«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАҢА САЛЫҚ ЖҮЙЕСІ: КӘСІПКЕРГЕ ҚАНДАЙ МҮМКІНДІКТЕР ҚАРАСТЫРЫЛҒАН?

ЖАҢА ЖЫЛДАН БАСТАП ЕЛІМІЗДЕ ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІ КҮШІНЕ ЕНДІ. ҰЗАҚ УАҚЫТ БОЙЫ ТАЛҚЫЛАНҒАН БҰЛ ҚҰЖАТТА САЛЫҚ САЛУ ТӘСІЛІ ДЕ ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРДІ. АТАП АЙТҚАНДА, ҚОСЫЛҒАН ҚҰН САЛЫҒЫ 16 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ. СОНДАЙ-АҚ СӘН-САЛТАНАТҚА ДА САЛЫҚ САЛЫНАТЫН БОЛДЫ. АЛ ӨЗІН-ӨЗІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТИТЫН АЗАМАТТАР ҮШІН ЖАҢА САЛЫҚ РЕЖИМІ ПАЙДА БОЛДЫ.

ЖАҢА ЖҮЙЕ: АШЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ӘДІЛДІК

Аталған тақырып төңірегінде жаңалықтарды білмек ниетте аудандық кірістер басқармасына хабарластық. Басқарма басшысы Асылбек Нурлин бұрын бақылау мен тексеруге басымдық берілсе, ал жаңа жүйе салық төлеушіге ыңғайлы, ашық әрі цифрландырылған форматқа көшірілгенін жеткізді.

Ең басты өзгерістердің бірі – салықтардың құрылымы мен тәсілдерінің қайта қаралуы. Мысалы, қосылған құн салығының мөлшері артты, бірақ сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар салаларға, медицина мен дәрі-дәрмекке төмендетілген мөлшерлемелер қарастырылған. Бұл мемлекет үшін бюджет кірісін қамтамасыз ете отырып, халыққа түсетін жүктемені теңгеруге бағытталған шешім деп айтуға болады. Ал жеке табыс салығына келсек, мұнда прогрессивті шкала енгізілді. Яғни табысы жоғары азаматтар көбірек салық төлейді, ал орта және төмен табысты адамдарға салмақ азаяды. Бұл – әлеуметтік әділеттілік қағидатын күшейтуге бағытталған қадам, — деді басқарма басшысы Асылбек Нурлин.

Оның сөзінше, жаңа жүйеде кәсіпкерлер үшін де өзгерістер бар. Арнаулы салық режимдері ықшамдалып, үш негізгі форматқа келтірілген. Бұл шағын және ортабизнескеқайрежимніңтиімді екенін таңдауды жеңілдетеді. Сонымен қатар есептілік азайып, декларациялардың бір бөлігі алдын ала толтырылатын болады.

Биылдан бастапжаңа Салық кодексіндегі негізгі өзгерістерді атап айтатын болсам, сараланған салық мөлшерлемелері енгізілді, қосылған құн салығы реформаланды, сән-салтанат салығы» енгізілді, арнаулы салық режимдері өзгерді, салық жеңілдіктерін алудың ашық және нақты ережелері әзірленді, салықтық әкімшілендіру цифрландыру да қарастырылған. Сонымен бірге сервистік модельге көшу жүргізіледі және салық есептілігінің нысандары 30%-ға қысқарды. Жалпы алғанда, жаңа Салық кодексінің негізгі мақсаты – салық жүйесін барынша түсі-нікті, әділ және заманауи ету. Мемлекет пен салық төлеуші арасындағы қарым-қатынасты серіктестік деңгейіне шығару, көлеңкелі экономиканы азайту және экономиканың ашықтығын арттыру көзделіп отыр, — деді ол.

САЛЫҚТЫҚ ӘКІМШІЛЕНДІРУ ЖЕҢІЛДЕДІ

Жаңа Салық кодексінің ең маңызды бағыттарының бірі – мемлекет салықтық әкімшілендіруді мүмкіндігінше жеңілдетіп, бизнес пен жеке тұлғаларға қолайлы етуге басымдық берілген. Яғни салық төлеуші салық органына бармайақ, барлық негізгі процесті онлайн форматта орындай алады. Кірістер басқармасы мамандарының айтуынша, декларациялардың бір бөлігі алдын ала толтырылады. Бұл кәсіпкерлер үшін де, қарапайым азаматтар үшін де уақытты үнемдейді және қателік жіберу тәуекелін азайтады. Сонымен қатар есептілік саны қысқарып, артық құжат айналымы да жойылады. — Цифрлық сервистер арқылы салықты есептеу, төлеу, қарызды тексеру немесе қайтарым алу процестері барынша автоматтандырылады. Бұл бизнестің әкімшілік шығындарын азайтып, кәсіпкердің негізгі жұмысына көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, бұл өзгерістер салық жүйесін жазалаушы емес, қызмет көрсетуші форматқа көшіруге бағытталған. Яғни мемлекет пен салық төлеуші арасындағы қарым-қатынас ашық әрі сенімге негізделген жүйеге айналуы тиіс, — деді Асылбек Қылышниязұлы.

ӘКІМШІЛЕНДІРУДІҢ СЕРВИСТІК МОДЕЛІНЕ КӨШТІ

Салық кодексіндегі ең маңызды өзгерістердің бірі — салықтық әкімшілендірудің сервистік моделге көшуі. Бұл жерде негізгі идея – салық органының бақылаушы емес, ең алдымен кеңес беруші әрі қызмет көрсетуші органға айналуы. Яғни салық төлеуші қателік жіберген жағдайда бірден жазалау емес, алдымен ескерту, түсіндіру және түзетуге мүмкіндік беру қағидаты енгізілген. Бұл жөнінде айтқан Асылбек Нурлин салық міндеттемелерін алдын ала дұрыс орындауға көмектесетін цифрлық құралдардың кеңінен қолданылатынын тілге тиек етті.

Айталық, жүйе салық төлеушінің деректері негізінде тәуекелдерді алдын ала көрсетіп, қате кетуі мүмкін тұстарды ескертеді. Бұл әсіресе шағын және орта бизнес үшін өте маңызды. Сервистік модельдің тағы бір артықшылығы – ашықтық пен сенімнің артуы. Кәсіпкер немесе жеке тұлға өз салық жағдайын онлайн режимде көріп, қандай төлем қашан және не үшін есептелгенін нақты түсіне алады. Жалпы алғанда, бұл модель салық төлеуді мәжбүрлеу арқылы емес, қолайлы жағдай жасау арқылы қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекет салық төлеушіні серіктес ретінде қабылдап, экономиканың ашық әрі тұрақты дамуына жағдай жасайды, — деді ол.

ҚОСЫЛҒАН ҚҰН САЛЫҒЫ БОЙЫНША ТІРКЕУ – ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУ

Салық кодексінде қайта қаралған тармақтық бірі — қосылған құн салығы бойынша тіркеу мәселесі. Мұндағы мақсат – адал бизнеске кедергі жасамай, ал формалды немесе тәуекелі жоғары компанияларды ерте кезеңде анықтау. Кірістер басқармасының мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, ҚҚС төлеуші ретінде тіркеу енді барынша ашық әрі цифрландырылған тәртіпте жүзеге асырылады. Кәсіпкер өтінімді электронды түрде тапсырады, ал жүйе тәуекелдерді автоматты түрде бағалайды. Яғни бұрынғыдай ұзақ тексерулер мен артық құжат сұрату азаяды.

Қосылған құн салығы бойынша салық төлеуші электрондық түрде немесе қағаз жүзінде салық органында тіркеле алады. Айналым мөлшерлемесі 16 пайыздды құрайды. ҚҚС-на айналым шегі 10 000 АЕК асса тіркелу міндеттеледі. ҚҚС салығы бойынша тіркеуден шығару мынадай жағдай кезінде орындалады. Егер салық төлеуші жалпыға бірдей белгіленген тәрті-бінен арнаулы салық режиміне өткен кезде, салық төлеуші таратылған немесе жабылған кезде. Сондайақ 2026 жылдан бастап ҚҚС салығының тіркеу есебінен салық төлеуші өз еркімен шыға алмайды, — деді басқарма басшысы.

Оның сөзінше, жалған кәсіпкерлік пен «қағаз жүзіндегі» компаниялардың ҚҚС жүйесін теріс пайдалануына жол бермеу үшін тәуекелге негізделген сүзгілер күшейтілген. Бұл адал кәсіпкерлер үшін әділ бәсекелестік қалыптастыруға мүмкіндік береді екен. Сондай-ақ ол ҚҚС төлеушіні тіркеу тәртібі екі бағытта дамып отырғанын мәлімдеді. Бірі бағыты адал бизнеске жеңілдік пен ыңғайлылық берсе, екінші бағыты салықтан жалтаруға бағытталған схемаларға тосқауыл қойылды. Бұл ҚҚС жүйесінің тұрақтылығын арттыруға үлкен мүмкін-діктер ашады.

ТЕКСЕРУЛЕР ҚЫСҚАРЫП, ӘКІМШІЛІК ҚЫСЫМ ТӨМЕНДЕЙДІ

Аудандық кірістер басқармасының басшысы Асылбек Нурлин жаңа Салық кодексі тек салық мөлшерлемелерін ғана емес, жалпы салықтық әкімшілендірудің бүкіл логикасын өзгерткенін айтты. Оның берген мәліметі бойынша, ең алдымен салық есептілігін ұсыну тәртібі оңтайландырылған және есептілік формалары қысқарып, қайталанатын көрсеткіштер алынып тасталған. Ал бірқатар декларациялар алдын ала толтырылатын форматқа көшірілген. Бұл бизнес үшін уақыт пен ресурсты үнемдеуге мүмкіндік береді екен.

Жаңа кодекске салықтық тәуекелдерді басқарудың жаңа моделі енгізілді. Бұрын барлық салық төлеушілерге бірдей талап қойылса, енді тәуекелге негізделген тәсіл қолданылады. Яғни адал, ашық жұмыс істейтін кәсіпкерлерге бақылау азайып, негізгі назар тәуекелі жоғары сегментке аударылады. Бұл тексерулер санын қысқартып, әкімшілік қысымды төмендетеді. Мәжбүрлеп өндіріп алу тетіктері де қайта қаралды. Енді салық берешегі туындаған жағдайда бірден қатаң шаралар қолдану емес, алдымен ескерту, хабарлама және өз еркімен өтеуге мүмкіндік беру қағидаты басым. Тек соңғы шара ретінде ғана мәжбүрлеп өндіріп алу қолданылады, — деді ол.

Басқарма басшысының сөзінше, берешекті бөліп төлеу және кейінге қалдыру тетіктері де икемдірек болған. Кәсіпкерлер нақты қаржылық жағдайын ескере отырып, берешекті кезең-кезеңімен өтеу мүмкіндігіне ие. Бұл бизнесті тоқтатып тастамай, керісінше, жұмысын жалғастыруына жағдай жасауға бағытталған. Осы өзгерістерді саралап қарайтын болсақ, мемлекет салық төлеушімен диалог орнатып, заңды түрде жұмыс істеуге ынталандыруды көздейтін секілді.

«ТАЗА ПАРАҚТАН» САЛЫҚТЫҚ ӘКІМШІЛЕНДІРУ:

Салық жүйесіне енгізіген тағы бір өзгеріс — салықтық әкімшілендіруді «таза парақтан» жүргізу. Бұл өзгерісті басқарма басшысы: «Салықтық әкімшілендіруді “таза парақтан” бастау дегеніміз – бұрынғыдай адамның өткен қателіктеріне, ескі берешектеріне немесе формалды кемшіліктеріне байланып қалмай, жаңа жүйеде бәріне бірдей, ашық әрі түсінікті ереже орнату. Қарапайым тілмен айтсақ, мемлекет салық төлеушіге “сенен күдіктенеміз” деген көзқараспен емес, “заңды түрде дұрыс төлеуге көмектесейік” деген ұстаныммен қарайды. Яғни адам немесе кәсіпкер жаңадан тіркелсе, оған бірден қысым көрсетілмейді, керісінше, қай салықты, қашан және қалай төлеу керек екені алдын ала көрсетіледі», — деп түсіндірді. Жаңа жүйеде көптеген салық есептері автоматты түрде қалыптасады екен. Сондай-ақ декларациялар да алдын ала толтырылады. Егер қате кетсе, бірден айыппұл салу емес, алдымен ескерту беріледі.

Бұл – “таза парақ” қағидасының нақты көрінісі. Мұның басты мақсаты – адамдарды қорқыту емес, салық төлеуді жеңіл әрі түсінікті ету. Сонда тұрғындар да, бизнес те заңды түрде жұмыс істеуге ынталы болады, ал мемлекет бюджетке тұрақты әрі әділ түсім алады, — деді Асылбек Қылышниязұлы.

ЖОСПАРЛЫ ТЕКСЕРУЛЕР БОЛМАЙДЫ

Аудандық кірістер басқармасының басшысы берген деректерге көз жүгіртсек, жаңа Салық кодексіне сәйкес жоспарлы салықтық тексерулерден бас тарту көзделген. Бұл дегеніміз – бұрынғыдай белгілі бір кесте бойынша, себепсіз немесе формалды негізде тексеру жүргізу тәжірибесі болмайды деген сөз.

Жаңа жылдан бастап салықтық тексерулер тек нақты тәуекелдер болған жағдайда ғана жүргізіледі. Яғни цифрлық жүйелер арқылы талдау жасалып, салық төлеушінің қызметінде заңбұзушылық белгілері анықталған кезде ғана тексеру тағайындалады. Адал жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер мен азаматтар үшін тексеру саны айтарлықтай азаяды. Бұл өзгеріс бизнестің жұмысына кедергі келтірмеу және артық әкімшілік қысымды жою мақсатында енгізіліп отыр. Мемлекет кәсіпкерді “күдікті тұлға” ретінде емес, экономиканың серіктесі ретінде қабылдауға көшіп жатыр. Жоспарлы тексерулерден бас тарту – салықтық әкімшілендірудің сервистік моделіне өтудің нақты көрінісі. Бұл жүйе адал салық төлеушіні қорғап, көлеңкелі экономикамен нысаналы түрде күресуге бағытталған, — деді басқарма басшысы.

Оның сөзінше, кәсіп иелеріне тексеруге дейін алдын ала хабарлау, түсіндіру және өз еркімен түзету мүмкіндігі беріледі. Тек осы шаралар нәтиже бермегенжағдайда ғана бақылау-қадағалау тетіктері қолданылады.

АУДАНДА 3 873 КӘСІПКЕР БАР

Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы жергілікті бюджет 101,0 пайызға орындалған. Кірістер басқармасының мамандары жоспар бойынша қазынаға түсуі қажет 8 млрд 6- 80 млн 645 мың теңгені артығымен орындап, 9 млрд 613 млн 451 мың теңге көлемінде қаражат түсірген.

2025 жылы жергілікті бюджетке 1 млн 093 млн 555,5 мың теңге артық түсім түсті, жоспар артығымен орындалды. Салық жүйесіндегі өзгерістер мұғалжарлық кәсіпкерлерге оң әсерін тигізеді деп есептеймін. Қазіргі таңда ауданда кірістер басқармасында тіркелген кәсіпкер саны – 3873. Салық жүйесіндегі өзгерістер осы аталған кәсіп иелерінің барлығына қатысты. Аудан кәсіпкерлеріне жаңа жылдан бастап «Халық бухгалтері» акциясы басталғанын айтқым келеді. Жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне арналған бұл акция осы жылдың 30 маусымына дейін жалғасады. Акция аясында түрлі кеңестер беріліп, бухгалтерлік есеп, салықтық есептілік, ақпараттық жүйелерде жұмыс істеу бойынша да толыққанды түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді. Жұмыс форматы офлайн режимінде Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында өтеді. Кеңес беру әр аптаның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін жүргізіледі, — деді басқарма басшысы Асылбек Нурлин.

Оның сөзінше, кеңес беру жұмыстарына кәсіби бухгалтерлер мен аудиторлар, бухгалтерлік қауымдастықтардың өкілдері, заңнама нормаларын түсіндіру үшін мемлекеттік кірістер органдарының тәжірибелі қызметкерлері тартылған.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Мұғалжар ауданында құрылыс қарқынды

admin_mugalzhar

Қазақстанда демалыс күндері ауа райы қандай болады?

admin_mugalzhar

Қарттарын қадірлеген ел ардақты

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.