«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Тоқаев: Адвокаттардың ұсынысымен Ата заң жобасына адвокатура туралы жеке бап қосылды

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорытынды сөз сөйлеп, жаңа Ата заң жобасында ұсынылып отырған өзгерістердің арқауы адамдардың және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау екенін атап өтті, деп жазады Egemen.kz.

«Біз адам құқығының қорғалуына кепілдік беретін және оның нақты жолдары айқын көрсетілетін біртұтас жүйе қалыптастырамыз. Мысалы, адвокаттардың ұсынысымен Ата заң жобасына адвокатура туралы жеке бап қосылды. Жаңа Конституция жобасында білім беру жүйесіне баса мән беру арқылы мемлекеттің зайырлы сипаты да нақтылана түсті.

Ал «Неке – еркек пен әйелдің ерікті және теңқұқылы бірлестігі, яғни одағы» деген тұжырым арқылы қоғамдағы дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалу мақсаты көзделді. Конституция жобасында табиғатты қорғау мәселесіне де назар аударылды. Меніңше, бұл – өте маңызды нәрсе», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев түзетулердің ішіне тағы бір аса қажетті норманы енгізу керек екенін айтты.

«Қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар. Осы ережені «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтырған жөн. Меніңше, бұл – жаңа Конституцияның сипатына толық сай келетін әлеуметтік норма. Конституциялық комиссия мүшелерінен осы ұсынысты қарауды сұраймын.

Тұтастай алғанда, Негізгі заң жобасында Қазақстанның қарқынды дамуына, ұлтымыздың ұйысуына қажетті іргелі қағидаттар мен құндылықтар толық қамтылған», деді Президент.

Ұқсас ақпараттар

КӨТІБАР БАТЫР – АЛМАС ҚЫЛЫШ, ЕЛ ТІРЕГІ

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАРДЫҢ СУ ҚОРЫ — 239,46 МЫҢ МЕТР

admin_mugalzhar

КОЛЛЕДЖГЕ — 13 ЖЫЛ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.