«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАҢА ӨЗГЕРІСТЕР — ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН

«Smart Bilim» мектеп-гимназиясында жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында кездесу ұйымдастырылды.
Жиында республикалық референдумның маңызы мен мақсаты, стратегиялық басым бағыттары, жаңа Конституция жобасындағы еңбек адамдарының құқығы, цифрлық деректерді қорғау туралы айтылды.
— Ірі реформаларды референдум арқылы талқылау — қоғам пікірін ескерудің бір жолы. Жаңа Конституция жобасында заман талабына сай көптеген өзгеріс қарастырылған. Қазіргі Ата Заң 1995 жылы қабылданған. Ол кезде елдегі жағдай да, технология да мүлде басқа болды. Интернет кең тарамаған еді. Халықаралық байланыс та бүгінгідей қарқынды емес болатын. Сондықтан бүгінгі қоғам талаптарына сай Конституцияны күшейту қажет болды. Жаңа жобада адами капиталды дамыту мәселесіне ерекше назар аударылған. Бұл бағытта ұстаздардың рөлі маңызды. Құжатта білім беру процесінің сапасын арттыру және орта білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету міндеті көрсетілген. Сондай-ақ әлеуметтік мәселелерге де басымдық берілген. Негізгі мақсат — әрбір қазақстандықтың алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасау. Жаңа Конституция жобасында цифрлық қауіпсіздік мәселесі де қамтылған. Цифрлық кеңістікте азаматтардың жеке мәліметін қорғау күшейтіледі. Ресми дерекке сәйкес қазақстандықтар жыл сайын алаяқтардың кесірінен шамамен 200 миллиард теңгеге дейін шығынға ұшырайды. Бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін. Сондықтан жаңа Конституцияда цифрлық деректерді қорғау тетіктері бар, — деді Парламент Мәжілісінің депутаты Айтуар Қошмамбетов.
Облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева соңғы жылдары мемлекет тарапынан ұстаздарға ерекше көңіл бөлінгенін айтты.
— Жаңа Конституция жобасындағы басты қағидат — мемлекет адамның мүддесіне қызмет етуге тиіс. Яғни адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін жұмыс істеуі қажет. Құжатта еңбек адамының қоғамдағы орны айрықша екені атап өтіліп, еңбек құқығын қорғауға ерекше назар аударылған. Сонымен қатар әлеуметтік қорғау мәселелері де қамтылған. Мәселен, азамат ипотека рәсімдеп, кейін жұмысынан айырылып, төлем жасауға уақытша мүмкіндігі болмай қалған жағдайда банк оның баспанасын бірден тартып ала алмайды. Мұндай мәселелер соттың шешімі арқылы ғана қаралады, — деді Гүлқасима Сүйінтаева. Ол бұл өзгерістердің барлығы азаматтардың құқығын қорғауды күшейтіп, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Жиында «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин жаңа Конституция жобасында адам капиталына ерекше назар аударылғанын айтты.
— Құжатта азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қорғауға бағытталған 30 бап бар. Бұл — ең үлкен бөлімнің бірі. Сондықтан өзгерістерге байыппен қарап, оның мазмұнын терең түсінуіміз қажет. Әр азамат бұл бастамалардың мәнін жан-жақты зерделеп, ел дамуына әсерін бағамдауға тиіс. Бұл — қоғамның ортақ жауапкершілігі, — деді Раукен Отыншин.
Жиында қалалық қоғамдық кеңес мүшелері Естай Жайлыбай, Дамир Көпжасаров, Дана Бекбауова жаңа Конституция жобасының маңызды тұстарына тоқталды. Жиналған ұстаздарды алдағы референдумға қатысып, азаматтық ұстанымдарын білдіріп, дауыс беруге шақырды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Ұқсас ақпараттар

МҰҒАЛЖАРЛЫҚ МЕЙРАМБЕК ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫНА ҚАТЫСУДА

admin_mugalzhar

Елімізде әскери қызметке запастағы офицерлер шақырылады

admin_mugalzhar

АҚЫЛАЙЫМ «САЗЫМЕН ӨРІЛГЕН ӨНЕР» АТАЛЫМЫНА ИЕ БОЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.