Ішкі істер органдары — мемлекеттік биліктің ең маңызды құрылымдарының бірі ретінде қоғамда құқықтық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша маңызға ие. Әсіресе, полиция қызметінде ерекше орын алатын саланың бірі — тергеу саласы. Себебі, тергеуші бұлтартпас айғақтар арқылы қылмыскерлердің жасаған іс-әрекетінің ақ-қарасын дер кезінде ажыратып, кінәлілерді анықтап, әділ шешім қабылдауға жол ашады. Тергеушінің әрбір ісі мен қабылдаған шешімі азаматтардың тағдырымен тікелей байланысты.
Осындай жауапкершілігі мол қызметті абыроймен атқарып жүрген Қандыағаш станциясы желілік полиция бөлімінің Тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі, полиция капитаны Нуралем Садирбаевтың әр күні ғана емес, әр сағаты қым-қиғаш оқиғаларға толы. Таңғы жұмыс күнін қызметтік жоспарлаудан бастаған тергеуші күн бойы қылмыстық істерді зерделеп, куәлардан жауап алып, оқиға орнын тексеріп, дәлелдемелерді жинақтаумен айналысады.
Әр қылмыстық істің артында адам тағдыры, бір отбасының мұңы мен үміті тұратынын тергеуші жақсы түсінеді. Сондықтан да ол өз жұмысында заң талаптарын қатаң сақтай отырып, әділдіктен айнымай, ақиқаттың ақ жолымен жүруді басты қағидасына айналдырған. Бұл — кез келген адамның қолынан келе бермейтін, үлкен сабыр мен кәсіби біліктілікті талап ететін қызмет.
Жұмыстағы жауапкершілікпен қатар, Нуралем Нұртасұлы отбасының тірегі, үлгілі әке. Қандай тығыз жұмыс кестесі болса да, ол отбасына уақыт бөліп, бала тәрбиесіне ерекше мән береді. Балаларына адалдықты, еңбекқорлықты және Отанға қызмет етудің маңызын үйретіп келеді. Оның пікірінше, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздік отбасындағы тәрбиеден басталады.
Полиция капитаны Нуралем Садирбаев қызмет-тәртіп сақшыларының күнделікті көзге көріне бермейтін, бірақ аса маңызды еңбегінің жарқын көрінісі. Осындай өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары мамандардың арқасында елімізде заң үстемдігі мен қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз етіліп келеді.
#заңментәртіп #еңбекадамы

