Мемлекеттік қызметке келу – кейіпкеріміз үшін кездейсоқ таңдау емес, ішкі азаматтық ұстанымнан туған саналы шешім. Ол Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округ әкімі Лаззат БЕРДІБАЕВА. Еңбек жолы әр саладан бастап, тәжірибе арқылы шыңдалған басшы.
Еңбек жолын небәрі 18 жасында «Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» мемлекеттік мекемесінде полиция қызметкері болып бастаған. Бес жылға жуық Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында қызмет атқарып, тәртіп пен жауапкершіліктің, батыл әрі нақты шешім қабылдаудың маңызын терең түсінгенін айтады. Бұл кезең оның мінезін шыңдап, басқарушылық қабілетінің негізін қалаған.
—Ішкі істер органдарындағы қызмет мені тәртіпке, төзімділікке үйретті. Әр шешімнің артында адам тағдыры тұрғанын сол кезде терең түсіндім. Бұл қызмет мінезімді шыңдап, жауапкершілікті сезінуге баулыды, — дейді ол.
Кейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауыл мектебіне барып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Ұстаздық қызметоның өмірінде ерекше орын алады. Одан соң Қандыағаш қаласындағы №2 орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Бұл кезеңде жасөспірімдермен, әсіресе «қиын балалармен» жүйелі жұмыс жүргізді. Тіл саласында да еңбек етіп, Ақтөбе облыстық тілдерді оқыту орталығы мекемесінде қызмет атқарды. Ал әкімболып сайланғанға дейін Жастар ресурстық орталығын басқарды. Жастармен жұмыс оны қоғамның болашағына жауапкершілікпен қарауға үйретті.
—Осы күнге дейін атқарған әрбір қызметім қазіргі әкімдік жұмысымда үлкен көмегін тигізіп жатыр деп нық сеніммен айта аламын. Полиция саласы маған тәртіппен жауапкершілікті үйретті. Ұстаздық қызмет адамдармен тіл табысуды, сабыр сақтауды қалыптастырды. Мектептегі тәрбие ісі бойынша жұмыс жасөспірімдердің психологиясын терең түсінуге жол ашты. Ал тіл саласы мен жастармен жұмыс қоғаммен ашық әрі жүйелі жұмыс істеугемашықтандырды. Әкімдік – тек құжатқа қол қою емес, ол – адамдар тағдырына әсер ететін шешім қабылдау. Бұрынғы тәжірибелерім әр мәселені жан-жақты саралауға, халықпен ортақ тіл табуға, қиын жағдайда дұрыс бағыт таңдауға көмектеседі. Сондықтан өткен жолым – бүгінгі қызметімнің берік іргетасы деп білемін, — дейді ол.
Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округі – бүгінде жүйелі даму жолына түскен елді мекендердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар ауылдық округ әкімі Лаззат Бердібаеваның тікелей бақылауында. Инфрақұрылымды жақсарту, тұрғындардың өмір сапасын арттыру, әлеуметтік нысандарды жаңғырту – күн тәртібінен түскен емес.Әкімнің айтуынша, қазіргіжұмыстың барлығы нақты жоспар мен тұрғындардың сұранысына негізделген. — Біздің басты мақсатымыз – ауыл тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру. Әрбір жоба халықтың күнделікті өміріне оң әсер етуі тиіс. Сондықтан инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз, — дейді Лаззат Бердібаева.
Соңғы жылдары Жаңатұрмыс ауылына көпір салынуы – округ үшін стратегиялық маңызы бар шешім болды. Көктемгі су тасқыны кезінде қатынас үзіліп қалатын мәселе осылайша өз шешімін тапқан.
— Көпір – жай ғана құрылыс нысаны емес. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрақты қатынасының кепілі. Бұрын көктем сайын алаңдаушылық болатын. Қазір халық еркін қатынай алады, — дейді әкім келіншек. Сонымен қатар Жаңатұрмыс ауылына байланыс мұнарасы орнатылып, тұрғындар ұялы байланыспен қамтылған. Бұл – цифрлық қолжетімділікті арттырудағы маңызды қадам. Қаракөл ауылында да бірқатар нақты жұмыстар атқарылған. Көшелер жарықтандырылып, 40 бағаналы жарық шамдары орнатылған. Балаларға арналған заманауи ойын алаңы мен воркаут алаңы салынған. Орта мектеп пен мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткен.
— Ауылдың дамуы тек жол немесе ғимарат салумен шектелмейді. Біз адамдардың өмір сапасын жақсартуды көздейміз. Жарық, қауіпсіздік, балаларға жағдай жасау – бұның барлығы ауыл тұрғындарының жайлы өмір сүруіне бағытталған, — дейді Лаззат Бердібаева.
Қазіргі таңда округ ауызсумен, табиғи газбен, интернет және байланыс желісімен қамтылған. Дегенмен тұрғындар тарапынан жол сапасы мен жер мәселелері жиі көтеріледі. Әкім бұл сұрақтардың кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті. Әкімдік қызметтің негізгі қағидасы – ашықтық пен әділдік. Тұрғындармен тұрақты кездесу өткізу, ұсыныс-пікірлерді тыңдау – жұмыстың ажырамас бөлігі.
— Әкім болу – мәртебе емес, үлкен жауапкершілік. Халық сенімі – ең бастысы. Сол сенімді ақтау үшін күнделікті еңбек ету қажет, — дейді әкім әйел. Әкім қызметімен қатар отбасының да жауапкершілігін қатар алып жүр. Сондай-ақ өзі тоғыз ағайынды болып өскен. — Әкім болғаныммен, ең алдымен мен – анамын. Отбасы – менің күш-қуатымның қайнар көзі. Жолдасым мен балаларымның қолдауы маған үлкен демеу. Ал көпбалалы отбасында тәрбиелену үлкен мектеп. Бірлікке, сыйластыққа, жауапкершілікке үйретеді. Ата-анамның берген тәрбиесі – менің өмірлік бағдарым, — деп аяқтады сөзін кейіпкеріміз.

