«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АЗАМАТТАРДЫҢ ЖЕКЕ ДЕРЕКТЕРІ ҚОРҒАЛАДЫ

Еуропалық экономика, бизнес және құқық жоғары колледжінде жаңа Конституция жобасының артықшылықтары мен маңызын түсіндіру мақсатында жиын өтті. Оған облыстық мәслихат төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Гүлқасима Сүйінтаева, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Гүлмайрам Габдушева, заң саласының ардагері Абдухат Мырзалин және «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин қатысты.

Алдымен Гүлқасима Сүйінтаева референдумға қатысудың мән-мағынасын түсіндірді. Ол жаңа Конституция жобасы ел дамуын айқындайтын басты құжат екенін айтты.

Тұрғындар саяси науқаннан тысқары қалмауға тиіс. Бұл — еліміздің болашағына қатысты тарихи таңдау. Сондықтан 15 наурызда өтетін референдумға саналы түрде қатысу маңызды, — деді ол.
Ал «Ақтөбе Медиа» директоры Раукен Отыншин Конституция жобасындағы жеке өмірге қолсұғылмаушылық, қаржылық деректердің қорғалуы секілді мәселелердің заң жүзінде бекітілуі азаматтардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін баса айтты.

Жаңа Конституция жобасының негізгі ерекшелігі — адам құқығына басымдық берілуінде. Атап айтқанда, адамның құқығы мен бостандықтары жаңа Преамбулада ғана емес, сонымен бірге толықтай Конституцияның маңызды басымдықтары мен мәндік тірегіне айналды. Сіздер — Тәуелсіз елдің ұрпағысыздар. Біздің болашағымыз берік болуы үшін ең алдымен қандай құндылықты сақтауымыз керек? Ол — адамның ар-намысы мен қадір-қасиеті. Әр адамның құрметке лайықтығы, оның жеке пікіріне, сеніміне, таңдауына сыйластықпен қарау, қорлауға, кемсітуге, мазақ етуге жол бермеу. Бүгінгі жас — ертеңгі ел тірегі. Егер біз әр адамның намысы мен қадірін қорғай білсек, онда Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз. Адамның намысы — оның ішкі рухы. Қадір-қасиеті тапталған қоғамда әділет болмайды. Құрмет жоғалған жерде — бірлік әлсірейді. Біз еліміздің дамуы үшін жаңа Конституцияны бірауыздан қолдаймыз, — деді ол.

Кездесу барысында колледж білім алушылары шара қонақтарына сұрағын қойып, маңызды құжат туралы ойымен бөлісті. Өз кезегінде заң саласының ардагері Абдухат Мырзалин Ата Заңның ерекшелігі жайлы жастарды құлағдар етті.

— Жаңа Конституция жобасында тұрғын үйге қол сұғуға болмайтыны айтылған. Яғни сот шешімінсіз ешкімді тұрғын үйінен айыра алмайды. Сондай-ақ жобаның басты басымдықтарының бірі — азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қорғауды күшейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әділетті қоғам құру. Елдігімізді айқындайтын құжатта жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және азаматтық қоғам институттарының рөлін күшейту мәселелеріне де мән берілген, — деді заңгер.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Ұқсас ақпараттар

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНА КЕЛДІ

admin_mugalzhar

АУҚЫМДЫ МӘСЕЛЕЛЕР БАСЫНДА — БИЛЕР АЛҚАСЫ

admin_mugalzhar

Өңірлік коалиция құрылды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.