Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен Қобда ауданына келіп, жергілікті тұрғындармен кездесті. Сапар барысында елдегі қоғамдық-саяси өзгерістер мен алдағы республикалық референдум сөз болды.
Алдымен Қобда ауылындағы Мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесу өтті. Басқосуға ауыл ақсақалдары, қоғам белсенділері, жастар және түрлі сала өкілдері қатысты.
Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан ашып, елімізде жүргізіліп жатқан Конституциялық реформаның маңыздылығына тоқталды.
— Өздеріңізге мәлім, еліміз Конституциялық реформаны жүзеге асырудың соңғы кезеңіне аяқ басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Ата Заңды қабылдау бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл референдумды кезекті саяси науқан ретінде емес, ел болашағының құқықтық негізін айқындайтын маңызды тарихи қадам ретінде қабылдауымыз қажет, — деді ол.
Сондай-ақ ол жаңа Конституция қоғам сұранысынан туындаған маңызды құжат екенін атап өтіп, алдағы референдум ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатынын жеткізді. Кездесу барысында сөз кезегін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевқа ұсынды.
Өз кезегінде Мәлік Отарбаев жиналған қауымға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізіп, елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформалар туралы айтты.
— Бүгін сапарымды арнайы Қобда ауданынан бастап отырмын. Бұл өңір — батырлар мекені. Қазақстанда екі жүзге жуық аудан бар. Солардың біразын аралап, халықпен кездесіп жүрмін. Әр өңірде тұрғындар өз ой-пікірін айтып, ұсыныстарын жеткізеді. Осындай кездесулер қоғамдағы сұранысты анықтауға мүмкіндік береді, — деді ол.
Сонымен қатар ол заң мен қоғамның өзара байланысына тоқталып өтті.
— Қазақта «заман басқа — заң басқа» деген сөз бар. Қоғам өзгерген сайын заң да заман талабына сай жаңарып отыруы заңдылық. Сондықтан бүгінгі Конституциялық реформа да қоғам сұранысынан туындап отыр, — деді Президент кеңесшісі.
Кездесу барысында ол қазақ ойшылдарының заң мен елдік дәстүр туралы айтқан ойларын да еске салды.
— Шәкәрім Құдайбердіұлы «Заң мен елдік дәстүрді тең ұстау – қазақтың қазылған қара жолы» деп айтқан. Ал ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Заң шығарушылар халықтың қағидалы қалпын, салтын, мінезін білуі шарт» деген. Бүгінгі жаңа Конституция осы ұлттық құндылықтарды, қоғамның болмысын ескере отырып дайындалған, — деді ол.
Сондай-ақ Президент кеңесшісі жаңа Ата заңның мемлекеттік тілде әзірленуіне ерекше тоқталды.
— Бүгінгі Ата заңымыз таза ұлттық болмысты қамтып отыр. Өйткені заңның барлығы мемлекеттік тіл – қазақ тілінде жазылуында. 1995 жылы қабылданған Конституцияда бар болғаны үш бап қана қазақ тілінде дайындалған еді, ал қалғандарының барлығы орыс тілінен аударылған мәтін болатын. Сондықтан жаңа Ата заң жобасы тек жоғары заңнамалық құжат қана емес, ол – ел тарихымен тамырлас, қоғам парасатымен сабақтас жауапкершілік жүгі деп білеміз. Бұл құжат ұлттың жоғын жоқтап, ұмыт қалған құндылықтарды қайта күн тәртібіне қоятын болады, — деді Мәлік Отарбаев.
Одан кейін сөз кезегін ауыл тұрғындары алды. Аудан тұрғыны, қоғам белсендісі Алпамыс Еспағанбетов ел бірлігі мен тұрақтылығының маңызын атап өтті.
— Төрткүл дүние төрінде еліміздің терезесі тең болса деп тілейміз. Барша жұртты саяси науқанға белсенді қатысуға шақырамын. Осындай маңызды мәселелерді түсіндіру үшін арнайы келіп отырған Мәлік Нұржанұлына алғысымыз шексіз, — деді ол.
Сонымен қатар музей меңгерушісі, өлкетанушы Гүлбаршын Ерғалиева ұлттық құндылықтарды сақтау мен қоғамдағы бірліктің маңызын атап өтті. Белсенді жас Айдын Маратұлы жастардың ел болашағына жауапкершілікпен қарап, мемлекет дамуына үлес қосуы керектігін айтты.
Жұмыс сапары барысында Президент кеңесшісі Қобда ауданына қарасты Талдысай ауылына да барып, ауыл тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесті. Басқосуда заңдағы жергілікті басқару, өңірлік даму және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі баптар сөз болды. Кездесу қатысушылары табиғатты сақтау, қоршаған ортаға қамқорлық жасау мәселелеріне ерекше мән берді.
Кездесу соңында қатысушылар әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құру жолындағы реформаларға қолдау білдіріп, мұндай ашық диалог алаңдарының халық пен билік арасындағы байланысты нығайта түсетінін атап өтті.
Айдана АЛТЫБАЕВА,
Қобда ауданы.

