Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында қорытынды сөз сөйлеп, елде жүріп жатқан саяси жаңғырудың мәні мен бағытына тоқталды. Мемлекет басшысы Қазақстанның өтпелі кезеңге аяқ басқанын, ел тағдырына әсер ететін ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатқанын атап өтті, деп жазады Egemen.kz.
Президент Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында конституциялық реформаның өзекті тұстары айтылғанын еске салды. Оның сөзінше, Конституцияға қатысты қоғамдық пікір алмасу жарты жылдан бері тоқтаусыз жүріп келеді. Ұсыныстарды жүйелеп, жан-жақты саралау үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылған.
«Бұл ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан да еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия. Осы жолы комиссия құрамында шетел мамандары жоқ», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, былтыр қазан айынан бастап азаматтарға өз пікірін ашық білдіруге толық мүмкіндік берілді. Сол кезеңде eGov және eOtinish мемлекеттік цифрлық платформалары арқылы бірнеше мың ұсыныс түскен.
«Комиссия өтініштің бәрін мұқият қарап, қорытып, тиісті түзетулерді әзірледі. Конституциялық комиссияның жұмысы барынша ашық жүргізілді. Мұны айтып өту маңызды. Себебі еліміздегі реформалар бұрын-соңды ешқашан дәл осылай жан-жақты талқыланып, тікелей эфир арқылы жұртшылықтың назарына ұсынылмаған», деді Президент.
Мемлекет басшысы цифрлық платформалардың қоғаммен байланыс орнатудағы рөліне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сай азаматтармен кері байланыс арналары тиімді жұмыс істеген.
«Соның арқасында шын мәнінде жалпыұлттық ауқымдағы талқылау болды десек, дұрыс болар. Бұл Әділетті Қазақстан құру жолындағы нақты қадамдардың бірі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

