«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Үнзила Шапақ: Жаңа Конституция жобасында тарихымыз алғаш рет мызғымас ұлттық құндылық ретінде танылды

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының алғашқы жиынында мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Депутат Конституцияның преамбуласын қайта қарау жөнінде ұсыныс білдіргенін атап өтті.

«Ата Заңы мықты елдің – тұғыры берік, Туы биік. Заман өзгереді. Онымен бірге қоғам да, құндылықтар да жаңғырады. Мемлекеттің шынайы қуаты – оның мәңгілік құндылықтарында», деді Үнзила Шапақ.

Ол референдумға ұсынылып отырған Конституция жобасы Егемендік пен Тәуелсіздікті, аумақтық тұтастық пен мемлекеттік шекараның мызғымастығын ең жоғары құндылық ретінде нақты бекітетінін ерекше атап өтті. Сонымен қатар депутат жаңа құжатта елдің терең тарихи тамырына да айрықша мән берілгенін жеткізді. Оның айтуынша, жаңа Ата Заң жобасында мыңжылдық тарихымыз алғаш рет мызғымас ұлттық құндылық ретінде танылды.

«Қазақ елі – айбыны асқақ мемлекеттердің заңды мұрагері. Ұлан-ғайыр Ұлы Дала – көшпелілер өркениетінің алтын бесігі. Адамды ардақтаған, адами қасиетті қадірлеген Ұлы Далада демократияның терең тамыры қалыптасқан. Осы берік дәстүрдің заңды жалғасындай жаңа заң жобасында адам құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық деп жарияланды», деді ол.

Депутаттың пікірінше, «Әділетті Қазақстан» идеясының өзегі де осы қағидаттармен тікелей байланысты. Сондай-ақ ол әділеттілік, заң мен тәртіп, табиғатты қорғау – ел дамуының өзегі, мемлекеттіліктің тірегі екенін атап өтті.

«Бүгінгі алмағайып заманда сын-қатерден сүрінбей өтетін жалғыз жол – интеллектуалды, озық ойлы ұлт болу. Сондықтан мәдениет пен білімді, ғылым мен инновацияны заңмен бекіту – тарих алдындағы парызымыз, болашақ алдындағы борышымыз», деп түйіндеді ол.

Ұқсас ақпараттар

Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 413 мың тонна дизель отыны бөлінеді

admin_mugalzhar

ҚСЗИ директоры: сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың басым көпшілігі Конституциялық реформаны қолдады

admin_mugalzhar

Қазақстан ана өлімін айтарлықтай тез төмендеткен он елдің қатарына кірді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.