«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АУЫЛДА КӘСІБІН ДӨҢГЕЛЕТКЕН АЙЫМГҮЛ

Ақкемерлік Айымгүл ЖОЛЫМБЕТОВА ауылда наубайхана болмағандықтан, жеке кәсібін ашуға бел буды. «Бизнес-бастау» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлікті меңгеріп, мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант иегері атанды. Бүгінде ол осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, тез дайындалатын тағам түрлерін жасап, ауыл тұрғындарының сұранысын өтеп қана қоймай, отбасының несібесін осы кәсіптен көріп отыр.

Бастапқыда мемлекеттен алған қаржының шашауын шығармай, нан пісіруге қажетті құрал жабдықтар алып, күн сайын нан жауып, ауыл тұрғындарын ыстық нанмен қамтамасыз етті. Кейін фастфуд өнімдерінің ауылда үлкен сұранысқа ие екенін байқап, тез дайындалатын тағам жасауды қолға алды.

-Қазіргі өмір қарқыны әркімді уақыт үнемдеуге мәжбүрлейді. Осыны ескеріп, мен ауыл тұрғындарына сапалы, тез дайын болатын, дәмді тағамдарды, яғни хотдог, гамбургер, бәліштерді ұсындым. Бәрі бірден жақсы болды деп айта алмаймын. Бастапқыда өнімді дұрыс таңдамау нәтижесінде кейде нан сапасы төмен болып, кейбір тұтынушыларымның көңілін қалдырдым. Бұл мен үшін үлкен сабақ болды. Бизнесте әр деталь маңызды екенін, сапа мен тазалық бірінші орында болу керектігін терең түсіндім. Осыдан кейін барлық процестерді жүйелі, жоспарлы жүргізуді үйрендім, – деді Айымгүл Сүндетқалиқызы.

Ол бала кезінен ата-анасының өзін еңбекқорлыққа баулып өсіргенін айтады. Тіпті дастарқандағы дәмді тағамдарды бағалауды да үйренген. Бұл қасиеттер оның қазіргі кәсібін дамытуда үлкен көмек болды. Ал кәсіп бастауына өмірлік жолдасы Қадыржан үлкен қолдау көрсеткен.

Әрине, басында оның көңілі күпті болып, уайымдады. Бірақ менің айқын мақсатымды көріп, қолдап, әрдайым мотивация берді. Қазіргі таңда мен оларды өз отбасымды ең сенімді серіктестерім десем болады. Біздің алты баламыз бар, көпбалалы отбасымыз. Төрт қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған «Күміс алқа» иегерімін. Отбасыма адал қызмет етуді және балаларымды еңбексүйгіштікке тәрбиелеуді өмірлік миссиям деп білемін, – деді кәсіпкер-ана.

Ол ауылдағы бизнес қалаға қарағанда ерекше екенін айтады.

Тұтынушылар саны аз, бірақ әр тұтынушының пікірі маңызды. Кәсіпте сенім мен жылы қатынас басты рөл атқаратынын жақсы түсінемін. Сондықтан ауылдастарының көңіл табуына үлкен жауапкершілікпен қараймын. Ауыл тұрғындары көбіне дәстүрлі дәмді жақсы көреді, алайда жастар арасында фастфуд өнім-дері үлкен сұранысқа ие. Сондықтан мәзірге дәстүрлі нанмен қатар, жаңа заманғы фастфуд өнімдерін түрлендіріп қосамын. Тұтынушыларды тарту үшін сапа мен тазалыққа ерекше көңіл бөлемін. Сондай-ақ заман талабына сай әлеуметтік желілерге салып, жарнама жасап, кәсібімді дамытып отырмын. Күн тәртібімді мұқият жоспарлап, таңертең, түсте кәсіпке көңіл бөлсем, кешкілік отбасыма қымбат уақытымды арнаймын. Ұқыптылық пен жоспарлылық – жетістікке жетудегі басты кілтім, – деді мақсаты айқын кәсіпкер Айымгүл.

Мақсаты айқын, қадамы нық Айымгүл Жолымбетова болашақта кәсібінкеңейтіп, жаңатағамтүрлерін қосып, округтегі көрші ауылдарға да жеткізу қызметін көрсетуді жоспарлап отыр.

Ұқсас ақпараттар

ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі жаңа Конституция жобасын бірауыздан қолдады

admin_mugalzhar

Қазақстанда 5G байланысын енгізу қашан аяқталады?

admin_mugalzhar

Мемлекет басшысы «Орталық Азия — Жапония» диалогының бірінші саммитіне қатысуға келді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.