Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты кең көлемді сұхбаты еліміздің алдағы жылдарға арналған стратегиялық бағдарын айқындап, басқарудың жаңа мәдениеті мен қоғамдық келісімнің жаңарған моделін ұсынған саяси манифест ретінде көрінді.
Жаңа экономикалық мәдениетті қалыптастыру құралы
Мемлекет басшысы сөз басын ақпараттық кеңістіктегі жауапкершілік және ағартушылық миссиядан бастап, цифрлық дәуірдегі газет-журналдардың рөліне тоқталады. Баспасөзге азаматтық ойды тереңдететін, өзекті жайттарды салмақты талдайтын маңызды зияткерлік алаң ретінде баға береді. Алыпқашпасы көп ақпараттық дүрбелең жағдайында ой сүзгісінен өткен сараптамалық дүниелердің маңызына назар аударады. Әлеуметтік желілердің ықпалы күшейген кезеңде газет-журналдардың негізгі міндеті ақпарат жеткізумен ғана шектелмей, ұлттық сананы қалыптастыруға қызмет ету екені нақты жеткізілген. Бұл – бұқара арасында ақпаратты саналы қабылдау мәдениетін орнықтырып, мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздікке басымдық беріп отырғанын көрсететін қадам. Ақпараттық қауіпсіздіктің өзегі жалған ақпаратқа қарсы әрекеттен гөрі, әлеуметтік ортада сыни ойлау мәдениетін қалыптастыруда жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің пікірлері мемлекет пен көпшілік арасындағы интеллектуалдық байланысты күшейтуді көздегенін байқай аламыз.
Қасым-Жомарт Кемелұлы тұжырымдамалық сұхбатта экономикалық өсім көрсеткіштеріне де басымдық беріп, оларды әлеуметтің әл-ауқатын арттырумен өзара сабақтастықта қарастыруды ұсынады. Экономиканың 6 пайыздан астам өсімі, ішкі жалпы өнім көлемінің 300 млрд доллардан асуы – сөзсіз жетістік. Мемлекет басшысы бұл сандарға тоқмейілсуге болмайтынын ашық айтты. Инфляция, тұтынушылық шығындардың өсуі, тұрғын үй мен коммуналдық қызметтердің қымбаттауы әлеуметтік көңіл күйге әсер ететіні анық. Президент аталған түйткілдерді жасырмай айтып, басқаруда реалистік көзқарасын көрсетті.
Осы ретте жұртшылық арасында қызу талқыланған салық реформасы алдыңғы қатарға шығады. Мемлекет басшысы жаңа реформаны бюджет кірісін арттырумен қатар, жаңа экономикалық мәдениетті қалыптастыру құралы деп түсіндірді. Экономикалық мінез-құлықты өзгертуге арналған ортақ келісім ретінде сипаттап, салық төлеуді отаншылдықтың бір көрінісіне айналдыру идеясын ұсынды. «Кәсіпкерлік еркіндік пен әлеуметтік жауапкершілік тең жүруге тиіс» деген қағида алға тартылды. Салықтан жалтару заңбұзушылықпен бірге, өзара келісімді әлсірететін фактор екені нақты айтылды. Ал адал салық төлеу мемлекеттің дамуына қосылған тікелей үлес болмақ.
Сұхбаттағы тариф саясатына қатысты ойлары да көңілге қонымды. Арзан тарифтердің шын мәнінде ауқатты топтарға жұмыс істеп келгені ащы да болса шындық. «Көбірек тұтынған – көбірек төлейді» қағидаты әлеуметтік әділдікке негізделген. Ал әлеуметтік осал топтарды қолдау жалпылама жеңілдіктер арқылы емес, нақты әрі атаулы көмек арқылы жүзеге асуы керек. Жалпы, энергетика, жылу жүйелері, су және электр желілерінің тозуы дәл бүгін пайда болған жоқ. Маңыздысы – қазіргі билік өткен қателіктерді мойындап қана қоймай, оларды түзетуге нақты қадамдар жасап келеді.
Заңсыз активтерді қайтару саяси науқан емес, мемлекеттік қағидат екені де толық көрінді. Мұндай қадамдар қоғамдағы әділдік сезімін қалпына келтірумен қатар, мемлекеттің беделін де арттырады. Қайтару барысын саяси шоуға айналдырмай, оның нақты нәтижесін мектептер, ауруханалар, инфрақұрылым нысандары арқылы көрсетіп отыр.
Президенттің жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға басымдық беруі – жаһандық үрдістермен үндес шешім. Заманауи беталыс бәсекеге қабілетті мемлекет болып қалудың шарты ретінде қарастырылды.
«Supercomputer» жобалары, «AI-Sana» бағдарламасы мен цифрлық университеттерді дамыту бастамалары Қазақстанның адам капиталына жүйелі әрі ұзақмерзімді инвестиция салып отырғанын айғақтайды. Тың үдерісте технологияны жай тұтынудан гөрі, оны жасай алатын кәсіби кадрлар даярлауға басты басымдық беріледі.
Туристік әлеует және жауапкершілік
Ел туризмі кейінгі жылдары жаңа серпін ала бастағаны анық. Мемлекет басшысының бұл салаға тікелей назар аударып, Үкіметке нақты ескерту жасауы орынды. Қазақстанның табиғи мүмкіндіктері жағынан бәсекелесі аз. Тау, дала, көл, шөлейт аймақтар, экотуризмге сұраныс артып отырған уақытта бұл орасан артықшылық. Мәселе сол байлықты тиімді әрі ұқыпты пайдалана білуде. Қонақжайлық қызметте жалқаулыққа, ашкөздікке және дөрекілікке жол жоқ екені орынды айтылған. Саяхатшыларға қызмет көрсету мәдениеті ел туралы алғашқы әрі ең есте қалар әсер. Бұл жерде таяқтың бір ұшы кәсіби біліктілікке тіреледі. Саяхат индустриясына шынайы отаншыл, өз ісіне жан-тәнімен берілген мамандар керек.
Экотуризмді дамытуға кедергі келтіріп отырған жайттардың бірі ретінде кейбір «эко-белсенділердің» әрекеті сынға алынды. Бұл жерде маңызды шекараны ажырата білу қажет: табиғатты қорғау мен кез келген дамуға қарсы шығып, аяқтан тарту бір ұғым емес. Туризм мен табиғатты қорғау бір-біріне қарсы емес, керісінше, бірін-бірі толықтыратын қағидалар болса, игі.
Қонақжайлықты дамыту – ел имиджін нығайту, өңірлерді өркендету және ұлттық экономиканы әртараптандырудың орынды тетігі екені ұмытылмауға тиіс.
Ақиқатқа сүйенген тарихи сана
Бүгінгі Қазақстан үшін ең өзекті мәселе – ұлттық сананың бағыты мен даму бағдарын айқындау. Тарихқа көзқарас, отаншылдық ұғымы, идеологияның рөлі, жастардың дүниетанымы және мемлекеттің стратегиялық таңдауы өзара тығыз байланыста қамтылуы қажет. Дәйек-деректерді бұрмалап, нақты құжаттармен дәлелденбеген адамдарды шамадан тыс дәріптеу ұлттық сананың дамуынан гөрі, керісінше, оның әлсіреуіне алып келеді. Мұндай үрдіс ел ішінде жалған түсінік қалыптастырып, өткенге деген шынайы көзқарасты көмескілейді. Тарихты талқылауға қызығушылықты пайдаланып ойдан шығарылған деректерді тарату, өткенге қатысты жауапкершілікті өзге жұртқа арта салу – мемлекетшіл санаға қайшы әрекет. Тарих жұртты бір-біріне қарсы қоятын құрал емес, керісінше, ұлтты ұйыстыратын, ортақ құндылыққа айналатын негіз болуы керек.
Осы тұста Абай ілімі ерекше мәнге ие. Ұлы ойшыл қоғамдағы кемшіліктерді жасырмай айтып, жеке адамнан бастап, тұтас ұлттың кемелдену жолын көрсетті. Оның «Толық адам» тұжырымы осы мезеттегі саналы орта қалыптастыру идеясымен толық үндес. Абай еңбекқорлықты, білімділікті және адамгершілікті ұлт дамуының басты тірегі деп білді. Сондықтан Абайдың «Қара сөздері» бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Сұхбаттағы ең құнды тұжырымдардың бірі – Президент ұсынған патриотизм. Нағыз отаншылдық – ұран емес, адал еңбек, кәсіби парыз, айналаңа нақты пайда келтіру.
Тәуелсіздік жолы және болашақ бағдар
Тәуелсіздіктің 35 жылы – тарихи өлшеммен қысқа мерзім болғанымен, мемлекет қалыптастыру үшін аса күрделі кезең. Осы жылдарда Қазақстан елеулі жетістіктерге жетіп, халықаралық аренада беделді мемлекетке айналды. Әрине, қателіктер де болды, бірақ олар – даму жолындағы табиғи құбылыс. Алдағы жылдар – жаңа сын-қатерлер мен үлкен мүмкіндіктер уақыты. Жастардың талапшылдығы мен жоғары азаматтық санасы – ел болашағының басты кепілі. Бірақ арман мен эмоцияға берілмей, нақты өмірге бейімделу, еңбекқорлық пен тәртіпті басты құндылық ету – уақыт талабы.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бастамасы идеологиялық тұрғыдан ерекше маңызға ие. Тазалық – тек экологиялық ұғым емес, ол рухани, моральдық тазалықтың символы. Үнемшілдік, қайырымдылық пен еріктілік мәдениеті саналы адамның басты белгілері. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2026 жылды «Халықаралық еріктілер жылы» деп жариялауы осы бастаманың жаһандық деңгейде мойындалғанын көрсетеді.
Жауапты мемлекет пен саналы қоғам – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы құндылықтарды берік ұстанғандар ғана өткеннен тағылым алып, болашаққа сеніммен қадам баса алады.
Қорыта айтқанда, келелі сұхбат Қазақстанның дамуындағы жаңа белесінің идеологиялық негізін айқындады. Бұл бетбұрыстың басты шешімі – шындықты мойындау, жауапкершілікті бөлісу, реформадан қорықпау. Президенттің басты ұстанымы: популизм емес – нәтиже, иллюзия емес – шындық, уәде емес – жауапты міндет. Қазақстан алда күрделі, бірақ мағыналы жолдан өтпек. Алайда бұл жол тоқырауды емес – дамуды, иллюзияны емес – шынайылықты таңдауға жетелейді. Ендігі басты мәселе – осы реформалардың көпшілік тарапынан дұрыс түсініліп, орындалуының ортақ борышқа айналуы. Мемлекет басшысы атап өткендей, бір орында тұрып қалуға біздің тарихи мүмкіндігіміз де, моральдық құқығымыз да жоқ.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы – ректор
