мен жан аямай тер төгетін жаттықтырушы тұрғанын білеміз.
Спортшы қанша жерден талантты болса да, бапкерсіз бәсекенің биік шыңына көтеріле алмасы анық. Кей жағдайда спорт саласында саңлақтардан чемпион шығарған жаттықтырушылардың маңдай тері мен ізденісі көзге көріне бермейді. Ал олардың жұмысына шын үңілсеңіз үлкен еңбек жатыр. Топ ішінде балаларды танып, оларды шынықтырып, ілкімді ісімен танылып жүрген мақтаулы бапкерлердің бірі Ғизат Түсіпбаев.
Қарапайымдылығымен көпке үлгілі бола білген бапкер Ғизат Түсіпбаев 2024 жылы Париж Олимпиадасында ел намысын қорғаған жерлесіміз Мейрамбек Қартбайдың алғашқы бапкері екенін бірі білсе, енді бірі біле бермейді. 36 жастағы Ғизат спорттағы еңбек жолын 2009 жылы Ембі қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде еркін күрес бөлімінің жаттықтырушысы ретінде бастады. Бүгінде ол аталмыш мектепте еңбек етуде.
-Спортта шәкірт тәрбиелеп додаға қосу, астыңдағы атыңды бәйгеге баптағанмен бірдей. Бүгінгі таңда шәкірттерім түрлі додаларда ел намысын қорғап жүр. Шәкіртім Мейрамбек Қартбай еркін күрестен Спорт шебері. Ел чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы. Әлем чемпионатының қатысушысы, Азия чемпионатының қола жүлдегері. Париж олимпиядасының қатысушысы. Сонымен қатар еркін күрестен Спорт шеберлері, ел чемпионатының жеңімпаздары атанған Әділхан Албайұлы, Дамир Молдабаев және жасөспірімдер арасында ел чемпионатының жеңімпазы, жастар арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының жүлдегері Бекзатхан Тілеулесов болашағынан зор үміт күттіретін шәкірттерім, — дейді Ғизат Түсіпбаев.
Жеңіс пен жеңілісті спортшымен бірдей көтеретін мамандар көп жағдайда көзден тасада қалады. Олимпиадаға шәкірт дайындаған бапкер, еңбек адамы Ғизат Түсіпбаев 2024 жылдың қорытындысы бойынша ҚР Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен іс-шарада «Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы» номинациясымен және 1 млн теңгелік сертификатпен марапатталған болатын. Сондай-ақ Мұғалжар ауданының Жыл адамы атанды.