«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Абай қарасөздері «Әлем жады» тізіміне енгізіледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өткен Ұлт­тық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзінде Абай ілімінің ұлт­тық бірегейлігіміз мен болмысымыздың өзегі болуға тиіс екенін айта келіп, ақын­ның ой-толғамдары қанша заман өтсе де өзегін жоғалтпайтынын жеткізді.

Президент өз сөзінде: «Қазіргі «Адал азамат» тұжырымдамасы ұлы ойшыл­дың «Толық адам» идеясымен тығыз аста­сып жатыр. Біз Абайдың «Қара­сөзде­рін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» дерек­ті мұралар тізіміне енгізуіміз керек», дей келіп, Әл-Фараби, Ясауи, Абай ілімдерін жан-жақты дәріптейтін ғылыми жиындарды тұрақты өткізіп тұруды тапсырды.

Президент осыдан алты жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Абай – рухани реформатор» мақаласында: «Абай өнегесінің құны дәуір алмасқан сайын артпаса, кемімейді. Ол баршаға түсінікті әрі күллі адамзатқа ортақ. Оның қара өлең болып өрілген және қара сөз болып төгілген оралымды ойлары әлі күнге дейін өмірлік бағдар болып келеді» деп жазған еді. Сонымен қатар әлеу­меттік желіде бастау алған кітап оқу челлендж-эстафетасын қолдап, 30 кітап­тың тізімін ұсынған кезде Жүсіп Бала­са­ғұнның «Құтты білігінен» кейін Абай Құнанбайұлының қарасөздерін атады. Мемлекет басшысы ақынның 175 жылдығы қарсаңында Семейдегі «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысқан кезінде де: «Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қарасөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы. Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес», деп бастапқы ойды шегеледі.

Биыл Абай қарасөзінің мерейлі жылы деуге де болады. Себебі 1916 жылы Орынбордағы «Дин уә мағишат» баспаханасынан Абайдың «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік» деп басталатын «Бірінші қарасөзі» мен жеті өлеңі «Абай термесі» (құрастырған – Самат Нұржанов) деген атпен жинақ болып жарық көрді. Абайтанушы Мекемтас Мырзахметов бұл кітап жайында: «Осы жинаққа енгізілген Абайдың «Бірінші қарасөзі» мен жеті өлеңінен тұратын бұл кітапша ұлы ақын өлеңдерінің революцияға дейін жарияланған екінші жинағы деп аталуға толық негізі бар тамаша жаңа басылым», деген еді. Демек, хакімнің қарасөзінің алғаш рет кітап бетінде жарияланғаны­на биыл 110 жыл толады. 1918 жылы қара­­­сөз­дердің бірнешеуі Семейден шыға­тын «Абай» журналында басылды. Осы орайда Абай шығармаларының насихатшысы Мүрсейіт Бікеұлы хакім қара­сөздерін қағазға түсіріп, бүгінгі ұрпаққа жеткізсе, заңғар жазушы, алғашқы абай­танушылардың бірі Мұхтар Әуезов ақынның барлық қарасөздерін тауып, жинақтау ісіне мол үлес қосқанын да айта кетейік.

Абай қарасөздерінде көркемдік қуат бар. Сонымен қатар даналық дүниетанымын даралап көрсетуімен ерекше. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын қарасөздер санаға қозғау салып, адамды алға жетелейді. Бүгінде еліміздегі баспалардың Абайдың қарасөздерін бірнеше мәрте жеке кітап етіп бастырып шығаруы – соның айғағы.

Ақынның қарасөздері Абай ілімінің асыл мұрасы ретінде ұлт пен ұрпақ қажетіне жарап келеді. Сонымен қатар қарасөздер адамзат баласының да ортақ асыл сөзге айналып, әлемнің бірнеше тіліне аударылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай отырысында Абайдың осы бір асыл мұраларын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуді ұсынуы құптарлық. Бұл тізімге 2003 жылы Қожа Ахмет Ясауидің қолжазбалар жинағы, 2005 жылы халықаралық ядролық қаруға қарсы «Невада-Семей» қозғалысының аудиовизуалды құжаттары, 2011 жылы Арал теңізінің архив қорлары, ал өткен жылы «Хандар шежіресі» қолжазбасы енген болатын. Деректі мұралар тізімі Абайдың қарасөздерімен толыққаны құба-құп.

Абай – қазақ руxаниятының жарық жұлдызы. Кешегі Әлиxан Бөкейхан бастаған Алаш азаматтары да, қазақтың қорғаны болған ауқаттылар да Абайға жүгінген. Біздің де темірқазығымыз – Абай. Сондықтан хәкімнің ғақлияға толы қарасөздерінен тағылым алып, «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» деген Ахмет Байтұрсынұлының қанат­ты сөзін әрдайым қаперде ұстауымыз қажет.

Ұқсас ақпараттар

10-11-сыныпта ағылшын тілі пәнінің сағаты көбейеді

admin_mugalzhar

«ӘНШІ БАЛАПАН»: МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАР ТОП ЖАРДЫ

admin_mugalzhar

АУДАНДА 2351 КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫ БАР

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.