Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматы қаласында мәслихат депутаттарымен, жұртшылықпен, этномәдени бірлестіктердің мүшелерімен және белсенді жастармен кездесті. Іс-шаралар барысында жаңа Конституция жобасының негізгі мәні мен алдағы республикалық референдум аясындағы бірлескен жұмыстың басым міндеттері талқыланды.
Мәулен Әшімбаев кездесуге қатысушыларға ілтипат білдіріп, конституциялық реформа Мемлекет басшысы бастамашы болған ауқымды жаңғыртулардың дәйекті жалғасы екенін атап өтті. Сондай-ақ ол бұл саяси бағдар әділеттілік, заң үстемдігі және биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігі сияқты маңызды қағидаттарға табан тірейтінін айтты.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен барлық салада кешенді жаңғыртулар жүзеге асырылуда. Конституциялық реформа – сол іргелі өзгерістердің заңды әрі дәйекті жалғасы. Мемлекет басшысының Жарлығымен жаңа Конституция жобасы республикалық референдумға шығарылды. Осылайша, 15 наурызда азаматтар өз таңдауын жасайды. Бұл – елдің саяси жүйесін демократияландыру жолындағы маңызды қадам. Жаңа Ата Заңда мемлекеттілікті нығайтуға, Тәуелсіздікті күшейтуге және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға баса мән берілген. Сондықтан конституциялық реформа заң мен тәртіп қағидатына, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға және орнықты даму бағдарына табан тірейді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы жаңа Конституция жобасы «Әділетті Қазақстан» идеясын жүзеге асырудың құқықтық негізін қалайтынына назар аударды. Құжатта елдің зияткерлік әлеуетін дамытуға және халықтың бірлігін нығайтуға берік кепіл болатын басымдықтар қамтылған. Бұл жаңа Ата Заңның адамға бағдарлануын, мазмұнының айқындығын және қоғамды ұйыстырушы рөлін айқын көрсетеді.
«Жаңа Конституция жобасы – өткеннің инерциясынан саналы түрде арылып, заманауи мемлекеттік модельге көшу. Ата Заңдағы тұжырымдамалық өзгерістердің бірі адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекіту екені анық. Жаңа Конституцияда дәл осы қағида мемлекеттік құрылым жүйесінің іргетасына айналады. Бұл – «Әділетті Қазақстан» идеясын декларация деңгейінде емес, нақты конституциялық нормалар арқылы жүзеге асыру деген сөз», – деді Палата Спикері.
Мәулен Әшімбаев жаңа Конституция жобасын тарихи құжат деп атап, бұл шешім қоғамдық келісімнің жаңа үлгісіне көшу және ішкі сұраныстар мен сыртқы сын-қатерлерге берілген уақытылы жауап екенін де тілге тиек етті. Ол конституциялық реформаны сараптамалық тұрғыдан ілгерілетудің маңызына тоқталып, осы идеяларды нақты тетіктерге, алдағы уақытта қабылданатын заңдарға және құқық қолдану тәжірибесіне тиімді енгізу қажет екенін айтты.
«Жаңа Конституция алдағы жылдарда Қазақстанның тұрақты, қауіпсіз әрі серпінді дамуын қамтамасыз ететін мемлекеттік және саяси құрылымды қалыптастыруға негіз болады. Бұл қадам қазіргі және келешектегі сын-қатерлерді еңсере алатын тиімді жүйе құруға жол ашады. Қазір егемендікті күшейтуге, Тәуелсіздікті нығайтуға, еліміздің қуатты дамуына жағдай жасауға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға баса мән беруіміз керек. Сонда ғана Қазақстан әлемдік экономика мен саясатта лайықты орнын иелене алады», – деді Сенат Төрағасы.
Талқылау барысында сарапшылар мен талдау орталықтарының өкілдері алдағы референдум аясындағы бірлескен жұмысқа қатысты ұсыныс-ойларын айтып, өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Сапар аясында Сенат Төрағасы Абай атындағы республикалық мектептің материалдық-техникалық базасымен, оның ішінде БҰҰ кабинетінің және білім ордасындағы музейдің қызметімен танысты. Сондай-ақ қалалық кітапхана ұжымымен және мегаполистің белсенді жастарымен кездесті. Одан бөлек, сенаторлар Yandex Qazaqstan-ның кеңсесіне барып, еліміздегі цифрландыру үдерістерін одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

