«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЕКТ: САЛЫҚ ЖҮЙЕСІНЕ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС ӘКЕЛУДЕ?

«Алдағы бес жылдың ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы керек. Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Себебі біз жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланатын ел болуымыз қажет. Осы биік мақсатқа жету үшін стратегиялық бағдарымызды айқындап алған жөн. Әрбір қадамды мұқият ойластырып, алдын ала шұғыл шаралар қабылдауымыз керек. Қазір мемлекеттің цифрлық саясатқа қатысты ұстанымдарын қайта қарайтын кез келді. Жаһандық технологиялық бәсеке күшейіп, жасанды интеллектінің дамуы қарқын алған кезеңде бізге жан-жақты әрі жүйелі әрекет етуге мүмкіндік беретін кешенді бағдарлама керек»… Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінен

ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ 2026 ЖЫЛДЫ «ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ» ЖЫЛЫ ДЕП ЖАРИЯЛАҒАНЫ БЕЛГІЛІ. АЛ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ КӘДЕГЕ ҚАЛАЙ ЖАРАТУДА? ОСЫ СҰРАҚТЫ АЛҒА ТАРТҚАН ГАЗЕТ ЖУРНАЛИСТЕРІ АУДАН АУМАҒЫНДАҒЫ МЕКЕМЕЛЕР МЕН МЕМЛЕКЕТТІК БӨЛІМДЕРГЕ ХАБАРЛАСЫП, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ ЖӘНЕ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТҚАНЫН БІЛДІ. «АІ ЖӘНЕ БІЗ» АЙДАРЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚОНАҒЫ АУДАНДЫҚ КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЕСЕПКЕ АЛУ, ТАЛДАУ, ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖҰМЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ АҚНИЕТ ҚҰЛБАТЫРОВАМЕН СҰХБАТЫМЫЗ, ЖАҢА ҚАБЫЛДАНҒАН САЛЫҚ ЖҮЙЕСІНДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ТЕХНОЛОГИЯСЫНЫҢ ҚАЛАЙ ҚОЛДАНЫЛЫП ЖАТҚАНЫ ТУРАЛЫ ӨРБІДІ.

-Ақниет Жантөреқызы, осы жылы салық жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілгенін білеміз. Ол туралы өткен нөмірлерімізде тарқатып жаздық. Ал енді биылғы жылдың тағы бір жаңалығы – жасанды интеллект. Осы орайда қазіргі уақытта сіздің мекемеде жасанды интеллект технологиялары қолданыла ма? Егер қолданылса, нақты қай бағыттарда пайдаланылады?

Бүгінгі таңда Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жасанды интеллект» жылына орай цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізу барлық мемлекеттік органдар үшін басым бағыттардың біріне айналып отыр. Біздің кірістер басқармасында да жасанды интеллект элементтері кезең-кезеңімен енгізілуде. Атап айтқанда, бұл технологиялар салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға бағытталған. Айталық, жасанды интеллект құралдары арқылы салық төлеушілердің тәуекел деңгейін автоматты түрде бағалау жүзеге асырылады. Сондай-ақ күмәнді қаржылық операцияларды анықтау процестері жетілдіріліп, берілетін декларациялар мен есептіліктерге талдау жүргізу жылдамдығы артты. Азаматтардан келіп түсетін сұраныстарды өңдеу барысында автоматтандырылған жүйелер қолданылуда. Сонымен қатар тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мақсатында цифрлық сервистер мен онлайн кеңес беру құралдары дамып келеді. Бұл өз кезегінде уақытты үнемдеуге және адами факторды азайтуға мүмкіндік береді. Салық жүйесі саласында жасанды интеллектіні енгізу – ашықтықты қамтамасыз етуге, салықтық тәртіпті нығайтуға және бюджетке түсетін түсімдерді арттыруға ықпал ететін маңызды құрал деп есептеймін.

-Салықтық тексерулерде жасанды интеллект технологиялары қолданыла ма? Осы жөнінде білгіміз келеді.

-Қазіргі таңда салықтық тексерулерде жасанды интеллект технологиялары белсенді түрде қолданылып келеді. Бұл – халықаралық тәжірибеде кең таралған үрдіс. Жасанды интеллект ең алдымен тексерулерді тиімді жоспарлау мен тәуекелдерді басқару бағытында пайдаланылады. Атап айтқанда, салық төлеушілердің үлкен деректер массиві талданып, тәуекелі жоғары субъектілер автоматты түрде іріктеледі және күмәнді операциялар мен сәйкессіздіктер алгоритмдер арқылы анықталады. Тексеруге жататын нысандарды таңдау процесі анағұрлым дәл әрі әділ жүргізіледі. Мысалы, бірқатар елдерде жасанды интеллект миллиондаған деректерді өңдеп, тексеруге лайықты тәуекелді жағдайларды алдын ала анықтайды, бұл тексерулердің нәтижелілігін арттырады. Сонымен қатар арнайы алгоритмдер қаржылық есептер мен банк деректерін салыстырып, жасырын табыс немесе салықтан жалтару белгілерін анықтай алады. Кейбір жүйелер салықтық тексеруге іріктеу процесін толық автоматтандыруға жақын, яғни жасанды интеллект аудитке қандай субъектіні жіберу керектігін өзі ұсынады. Жалпы алғанда, бұл технологиялар тексерулердің дәлдігін арттырады, адами факторды азайтады, уақыт пен ресурсты үнемдейді, салықтық құқықбұзушылықтарды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Дегенмен барлық шешімдер міндетті түрде мамандардың бақылауымен қабылданады, яғни жасанды интеллект – тек көмекші құрал ретінде қолданылады.

-Тәуекелдерді бағалау жүйесінде AI алгоритмдері бар ма? Сондай-ақ салық төлеушілерді іріктеу автоматтандырылған ба, әлде адам факторы басым ба?

-Тәуекелдерді бағалау жүйесінде жасанды интеллект элементтері қолданылады. Бұл жүйе салықтық әкімшілендірудің маңызды құралдарының бірі болып табылады. Атап айтқанда, AI алгоритмдері салық төлеушілердің қаржылық және салықтық деректерін кешенді түрде талдайды, мінез-құлық модельдерін қалыптастырып, қалыпты және күмәнді әрекеттерді ажыратады және тәуекел деңгейін автоматты түрде есептеп, жоғары тәуекел тобына жататын субъектілерді анықтайды. Ал салық төлеушілерді іріктеу процесі негізінен автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады. Яғни, тәуекелдерді басқару жүйесі мен жасанды интеллект элементтері деректерді талдап, тексеруге жататын субъектілерді алдын ала анықтайды. Бұл жүйе белгіленген тәуекел критерийлері негізінде автоматты түрде талдау жүргізеді, жоғары тәуекел деңгейі бар салық төлеушілерді іріктейді және шешім қабылдауға негіз болатын ұсыныстар қалыптастырады. Дегенмен бұл процесте адам факторы толықтай алынып тасталған деп айтуға болмайды. Мамандар жүйе ұсынған нәтижелерді қосымша талдап, олардың негізділігі мен заңдылығын тексереді. Қажет болған жағдайда түзетулер енгізіледі. Яғни, іріктеупроцесі – автоматтандырумен кәсіби сараптаманың үйлесімі. Қорытындылай келе, негізгі жүктеме цифрлық жүйелерге берілгенімен, соңғы бақылау мен жауапкершілік әрдайым мамандардың құзырында қалады.

-Сіз жоғарыда салық жүйесінде көп қызметтерді жасанды интеллект атқара алатынын айтып өттіңіз. Дегенмен қауіпсіздік мәселесіне қалай мән беріледі? Айталық, тұрғындардың жеке деректері қалай қорғалады?

-Жасанды интеллект технологияларын қолдану барысында жеке деректердің қауіпсіздігі – басты басымдықтардың бірі. Біріншіден, барлық ақпараттық жүйелер дербес деректерді қорғау туралы заңнама талапта-рына толық сәйкес жұмыс істейді. Деректерді жинау, сақтау және өңдеу процестері қатаң реттелген. Екіншіден, деректер шифрлау арқылы қорғалады, ақпараттық жүйелерге қолжетімділік деңгей бойынша шектеледі және барлық әрекеттер тіркеліп, тұрақты түрде бақылауға алынады. Үшіншіден, жасанды интеллект жүйелері көбінесе деректерді жалпылама немесе анонимдендірілген түрде өңдейді. Яғни, нақты жеке тұлғаны тікелей анықтайтын мәліметтер ашық пайдаланылмайды. Сонымен қатар киберқауіпсіздік талаптары күшейтіліп, ақпараттық жүйелер тұрақты түрде тексерістен өтеді. Осы тұста жасанды интеллектіні енгізу жеке деректердің қауіпсіздігіне кері әсер етпейтінін айтқым келеді. Керісінше, заманауи технологиялар қорғау деңгейін арттырып, ақпараттың сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

-Қазіргі уақытта ауданымызда кіші және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Осы орайда олар үшін AI негізіндегі жеңілдіктер немесе талдау құралдары қарастырылған ба?

-Қазіргі уақытта кіші және орта бизнес үшін жасанды интеллект негізіндегі талдау құралдары мен бірқатар цифрлық мүмкіндіктер кезең-кезеңімен қарастырылуда. Бүгінгі таңда AI технологиялары бизнеске тек бақылау құралы ретінде емес, керісінше көмекші әрі кеңесші құрал ретінде енгізілуде. Атап айтқанда, біріншіден, қаржылық және салықтық талдау құралдары. Бұл дегеніміз – жасанды интеллект кәсіпкердің деректерін талдап, салық жүктемесін алдын ала есептейді, ықтимал тәуекелдерді көрсетеді және тиімді салықтық шешімдер бойынша ұсыныстар бере алады. Мұндай жүйелер болашақ салық міндеттемелерін болжауға да мүмкіндік беретіні сөзсіз. Екіншіден, автоматтандырылған есеп жүргізу және декларациялау. Бұл шығындарды автоматты түрде санаттарға бөліп, есептілікті алдын ала толтырады. Сондай-ақ қателерді анықтап, түзету бойынша кеңес береді. Бұл шағын бизнес үшін уақыт пен шығынды айтарлықтай азайтады. Үшіншіден, салықтық жеңілдіктерді анықтау мүмкіндіктері бар. Бұл бизнестің қаржылық тиімділігін арттыруға көмектеседі. Айталық, жасанды интеллект кәсіпкердің қызметіне қарай қолжетімді жеңілдіктер мен шегерімдерді автоматты түрде табады және пайдаланылмай жатқан мүмкіндіктерді көрсетеді. Соңғысы – нақты уақыт режиміндегі кеңес беру. AI жүйесі арқылы заңнамадағы өзгерістер автоматты түрде ескертіліп, кәсіпкерге дер кезінде хабарланады. Сондай-ақ айыппұл тәуекелін азайтады. Мұндай құралдардың мақсаты – бизнесті тек бақылау емес, оны қолдау, әкімшілік жүктемені азайту және ашық жұмыс істеуге жағдай жасау. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, ал алдағы уақытта әрбір кәсіпкерге «цифрлық салық кеңесшісі» форматындағы қызметтерді ұсыну көзделіп отыр.

-Кірістер басқармасында «E-Salyq Azamat», «E-Salyq Business» секілді мобильді қосымшалардың барын білеміз. Осы қосымшаларда чат-боттар немесе виртуалды кеңесшілер бар ма?

-Қазіргі таңда чат-боттар мен виртуалды кеңесшілер элементтері кезең-кезеңімен енгізілуде. Бүгінде салық төлеушілерге кеңес беру бағытында онлайн сервистер арқылы автоматтандырылған жауаптар ұсынылады. Жиі қойылатын сұрақтарға жедел түсіндірмелер беріліп, электронды қызметтерді пайдалану бойынша бағытбағдар көрсетіледі. Бұл құралдар азаматтарға тәулік бойы ақпарат алуға мүмкіндік беріп, халыққа қызмет көрсету орталықтарына түсетін жүктемені азайтады. Ал алдағы уақытта бұл жүйелерді одан әрі жетілдіру жоспарлануда. Атап айтқанда, жасанды интеллект негізіндегі чат-боттар әрбір салық төлеушінің сұранысына жеке бейімделген жауап береді, күрделі сұрақтарды қарапайым тілмен түсіндіреді және декларация толтыру процесінде қадам-қадаммен көмек көрсетеді. Чат-боттар мен виртуалды кеңесшілер – қызмет көрсетуді қолжетімді әрі ыңғайлы ететін маңызды құралдардың бірі.

-Сұхбатымыздың соңында алдағы уақытта жасанды интеллект арқылы қандай жаңа сервистер енгізуді жоспарлап отырғандарыңызды білгіміз келеді?

-Алдағы уақытта жасанды интеллект негізінде бірқатар жаңа сервистерді енгізу жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы негізгі мақсат – салық төлеушілерге қолайлы, жедел әрі проактивті қызмет көрсету жүйесін қалыптастыру. Алдағы уақытта AI-чатботтар мен виртуалды көмекшілерді және «проактивті сервис» форматын енгізу, автоматтандырылған декларациялау, интеллектуалды талдау және кеңес беру жүйелерін кірістіру, алаяқтық пен көлеңкелі экономиканы ерте анықтау жүйелерін қосу көзделіп отыр. Чат-боттар салық төлеушілердің сұрақтарына 24/7 режимінде жауап беріп, декларация толтыру, төлем жасау және есептілік тапсыру бойынша бағыт-бағдар береді. Халықаралық тәжірибеде мұндай жүйелер азаматтардың уақытын үнемдеп, қызмет сапасын айтарлықтай арттырып отыр. Ал «проактивті сервис» форматы арқылы салық төлеушіге алдын ала ескерту жасалып, есептілік мерзімдері туралы хабарланады және ықтимал қателер көрсетіліп, түзету бойынша ұсыныстар беріледі. Бұл қателіктерді азайтып, ерікті түрде салық төлеуді арттыруға мүмкіндік береді. Автоматтандырылған декларациялауға келетін болсақ, болашақта кейбір деректер жүйеде алдын ала қалыптастырылып, азаматтарға тек растау ғана қалады. Бұл халықаралық тәжірибеде кеңінен енгізілуде. Ал интеллектуалды талдау және кеңес беру жүйелері арқылы жасанды интеллект салық төлеушінің жағдайына қарай жеке ұсыныстар беріп, күрделі нормаларды қарапайым тілмен түсіндіреді. Мұндай шешімдер қазіргі таңда бірқатар елдерде қолданылып, қызмет көрсету сапасын жақсартып отыр. Енгізілуі тиіс тағы бір өзгеріс – алаяқтық пен көлеңкелі экономиканы ерте анықтау жүйелері. Бұл жерде жасанды интеллект деректерді талдау арқылы тәуекелдерді алдын ала болжап, заңбұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі. Бұл бастамалардың барлығы да салық жүйесін барынша ашық, ыңғайлы және цифрлық форматқа көшіруге бағытталған. Нәтижесінде азаматтар үшін қызмет алу жеңілдеп, бизнес үшін әкімшілік жүктеме азаяды деп күтілуде.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Ауырлығы орташа қылмыс жасағандар рақымшылыққа ілінеді

admin_mugalzhar

АДАЛ ЕҢБЕКПЕН ТАПҚАН НАН ТӘТТІ

admin_mugalzhar

ЖАС БОКСШЫЛАР ОБЛЫС ЧЕМПИОНАТЫНДА ТОП ЖАРДЫ

admin_mugalzhar