АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесі мен заң шығару билігінде түбегейлі өзгерістер орын алуы мүмкін. «Jibek Joly» телеарнасының «Жаңа Уақыт» сараптамалық бағдарламасына сұхбат берген Сенат депутаты Мұрат Қадірбек Конституцияның жаңа жобасындағы бір палаталы Құрылтайдың құрылуы, Вице-президент лауазымының енгізілуі және Халық кеңесінің рөлі туралы баяндап берді.
Жаңа конституциялық жобаның басты ерекшелігі – заң шығару функциясын атқаратын кәсіби орган ретінде бір палаталы Құрылтайды құру. 145 депутаттан тұратын бұл орган қазіргі екі палаталы парламенттіңорнын басып, заң шығару процесін жеңілдетпек.
– Құрылтай – заң шығару қызметін жүзеге асыратын 145 депутаттан тұратын кәсіби орган. Бұл реформа заң шығару процесін жеңілдетіп, заман талабына сай қоғамдық қатынастарды реттеуге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жаңа ереже бойынша заңдар үш оқылымда қабылданады. Алғашқы екі оқылымда заңның мазмұнына басымдық берілсе, үшінші оқылымда нормативтік актілердің икемді әрі түсінікті болуы үшін заңдық техникасы пысықталады, – дейді Мұрат Қадірбек.
Депутаттың айтуынша, Құрылтайдың құзыретіне тек заң шығару ғана емес, Президент сайлауын жариялау, референдум тағайындауға бастамашы болу және Премьер-министр мен Конституциялық сот мүшелерін тағайындауға келісім беру секілді стратегиялық мәселелер кіреді.
Мұрат Қадірбектің тағы бір маңызды жаңалық – Вице-президент институтына да тоқталып өтті.
– Жобада Вице-президент деген жаңа ұғым бар. Ол Үкімет пен Құрылтай арасындағы қарым-қатынаста Президенттің атынан өкілдік ететін, сондай-ақ халықаралық аренада Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанның атын танытатын лауазымды тұлға болмақ. Оның кандидатурасын бекіту де Құрылтай депутаттарының көпшілік дауысымен жүзеге асырылады, – деп атап өтті сенатор.
Сонымен қатар, қоғамда Құрылтай мен Халық кеңесінің функцияларына қатысты туындаған сауалдарға да жауап берілді. Депутаттың түсіндіруінше, бұл екі орган бірін-бірі қайталамайды. Құрылтай заң шығарумен айналысса, Халық кеңесі ел бірлігі мен ішкі саясатқа қатысты ұсыныстар дайындайтын ең жоғарғы консультативті орган болмақ.
Мазмұндық тұрғыдан жаңа Конституция 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Онда бұрын-соңды болмаған «жеделдетілген даму қалаларына» қатысты арнайы құқықтық режимдер орнату мәселесі де қарастырылған. Мұндай мәртебе, мәселен, жаңадан бой көтеріп жатқан Алатау қаласына инвестиция тартуды жеделдету үшін берілуі мүмкін.

