Бүгін Қазақстан Халық партиясы фракциясының отырысында депутаттар Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылады.
Отырыс барысында ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар азаматтарды белсенді әрекетке, сондай-ақ елдегі шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысуға ынталандыратынын атап өтті.
«Конституциялық реформаға Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында бір палаталы Парламент құру туралы бастамасы негіз болды.
Парламенттік реформа бойынша Жұмыс тобы құрылып, ол алты ай бойы жұмыс істеді. Жұмыс тобының атына Парламенттік реформаға қатысты 600 ұсыныс және Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша 1600-ден астам ұсыныс келіп түсті. Азаматтардың сұранысын ескере отырып, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Бесінші отырысында Конституциялық реформаға бастамашы болды. Осының негізінде Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылды.
Комиссия құрамына еліміздің барлық өңірлері мен түрлі кәсіби салаларының атынан 130 адам енді. Комиссияның атына 2000-нан астам ұсыныс келіп түсті. Комиссия ұсыныстарды қарастырып, жинақтап, 30 қаңтар күні қазіргі таңда қазақстандықтар арасында кеңінен талқыланып жатқан жаңа Конституцияның жобасын ұсынды», – деп атап өтті Магеррам Магеррамов.
Жаңа Конституцияның ережелері Құрылтайдың өкілеттігін кеңейтеді, жаңа жоғары консультативтік орган – Халық Кеңесін құрады, оған Конституцияда жеке бөлім арналады және оның қызметі жеке Конституциялық заңмен реттеледі. Жаңа Конституция Қазақстан Республикасының Вице-Президенті институтын құрады, оны құру туралы бастаманы Мемлекет басшысы осы жылдың 20 қаңтарында Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында көтерді.
«Жаңадан Вице-Президент институтының құрылуы биліктің ауысуы кезіндегі жүйелік тәуекелдердің деңгейін төмендетеді. Мемлекет шұғыл саяси импровизациясыз алдын ала белгіленген сабақтастық механизмін алады. Қазақстан Халық партиясының фракциясы елімізде жүргізіліп жатқан Конституциялық реформаны қолдайды», – деді фракция басшысы.
Депутат Смирнова Ирина Владимировна Конституцияның толық жаңартылған преамбуласын ерекше атап өтті.
Депутат Нұралин Асылбек Жамашұлы елдің жаңа Конституциясы еңбек ету құқығын қамтамасыз ететінін атап өтіп, бұл құқық Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасында бекітілгеніне назар аударды.
Кенжеғұл Сейтжан азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын негізгі құндылық деп санайтын мемлекеттік саясатты әлеуметке бағдарланған саясат деп жоғары бағалады.
Депутат Ислам Сұңқар отырыс барысында ұсынылып отырған жаңа Конституция еліміздің жаңа ғылыми және инновациялық бағытын айқындайтынын атап өтті.
Партиялықтар жаңа Конституция еліміздің берік іргетасы болатынына сенімді, онда кепілдендірілген құқықтар мен бостандықтардың әсерлі ғимараты салынады, сондай-ақ азаматтардың ел ісіне сөзбен емес, нақты іспен қатысу үдерісіне барынша мүмкіндік береді.

